Мәдениет саласының үздіктері марапатқа ие болды

425

0

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Театрландырылған көріністен бастау алған мерекелік концертте аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов сөз алып, ауданның мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
–Ауданның мәдени-рухани әлеуетін көтеруде «Алтын арай» ансамблі, Еңбек ауылындағы «Батыр аналар» ансамблі сондай-ақ «Халық» театры ұжымының ерекше еңбегін атап өткім келеді.  Қазіргі таңда ауданның мәдениет саласының қызметкерлері уақыт талабына сай жоғары дәрежеден көрінуде. Аудан, ауыл мәдениетінің дамуына назар аударылып, қажетті жағдайлар жасалып келеді,-деді.
Мерекелік жиында өз саласында жетістікке жетіп жүрген бірқатар мәдениет қызметкерлері Қазақстандық салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Алғыс хатымен, ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері», «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісімен, облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыстарымен» марапатталды.
Салтанатты шара облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жетістіктерге жетіп жүрген көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, осы жылы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Халық театры» Батыс Қазақстан облысы, Бөрілі ауданында өткен  І аймақтық театрлар фестиваліне қатысып, «Ең үздік театрлық эксперимент» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, ауданнан шыққан талантты жас өнерпаздар былтырғы жылы облыстық байқаудан 25 жүлделі орын алса, республикалық байқауға 28 өнерпаз қатысып, 4 өнерпаз Халықаралық байқауға қатысуға жолдама алды. Сонымен бірге 4 Халықаралық байқаудан 20 жүлделі орындарды иеленіп, 3 өнерпаз шет елдерде өтетін конкурс-фестивальдерге жолдама алды.
       Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<