CAWEP бағдарламасы су мәселесін шешуді көздейді

284

0

Кеше Еуроодақ пен Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы су және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту шараларын қолдауға 7 миллион еуро грант бөлу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады «Егемен Қазақстан» газеті.
Аталған бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі мақсат – Орталық Азия елдеріне білім алмасу, зерттеу жұмыстары, жобалар дайындауда кеңес беру арқылы су және энергетика қауіпсіздігін нығайту саласында қолдау көрсету.
− Орталық Азияда су және энергетика ресурстары бөлінбейтіндіктен, осы ресурстарды бірге реттеу – аймақтың орнықты дамуында, кедейлікті қысқартып, климат өзгерісіне қарсы тұру қабілетін нығайтуда шешуші мәнге ие. Еуроодақ CAWEP-ке үлес қоса отырып, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелерінде елдердің аймақтық диалогы мен өзара байланысын кеңейтуге ықпал етеді. Бұл оларға тұрақты инвестиция мен әлеуметтік-экономикалық дамуға арналған жағдайларды жетілдіруге көмектеседі, – деді Қазақстандағы Еуроодақ делегациясын басқарушы, елші Свен-Олов Карлссон. Оның айтуынша, Орталық Азиядағы экономикалық даму, халық санының өсуі, қалалардың өсу үрдістері мен табиғи апаттарға апарып соғатын климаттың өзгеруі суға деген сұраныстың артуына ықпал етуде. Егер елдер суды пайдалану саласындағы қазіргі саясаты мен тәжірибесін өзгертпесе, су тапшылығы аймақтың экономикалық дамуын бәсеңдетуі мүмкін.
− Климат өзгеріп жатқанда, су ресурстарын ұтымды пайдалану әлемдегі басқа елдермен салыстырғанда Орталық Азия мемлекеттері үшін айтарлықтай дивидендтер әкеле алады. Біздің бағалауымызша, суды пайдаланудың қалыптасқан үлгісі болашақта Орталық Азияның экономикалық дамуына шешуші ықпал етеді, – деді Орталық Азиядағы Дүниежүзілік банктің аймақтық директоры Лилия Бурунчук.
Айта кетерлігі, су ресурстарын басқару саласындағы тиімді стратегиялар мен инвестициялар, қазіргі таңда осы мәселелерді шешуге жұмсалып жатқан экономикалық шығындардан арзан түсуі мүмкін. CAWEP бағдарламасы болашақта су-энергетика ресурстары қауіпсіздігін әрі қарай арттыру үшін Орталық Азия елдеріне техникалық сараптама ұсынуды, аналитикалық және инвестициялық қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Қазақстанда CAWEP бағдарламасы шеңберінде техникалық зерттеулер жүргізіліп, Арал теңізін қалпына келтіруге ықпал ететін жаңа инвестициялық жобаларды жасауға қолдау көрсетіледі. Еуроодақ үлесімен бірге, бағдарламаға Швейцария үкіметі мен Ұлыбританияның Халықаралық даму департаменті көмек көрсетеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<