Бақытын туған жерден іздеген адам міндетті түрде табады

272

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. 
 Артур Мағзомов,
 «Еуразия» арнасының редак­торы:

– Әріптесімнің сұрағын жалғастырғым келеді. Елбасының өкілеттілігіңізді ұзартуын қалай қабыл­дадыңыз? Мемлекеттік қызметтен шаршаған жоқсыз ба? Екінші сұрақ, Астананың 20 жылдығына арналған Қызылорда облысының тартуы бюджет есебінен салынып жатыр ма, әлде шығынды кәсіпкерлер көтеріп жатыр ма?

Жауап:

– Туған Отаныңа, еліңе қызмет ету, Тәуелсіз елдің негізін қалаған Елбасының командасында жұмыс істеуден артық бақыт бола ма? Қытайларда ұлы өзгерістер дәуірінде өмір сүру туралы сөз бар ғой. Мен керісінше, ұлы өзгерістер кезеңінде туу керек деп ойлаймын. Бірінші тұлғалардың, бастамашылардың қасын­да болу – бақыт. Елбасы бағалап, одан әрі жауапты тапсырма жүктеп отырса, туған еліңе қызмет етуден артық құрмет жоқ. Менің атам Көшербай соғыс кезінде Аралдың атақты жылқышысы, Социалистік Еңбек ері болған. Әкем Елеу Қызылорда облысының 5 ауданын басқарған кісі. Ата-бабамыздан бері елге қызмет ету – біздің әулетіміздің дәстүрі. Ұрпақты да солай тәрбиелеп жатырмыз. Оларға шенеунік болу міндет емес, қай салада қызмет атқарсаң да, еліңе адал бол деп айтамыз.  Бақытын туған жерден іздеген адам міндетті түрде табады.
Мен   облыстық мәслихат депутат­тарымен ақылдастым. Астананың 20 жылдығына сыйланатын нысанды де­меу­шілер көмегімен салуға әбден болады. Бірақ, бұл Елорда көркіне об­лыс атынан қосылатын үлес емес пе? Мәселен, 2013 жылы облыс бюджеті 100 млрд теңгеден сәл асатын болса, қазір 300 млрд теңгеге жақындады. Мұның бәрі Елбасының қолдауымен мүмкін болып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаң жыл­дарында Елбасы үстелінде екі Жар­лықтың жобасы жатты. Біріншісі – болашағы жоқ аймақ ретінде Қызылорда облысын тарату, екіншісі – Арал аймағының халқын көшіру. Өйткені, түйінді мәселенің шешімі табылмады. Инфляция шарықтап тұрды. Осындай жағдайда Елбасы киелі, қасиетті жерді, Алаштың анасын қолдауымыз керек деп шешім қабылдады. Аралды түгелдей сақтап қалу мүмкін болмағандықтан, ең болмаса,  Солтүстік Аралды сақтап қалу үшін Дүниежүзілік Банктен займ алып үлкен жобаны іске асырды. Қазір Аралдың қайта түлеуін тек қана Елбасы есімімен байланыстырамыз. Әлемде  өлген теңіздің тірілуіне қатысты мұндай мысалды таба алмайсыз. Астананың 20 жылдығына арналған сыйымыз – Сыр елі, Арал маңы  халқының  Елбасыға ризашылығының бір көрінісі. Ашық аспан астындағы зымыран ғарыштық техникалар музейі ерекше нысан болмақ. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайдан қалаға кіре бергенде оң жағыңызда «Нұр Әлем» сферасы,  сол жағыңызда Тұран даңғылы бойында биіктігі 70 метрлік «Союз», «Протон», «Зенит» және «Боран» зымырандары көрініп тұратын болады. «Қазғарыш» агенттігі сол жерде ғарыш музейі мен планетарий салуға жоба жасауда. Ал біз серуендейтін аймағымен, ақпараттық стендтерімен бірге жасақтаймыз. Шілденің 1-і күні жұмыс аяқталады. Бұл нысанға қажетті 1,5 млрд теңге қаржыны кәсіпкерлер де жинап бере алады. Бірақ алғашқы астананың жаңа әрі жас Астанаға арнаған сыйын, Елордамызға деген құрметімізді, Елбасына алғысымызды осылайша білдіргенді жөн деп таптық. Бұл үшін бізді ешкім сынамас деп ойлаймын. Басқа шараларды демеушілер көмегімен жүзеге асырған  дұрыс шығар, ал Астанаға  деген қызылордалықтардың ыстық сәлемі, құрметі, тілеулестігі көрініс тапқан бастаманы әкім ретінде де, сырбойылық азамат ретінде де қолдаймын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<