Мемлекеттік грантқа құжат қабылдау науқаны жүргізілуде

325

0

2022-2023 жаңа оқу жылына мемлекеттік грант құжаттарын қабылдау 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Тиісінше, аймағымыздағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 оқу ғимаратында қабылдау комиссиясы үздіксіз жұмыс істеуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай хабарлады.

– Бүгінде университетте 8 мыңға жуық білім алушы бар. Осы жылы оқуын тамамдап, дипломын алған 2159 түлектің 200-ге жуығы – үздік диплом иегері. Университетте 62 бакалавр, 36 магистратура және 13 докторантура білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Ал университетке құжат тапсыруға келетін жас талапкерлер легін қабылдауға университет мамандары толықтай әзір. Оқу орны мен мамандықтар, құжат қабылдау ережелері туралы туындаған сұрақтарға жауап беру үшін университет бойынша 24 техникалық хатшы жұмыс істеуде. Оқуға түсушілер үшін өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да дайындалған, – деді Жандос Нұртайұлы.

Айта кетейік, биыл жоғары оқу орындары виртуалды кеңселерін қайта ашты және қабылдау комиссиялары өтініштерді онлайн және офлайн форматта қабылдауда. Университет ғимаратына келушілер үшін орындықтар орнатылып, тіпті оқу орнының өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналған қауымның көңілін серпілтуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<