Шиелі ауданының тұрғыны Медеу Бердімұрат атадан қалған асыл мұра қолөнерді заман талабына сай жаңғыртып жүр. Мүйіз бен сүйектен кәдесый жасаудың қыр-сырын өзі мұғалім болып еңбек ететін Ғ.Мұхамеджанов атындағы №270 орта мектептің оқушыларына үйретуден жалыққан емес.
Кейіпкеріміз аудан орталығында орналасқан М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті еңбек пәнінің мұғалімі мамандығының түлегі. Бала күнінде бұл өнерге қызығушылығын оятқан нағашы атасы Имантай Алдабергенұлы мен нағашы әжесі Шынар Нәбиқызы екен.
– Ата-әжемнің үйіне қыдырып барғанда сүйекпен көмкерілген кебежені көретінмін. Маған сүйектен неше түрлі бұйымдар жасауға болатыны туралы ой келді. Бұл оң-солымды біліп қалған кез еді. Сөйтіп, сүйек пен мүйізді жинап жүретін әдет пайда болды. Сүйектен әртүрлі дүние жасағаныммен, сатуға ебім жоқ. Бұл жұмыс – көңілімнің қалауы, – деді қолөнер шебері.
Сүйекті дайын өнімге айналдырғанға дейін оның бабын жасау оңай шаруа емес. Өзіндік технологиясын сақтамаса, төккен тер текке кетті дей беріңіз.

– Мүйізді, сүйекті әуелі қазандағы суға қайнатып аламын. Сосын оны май мен қаннан тазартамын. Сүйекті майынан ажырату үшін тұзды суда 7-8 сағат қайнату керек. Осы шикізаттардан жасалатын бұйымды көзбен елестетіп, керек емес жерін жонып алу арқылы дайындаймын. Сүйекті жону кезінде шығатын күл мен тозаң денсаулық үшін қауіпті. Бір жағынан ащы иісі бар, қолқаны қабады. Сол себепті жұмыс барысында қорғаныш құралын таққан дұрыс, – деді ол.
Шебер қой, сиыр мен түйенікіне қарағанда жылқының сүйегінен майды ажырату қиын екенін атап өтті. Сүйекті желіммен жабыстыру мүмкін емес. Оны бір-біріне бұранда арқылы біріктіріп бекітетін әдіске көшкен.
Медеу Бердімұрат төзімділікті талап ететін күрделі өнерге ынталы оқушыларды баулып жүр. Олардың алды әртүрлі білім бәйгесінде топ жарып үлгерді. Шебер шәкірттері арасынан ұмытылып бара жатқан ұлттық өнерді өзі сияқты ұғынып, ұшпаққа шығаратын балалардың шығатынына сенімді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





