
Байқауға киелі өнерді дәріптеп жүрген 9 талантты жас жыршы қатысты. Олардың шерткен күйі мен шырқай салған әнін таңдай қаға тыңдауға болады. Бұл ретте ҚР мәдениет қайраткері Руслан Ахметов бастаған қазылар алқасына жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Сайыс қорытындысында жүйріктер, топ жарған жүлдегерлер сахна төріне шақырылды. Көптің шешімімен Шиелі ауданындағы Нартай өнер мектебінің қызметкері Мұxамедәлі Бекпейіс бас жүлдеге лайық деп танылып, республикалық байқаудың жолдамасын қанжығасына байлады. Сонымен қатар жеңімпазға басқарма дипломы мен қаржылай сыйлық табысталды. Айта кету керек, дәстүрлі өнерді дамыту жолында бағытын айқындаған Мұхамедәлінің бұған дейін де жеткен жетістігі орасан. Ол – түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.