
«Соңғы қоңырау» салтанаты барлық мектептерде бүгін, яғни, 25 мамыр күні өткізілсе, «Аттестат тапсыру» кештері 12 маусымға белгіленіп отыр. Білім және ғылым министрлігі бекіткен Тұжырымдамаға сәйкес биылғы жылғы мектеп бітіру іс-шарасы «Болашақ – жастардыкі» тақырыбын арқау етеді.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында ҰБТ жылына 4 рет ұйымдастырылады. Яғни, қаңтар, наурыз, тамызда өткізілетін ҰБТ ақылы негізде түсушілерге арналған. Ал, білім грантын алу үшін үміткерлер маусым айында бақтарын сынайды.
2018-2019 оқу жылында облыстағы 261 мектептен 5754 оқушы 11 сыныпты аяқтайды. Оның 4143-і, яғни 72% маусым айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Жалпы бітірушілердің 412-сі «Алтын белгіге», 270-і «Үздік аттестатқа» үміткер. 29 колледжден 5398 студент күндізгі оқу бөлімін аяқтайды. Оның 835-і (15%) ҰБТ-ға қатысады.
Жылдағыдай бітіруші түлектер жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлерде қосымша дайындық курстарынан өтті. Бұл орайда жергілікті бюджеттен 119,3 млн теңге бөлінген. Сол сияқты жалпы орта мектептерде ҰБТ-ға дайындық шаралары үздіксіз жүргізілді. Мәселен, наурыз айында өткізілген сынама тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл 89 болса, сәуірде 92 -ні құрап отыр.
2018 жылғы ҰБТ қорытындысымен облыста орташа балл – 85,8-ді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 балға көтерілді. Соңғы екі жыл қатарынан бітірушілердің 97 % университеттер мен колледждерге түсуін үлкен жетістік деп бағалауымыз керек.
Аймақ басшысының қолдауымен бүгінгі күні Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында 436 түлек білім алуда. Сондай-ақ, биылғы жылы 628 оқушы аталған университеттерге түсуге емтихан тапсырған.
Сәтін салса, биылғы бітірушілердің 4662-сі университеттерге (81%), 1000-ы колледждерге (17%) оқуға түседі деген болжам бар.
Маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны ұйымдастыруға (тасымал, тамақтану, жатын орын) жергілікті бюджеттен 17,5 млн теңге бөлінген. Бұл бағытта аудандарда тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ғазиза ӘБІЛДА.