Көлікте сәбиін қараусыз қалдырған астаналық әйелдің ісіне қатысты полиция түсініктеме берді

203

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Астана қаласы полиция департаменті көлігін қыздырып, ішіне баласын қалдырып кеткен әйелдің ісіне қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Әлеуметтік желіде астаналық тұрғын белгісіз әйелдің көлігін оталдырған күйі қалдырып, 20 минуттай уақыт ішіне кішкентай баласын қараусыз қалдырып кеткеніне шағымданған болатын. Әйелдің бұл әрекеті тұрғынның назарын аудартып, видеоны желіге жариялап жіберген. Онда емізулі нәресте алдыңғы орында ұйықтап жатқанын көруге болады. 

«Әйел адам көлігін оталдырып, ішінде баласын тастап кеткен. Көлігін жүк тиейтін аймаққа тастап кеткен. 20 минуттай жанында күтіп тұрдым. Артынан әйел адам дүкеннен шығып, кешірім сұрай бастады. Одан соң «өз балам, өзім білемін» деп ашулана бастады. Өкінішке қарай, полицейлер кеш келді. Олар келгенше әйел адам кетіп қалды», дейді видео авторы. 

Жағдайға Астана қаласы полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство берген ақпаратқа сәйкес, көлікте кішкентай нәресте жалғыз болмаған. Сәби отырған көліктің артында әпкесі қарап отырған. 

«Көлік жүргізуші сәбидің анасы дүкенге бірнеше минутқа кеткенін түсіндірді. Бұл кезде үлкен қызы көлікте отырған. Ол көлік орындығында ұйықтап жатқан кіші баласына қарап отырған» делінген жауапта. 

Айта кетейік, көлікте отырған баланың уланып қалу қаупі бар. Егер аймақтағы жел көліктің артқы жағынан соғатын болса, газ көлік салонының ішіне кіріп, нәрестенің улануы мүмкін еді. Сондай-ақ елімізде 12 жастан асқан балалар ғана көліктің алдыңғы орнына отыра алады. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<