Облыстан – 30 делегат

290

0

Қызылордада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XХIV конференциясы өтті. Жиынды ашқан облыс әкімі, филиал төрағасы Қырымбек Көшербаев жауапты науқанды ұйымдастыру және өткізу жұмысын бірлесе атқаруға шақырды.
– Біз қазір мемлекет тари­хындағы тағдырлы таң­дау, сын­дарлы сәттің алдын­да тұр­мыз. Тәуелсіз Қа­зақ­­станның архитекторы, елі­міздің іргетасын қалап, ша­ңы­рағын тіккен Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев өкі­лет­тілігін тоқ­татып, Консти­туцияға сәй­кес мемлекет тіз­гінін Қасым-Жомарт Ке­мелұлы То­қаевқа тапсыр­ға­нын біле­сіздер. Біз осылайша ел өміріндегі саяси са­бақ­тастық пен ұрпақтар үндестігінің куәсі болдық. Ал алдағы саяси науқан – елдігіміз бен бірлігімізді, тұс­тастығымыз бен әлеуметтік тұ­рақ­ты­лығымызды танытатын ке­зең, – деді аймақ басшысы.
Конференцияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндамашылар кезектен тыс Президент сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді. «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақ­стан халқы Ассамблея­сы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева Президент үндеуін қазақ­стандықтардың риза­шы­лықпен қабылдағанын, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім уақыт талабымен үндесетінін айтты.
– Елдегі соңғы өзгерістер мен қоғамдық-саяси жаңа­лықтарды елеусіз қалдыр­майтын ардагерлер наурыз айындағы билік транзитінің жаймашуақ қалыпта жүзеге асқанына риза. Отандастарымыз ғана емес, төрткіл дүние құлақ түрген шешім – Елбасының мемлекет абыройын асқақтатып, бо­лашағын жарқын етуді ойлағанынан туған бірден-бір дұрыс жол. Халық аталған өзгерістерді тү­сіністікпен қабылдап, қолдау білдіруде, – деді С.Дүйсенбаев.
Одан кейін Елбасының партияның кезекті ХVІІІ съезінде берген тапсыр­мал­арының орын­далу жайы сөз болды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Талғат Дүйсебаев «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» жо­ба­ларының маңызына тоқталды.
Ал «Nur Otan» пар­тиясы сайлауалды бағдар­ламасының «Аграр­лық сектор» бағы­тындағы ай­мақтық комис­сиясының жетекшісі, облыс­тық мәсли­хат депутаты, «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары аясында атқарылған жұмысты баяндады.
– «Ауыл – ел бесігі» жо­басының әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту бағыты аясында жоспарланған 9 ковор­кинг орталығының 8-і ашылды. Биыл 41 мектептің, 20 аулалық спорт алаңы жаң­ғыртылады. Ауылды кадрмен қамтамасыз ету бағытында дипломмен ауылға мамандар тар­ту мүмкіндіктері қа­рас­­тырылуда. Ауылда жас­тар кәсіпкерлігін дамыту – басым бағыт. Осы орайда биыл 83 жастың 22 шаруа қожалығында тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалып отыр, – деді Б.Мақашов.
Жиын соңында ашық дауыспен партия съезіне 30 делегат сайланды. Аймақ басшысы саяси науқан кезінде жетекші партияға жүктелер жүк пен жауапкершілік салмағы арта түсетінін атап өтті.
Назерке САНИЯЗОВА.