Алматыда Баума тоғайында үстіне ағаш құлап, жансақтау бөліміне түскен 19 жастағы қыз туралы жаңа деректер айтылды. Қыз ауыр бас-ми жарақатын алған, аяқ пен жамбас сүйектері сынып, бауыры зақымданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «NewTimes.kz» порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір 19 жастағы Селина Әбитова Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханада бір аптадан бері комада жатыр. Оған үлкен ағаш күшті соққымен құлаған. Дәрігерлер миға түсетін қысымды азайтып, одан да ауыр салдардың алдын алу үшін бас сүйегінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған.
“Бас сүйегінің бір бөлігін алып тастауға тура келді”
Селинаның үлкен әпкесі Ясминаның айтуынша, сол сенбі күні қыз анасы, үш кіші сіңлісімен бірге Алматыдағы Баума тоғайында серуендеп жүрген. Кейін бірнеше минутқа Селина отбасынан алыстап кеткен. Сосын, қыз отбасына қайтып оралып келе жатқанда анасы мен үш кішкентай сіңлісінің көз алдында оның үстіне кенеттен үлкен ағаш құлаған.
«Барлығы бір секундта болды. Анам ағаштың құлап жатқанын көрді, Селина тек басын еңкейтіп үлгерген. Содан кейін үлкен шаң көтерілді. Анам бірден жүгіріп барды. Бірақ ағаш әпкемнің үстінде жатыр еді. Бұл шамамен сағат үштерде болды. Өйткені 15:10-да 11 жастағы сіңлім маған қоңырау шалып, “Жедел жәрдем шақыршы, өтінемін!” деп айқайлады. Жедел жәрдем шамамен 10 минутта келді. Соққыдан кейін Селина бірден есінен танып, қайта есін жимады», — деді Ясмин.
Әпкесінің айтуынша, қыз бас жарақатымен қатар аяқ пен жамбас сүйектерінің ашық сынығын алған. Бауыры да қатты зақымданған. Қазір оның жағдайы өте ауыр. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлердің болжамы бойынша, ми ісіну қаупі сақталып отыр.
«Алғашқы алты күн бойы дәрігерлер ешқандай болжам берген жоқ. Кеше қысым мен гемоглобинді тұрақтандыру мүмкін болды. Оған қан құйылды. Сондай-ақ жағдайын қолдап тұрған дәрілердің дозасын біртіндеп азайта бастады. Операция кезінде бас сүйегінің бір бөлігін алып тастауға тура келді. Себебі зақым өте ауыр болды. Мұны қауіпті ішкі қысымның алдын алу үшін жасады. Қазір, біздің түсінуімізше, ісіну жоқ, бірақ дәрігерлер дәл осы ісінуден және жаңа гематомалардың пайда болуынан қатты қорқады», – деп қосты әпкесі.
“Ағаш жел мен жаңбырдан құламады”
Селинаның отбасы Қызылордадан. Алайда оның өзі соңғы бес жыл бойы Алматыда тұрған. Жақында маркетинг мамандығы бойынша колледжді тәмамдап, сату менеджері болып жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар Мәскеу университетінің психология факультетінде қашықтан білім алып жүрген.
Қайғылы оқиға қатты дауыл салдарынан болмаған. Селинаның жақсындары ағаштың дауыл мен жаңбыр басталар алдын ауа райы тұрақты кезде құлағанын алға тартты.
«Оқиға болған сәтте күн ашық болды, жел де болмады, анам жақсы біледі. Олар Селинаны күтіп отырған, ешқандай қолайсыз ауа райы болмаған. Көп адамдар “қатты жел туралы ескерту болған” деп жазады. Бірақ мен ресми хабарламаларды тексердім, тек қатты ыстық туралы ескертілген. Дауыл туралы ескерту болмады. Бұл ақпарат бұрмаланбауы біз үшін өте маңызды. Жаңбыр мен жел сол күні болған, бірақ олар ағаш құлағаннан шамамен 10–15 минуттан кейін басталды», — деп қосты ол.
Ясминнің айтуынша, отбасы адвокат жалдап, мемлекеттік органдарға ресми сауалдар жолдаған. Заңгердің алдын ала бағалауынша, оқиғаға жауапкершілік әкімдікке немесе тоғайдың күтіміне жауапты ұйымға жүктелуі мүмкін. Құлаған ағаш сараптамаға жіберіліп, қорытындысы 7–10 күнде белгілі болады.
Алматы әкімдігі оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Баума тоғайында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту белгілері орнатылған. Сондай-ақ биыл 2 мың қураған, ауру және апатты ағашты санитарлық кесуге рұқсат берілген.
“Мердігер ұйым әзірге мыңға жуық қауіпті ағашты, соның ішінде балалар және спорт алаңдарының маңындағы ағаштарды алып тастады. Қалған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. 1877 жылы құрылған Баума тоғайындағы ағаштардың 70%-дан астамы табиғи қартаю кезеңіне жеткен. Сондықтан сырттай сау көрінетін ағаштардың да құлау қаупі бар. Осыған байланысты жасыл желектер тұрақты түрде тексеріліп, апатты ағаштар кезең-кезеңімен санитарлық жолмен жойылып жатыр”, – деді ведомство.
Ясминнің айтуынша, Баума тоғайында ғана емес, қала бойынша да қураған әрі қауіпті ағаштар көп. Оның сөзінше, мұндай ағаштар адамдар мен көліктерге қауіп төндіріп келеді. Сондықтан отбасы жауапты органдар бұл мәселеге назар аударып, осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуі керек деп есептейді.
«Ағаштарға дұрыс күтім жасалмайды. Көбіне тек сыртынан көрінетінін ғана реттейді: бұтақтарын кесіп, сырттай әдемі қылады, бірақ ішкі жағы құрғақ, апаттық күйінде қалады. Кеше біз қайтадан тоғайға бардық, онда әлі де өте көп құрғақ ағаш бар екенін көрдік. Адамдар балаларымен, арбамен серуендеп жүр. Егер мұндай ағаш кішкентай баланың үстіне құласа, аман қалу мүмкіндігі өте аз болады. Біз осы қайғылы оқиғадан кейін ең болмаса қауіпті ағаштарды алып таса бастаса екен дейміз. Барлығын түгел кесіп тастау міндетті емес, бірақ құрғақ және апаттық ағаштар міндетті түрде алынуы керек. Біз тек бір нәрсені қалаймыз — енді ешкім мұндай жағдайға тап болмаса екен», – дейді Ясмин.
Еске салайық, Алматыда 18 жастағы қыздың үстіне ағаш құлап, ауыр халде жансақтау бөліміне түскені туралы хабарлаған едік. Алматы облысында ағаш құлап, көліктерді де басып қалған еді.






