Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде Үкімет тапсырмаларының орындалуы аясында автокөлік жасау саласын дамыту мәселесі қаралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында нақты міндеттер жүктеп келеді. Осыған сәйкес Үкімет отырысында автокөлік жасау саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылып, өңірлер мен жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілген.
Аудан әкімі өз сөзінде автокөлік жасау – еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын, жоғары технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін және тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыратын стратегиялық маңызды салалардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар ауданымызда автокөлік жасау кәсіпорындары болмағанымен, бұл бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жанама түрде үлес қосу маңызды екеніне тоқталды. Атап айтқанда, инвестициялық әлеуетті арттыру, өнеркәсіп саласына қолайлы жағдай жасау, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа өндіріс орындарының ашылуына ықпал ету – жергілікті атқарушы органдардың басым міндеттерінің бірі екені айтылды.
Күн тәртібінен тыс қосымша төрт мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков ауыл шаруашылығы мақсатындағы мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жай-күйі мен егін науқанының барысы туралы баяндады.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Маратжан Жұмаділ 2026 жылдың қаңтар–маусым айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы жөнінде есеп берді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов Отбасының цифрлық картасының «А» және «В» деңгейлеріндегі отбасыларға жүргізіліп жатқан сауалнама жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кент орталығында атқарылып жатқан абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының орындалу барысы қаралып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






