Ел халқы үшін ерекше маңызға ие Астана күні мен Ұлттық домбыра күні мерекесінде Сырдария ауданында бір сәби дүниеге келді. Айтулы күн Сырдария аудандық ауруханасының «Перзентхана» бөлімшесінде ерекше қуанышпен аталып өтті. Қос мереке қарсаңында дүниеге келген сәбидің өмірге келуі – ақжарма қуаныш пен ақ тілектің жарқын көрінісіне айналды.
Қос мерекеде Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Құралай Досанова дені сау ұл баланы дүниеге әкеліп, отбасының қуанышын еселей түсті. Ана мен нәрестенің жағдайы жақсы. Аудандық аурухана ұжымы жас ананы ізгі тілектермен құттықтап, сәбиінің амандығы мен жарқын болашағына ақжарма тілектерін арнады.
Мерекелік құттықтау іс-шарасына ардақты ана Ұлмекен Жаналиева, аудандық қоғамдық даму бөлімінің маманы Айгүл Ахметова, Сырдария аудандық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары Ақгүл Күлеке және «Перзентхана» бөлімшесінің дәрігерлері қатысты.
Қос мерекенің тағылымын дәріптеу мақсатында жас анаға қазақ халқының қастерлі ұлттық мұрасы – домбыра сыйға тартылды. Бұл – ұлттық құндылықты ұлықтаудың, жас ұрпақтың бойына елдік рух пен дәстүр сабақтастығын сіңірудің жарқын белгісі.
Өз кезегінде жас ана Құралай Досанова көрсетілген құрмет пен ыстық ықылас үшін алғысын білдіріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Жаңа өмірдің бастауы болған осы айтулы күнде дүниеге келген нәрестенің ғұмыры ұзақ, дені сау, елінің мақтанышы болатын азамат болып өсуіне ақ тілектер айтылды. Қос мерекемен қатар келген бұл қуаныш жас отбасы үшін ғана емес, аудан жұртшылығы үшін де есте қаларлық ерекше сәт болды.
Сырдария аудандық ауруханасы






