Дәулет Тұрлыхановтың ұлына сот үкімі шықты

354

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform агенттігі

Алматы қалалық әскери сотында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі. 

Сотта анықталғандай, сотталушы Б. биыл 11 ақпанда сағат 02.00 шамасында «Ева» түнгі клубының жанында бұзақылық ниетпен жәбірленуші, ерлі-зайыпты Ч-ға қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтірген.

«Сотталушының кінәсі өзі мойындаған айғақтарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен дәлелденді», – деп хабарлады ведомстводан.

Прокурор сотталушы Б -ға 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен Нұрасыл Болат ҚК 107-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған жаза түрінде 1 млн 700 мың теңге айыппұл тағайындалды», – деп хабарлады әскери соттан.

Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына жалпы 1 000 000 (бір миллион) теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда Н.Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Чернов соққыға жыққан еді.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді. Одан бөлек, Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне араласпайтынын айтты.

Ал 2 шілде күні ол мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен болатын. Кейін ол табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Алматы гарнизоны бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<