Облыстық ассамблеяның «Бірлік. Келісім. Татулық» атты қорытынды іс-шарасы өтті

326

0

Фото: Қызылорда ассамблея

26 желтоқсан күні Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қорытынды іс-шарасы өтті.

Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында елеулі үлесі бар жандар және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту бағытында атқарған жұмыстары бейнеленген арнайы роликпен басталды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов алғы сөзінде өңірдегі достық пен азаматтық бейбітшілікті сақтауда ерекше рөл атқарған Ассамблеяның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Өз тарихының 28 жылы ішінде Ассамблея конституциялық мәртебесі бар қоғамдық-саяси институтқа, мемлекеттің саяси жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Ол өзінің қажеттілігін тұрақты негізде растады. Өңірлік ассамблея жыл басынан бері облыс бойынша 395 іс-шара ұйымдастырды, онда 23 мыңнан астам онлайн-офлайн аудитория қамтылды. Жыл басынан бері баспасөз қызметі бойынша әлеуметтік желілерде және сайттарда мемлекеттік және орыс тілдерінде 1243 жарияланым, 446 бейнеролик, БАҚ-та және интернет-ресурстарда 385 материал жарияланды. Отбасындағы әкелердің рөлін арттыру, жас ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау мақсатында Ақсақалдар кеңесі құрылып, кеңестің төрт отырысы өтті. Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлар арнайы курстардан өтті. Ғылыми сарапшылық топтың қызметі нәтижесінде аймағымыздағы этносаралық ахуал ғылыми тұрғыда талданып, мемлекеттік этносаясаттың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізуде. Жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру мақсатында өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымы түрлі бағыттағы шаралар мен акцияларды ұйымдастырып келеді. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдарының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері республика көлемінде үлкен жетістіктерге жетті. Атап өтер болсақ, Неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек қайырымдылық пен меценаттық істерді дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін «Жомарт жан» төсбелгісімен, Облыстық ассамблея жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Майнұр Бөрібаева ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен, Славяне этномәдени бірлестігінің өкілі Елена Мясцова Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ өңірлік Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас және «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы Әсел Абзал республикалық «Шаңырақ» байқауында этножурналистика саласының үздіктері атанып, байқаудан жүлделі 2, 3 орынды иеленді.

Жалпы Ассамблея институты – қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасап, ел бірлігін берік етіп, ұлттық құндылықтар негізінде татулық пен келісімді қолдап, дамытып келеді, – деді.

Осы ретте облыстық ассамблеяның барлық мүшелеріне, этномәдени бірлестіктердің басшыларына риясыз және игілікті еңбектері үшін шынайы алғысын білдірді.

Сондай-ақ, бірлік пен тұрақтылықты ілгері дамыту жолында елеулі еңбегі сіңген жандар Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Айдана Ерболат, Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі Инна Бекеева, «Ассамблея жастар» ұйымының жетекшісі Елизавета Есмаеваға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Мұнан соң өңірдегі 9 белсенді этномәдени бірлестік түрлі номинациялармен марапатталды.

Салтанатты іс-шара этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен мерекелік концертке ұласты.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<