Қызылорда қаласында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының қолдауымен, Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған маңызды медициналық нысандар құрылысын қаржыландыру мәселесі толық шешімін тапқан. Бұл өңір тұрғындарының сапалы әрі заманауи медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады.
Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Сол жағалаудағы 500 орындық жаңа емхана – көпсалалы мекеме. Амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетеді. Мұнда жалпы тәжірибелік және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері қарастырылған. Сонымен қатар 50 төсектік күндізгі стационар, дәріхана, орталық стерилизация бөлімі, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау аймағы, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория, 200 орындық конференц-зал және инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, Қызылордада бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай жобаланған бұл нысан диагностиканың, емдеудің озық технологияларымен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Жобаға «Мелиоратор» серіктестігі жауапты. Құрылысына 36 млрд 416 млн теңге қаралған кешен 57 мың шаршы метр аумақта орналасқан, 10 блоктан тұрады. Тарқатып айтсақ, емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлімдер.

Президент саябағы аумағындағы 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Оған 48 млрд 500 млн теңге бөлінген. Орталықта ана мен балаға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдау, стационар, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдермен қатар, зертхана, ас блогы қарастырылған.
Титов шағын ауданының 40 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін №5 қалалық емхана да жаңадан салынуда. Бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын бұл нысанға 9 млрд 823 млн теңге қаралған, жалпы аумағы 9 мың шаршы метр. Емхана заманауи медициналық технологиялармен толық жабдықталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






