Баспасөздің болашағы талқыланған басқосу

415

0

Цифрлық технологиялар қарыштап дамыған жаңа заман жағдайында баспасөздің рөлі қандай, болашағы нендей болмақ? Өңірлік газет-журналдардың жағдайын қалай жақсартамыз? Баспасөз көне мен келешектің мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыра ала ма?

Осы және өзге де өзекті мәселелер 25-26 қаңтарда өткен Өңірлік мерзімді басылымдар форумында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сенатор Нұртөре Жүсіп, Президент жанындағы «Орта­лық коммуникациялар қызметінің» директоры Асқар Омаров және басқа да белгілі медиамамандар қатысты.

Бірінші баспасөз форумы

Бүгінде ел бойынша 5 мыңнан аса БАҚ тіркелген. Оның 70 пайызы – мерзімді басылымдар. Әр өңірден келген өңірлік БАҚ өкілдерінің басын қосқан жиын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Айтып өту керек, бұл – еліміздегі баспа БАҚ-қа арналып өткізіліп отырған алғашқы ауқымды форум. Форумға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысты. Тақырыбы өңірлік басылымдарға қатысты болғанымен, екі күндік жиында көтерілген мәселелер – барлық баспа БАҚ-қа ортақ түйткіл.

Екі күн бойы түрлі сессиялар, мастер-кластар, тағылымды талқылар ұйымдастырылды.

Нақты айтар болсақ, өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру секілді 7 панельдік сессияда маңызды мәселелер талқыланды.

«Мәселелерді атқарушы билікпен бірлесе шешу қажет»

Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов өңірлік БАҚ мәселелерін жақсарту үшін жауапты министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек екенін айтты. Ол министрлікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

– Баспасөз басылымдар тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші негізгі ақпарат құралы болып отырғаны сөзсіз. Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген даналық әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде баспасөз басылымдарын жыл санап көбейіп келе жатқаның айтуымызға болады.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясаты, жастар саясатын, азаматық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік БАҚ мәселелері, атап айтқанда, оқырмандар саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Сол үшін еліміздегі БАҚ өкілдерінің кәсіпқойлығы мен сапасын одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Халықты арзан дүниелермен емес, пайдалы ақпаратпен сусындатып, рухани, мәдени, танымдық, ұлттық құндылықтармен байыта білгеніміз абзал, – деді Алтай Көлгінов.

«Интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз»

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қарастырылып жатқанын айтты. Министр еліміздегі БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдету көзделіп отырғанын жеткізді.

– Өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі. Сайттары жоқ кейбір аудандық газеттердің сайттарын жасап беруге біз қолдау көрсетеміз. Өңірлік газет-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құрылған «Қазақ газеттерінде» және Қазконтентте тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы баспа басылымдарының өкілдері Egemen Qzaqstan және «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.

Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз, – деді министр.

Одан бөлек, Дархан Қыдырәлі журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдау көзделіп отырғанын айтты. Қазір ол жұртшылық талқылауына шығарылған.

– Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз. Сонымен бірге ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленуде. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Екіншіден, Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ, Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік, – деді Дархан Қуандықұлы.

Сонымен қатар ол журналистердің тәжірибе алмасып, білігін көтеруге бағытталатын шаралар жалғасын табатынын айтты.

– Басылымдардың келбетін қалыптастыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Өздеріңізге белгілі, Орталық Азия медиа форумына келген Пулитцер сыйлығының иегері, фотожурналист Лиу Шин журналистерге мастер-класс өткізді. Әйгілі фотографпен бірлескен жоба талқылануда.

Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі, – деді министр.

Сонымен қатар шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек екені айтылды. Бұл буын алмасуы, дәстүр сабақтастығын сәтімен жалғауға негіз болмақ.

Одан бөлек, онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң әзірленіп жатқаны да мәлім болды. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орайда басылымдарымыздың жарнама берушілермен жұмысты жүйелеуге баса мән беруі керек екені де ескертілді.

– Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Дархан Қыдырәлі.

Жиынға «Қазпошта» өкілдері де қатысты, форум қатысушылары өздерін мазалаған маңызды сауалдарға жауап алуына мүмкіндік туды.

– Газет – тілдің өрісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген жаңа терминдердің орнығуында газет журналистерінің еңбегі орасан. Газет тіл құнарлығын сақтап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз. Өйткені сапалы да салмақты дүниелер әрдайым оқырман талғамына, уақыт талабына жауап берері анық, – деді министр қорытындылай келе.

Жаңа заман және баспасөз

Ақпарат министрлігінің ақпараттық даму комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов іс-шараның басты мақсаты – заманауи медиа саласы бойынша оңтайлы тәсілдер қарастырып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасу, оған қоса мерзімді баспасөз саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікірталас алаңын ұйымдастыру екенін нақтылады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында бүгінде БАҚ бәсекеге қабілетті әрі еркін болуы керек екенін атап өтті. Бұл қағидат кез келген өркениетті мемлекет үшін маңызды болып қала бермек, – деді Қанат Ысқақов. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы медианы одан әрі дамыту үшін министрлік жыл сайын өткізіп отыратын «Тұмар» мен Astana Media Week іс-шараларында өңірлік БАҚ саласына қатысты мәселелер қозғалатынын атап өтті.

«Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ» тақырыбында өрбіген бірінші панельдік отырыста қазіргі заманғы баспасөздің ахуалы, жаңа заманға бейімдеу сияқты мәселелер талданды. Тақырыпты «Қазақ газеттерінің» Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ талқылап, өз баяндамаларын жасады. Баяндама соңы пікірталасқа ұласып, спикерлер сұрақ-жауап алмасты. Нәтижесінде, өңірлік газеттерге жаңғыру, жаңашылдық қажет деген қорытындыға келді. Яғни, баспа БАҚ жаңашылдыққа, әлеуметтік желілерге бейімделіп, мүмкіндіктерді пайдалануы керек екені айтылды.

«Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев газеттер әлі де бәсекеге қабілетті екенін, қажетті менеджменттің тетіктерін білу арқылы оқырман санын әлдеқайда көбейтуге болатынын айтты.

– Кез келген газетке жарнама берген тұтынушы ең алдымен сол газеттің сапасы мен санына мән береді. Әлеуметтік желідегі парақшалар қаншалықты жылдам болса да газеттердегідей ақпаратты жан-жақты толыққанды бере алмайды. Сол себепті газет пен сайттың ұжымы бөлек. Олар бір-біріне бағынбайды, сондықтан да олар дербес.

Сонымен қатар заман көшіне ілесу қажет. Мысалы, біз TikTok пен YouTube әлеміне өзіміз еніп, кеңінен пайдалануымыз керек. Басқа жол жоқ. Аудитория біздің соңымыздан емес, біз аудиторияның соңынан жүруіміз керек, – деді «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев.

Ал М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан шетел тәжірибесіне сүйеніп, әлем бойынша баспасөздің ахуалы туралы сөз қозғады. Спикерлерге өңірлерден келген қатысушылар түрлі сұрақ қойып, пікір алмасты.

Форумның екінші күні де түрлі тақырыпта талқылаулар өтті. Талқылау соңында министр Дархан Қыдырәлі бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Қорытындылай келе, баспасөз форумы дәстүрлі жиынға айналатыны айтылды. Осылайша, басқосу баспа құралдарының дамуына жаңа серпін беріп, баспасөздің мәртебесін биіктете түсуге ықпал етеді деген деген үміт бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<