Облыстық мәслихат депутаттары ауданға жұмыс сапарымен келді

5

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Бүгін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тілеумбетов пен облыстық мәслихат депутаттары ауданға жұмыс сапарымен келіп, аудандық аурухананың Жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды атап көрсетті.

Жұмыс сапары барысында нысанның қазіргі жағдайы, инженерлік инфрақұрылымының сапасы және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, су, кәріз және жылу жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Жұқпалы аурулар бөлімшесі аса қауіпті инфекциялық ауруларға шалдыққан азаматтарға медициналық қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік нысан болғандықтан, санитариялық талаптардың сақталуы мен инженерлік жүйелердің сапалы жұмыс істеуі ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

Нысанды аралау барысында аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін әлеуметтік нысандарды заман талабына сай дамыту және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту басты міндеттердің бірі екені айтылды.

Сонымен қатар, бөлімшеде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы және денсаулық сақтау саласындағы жобалардың тиімді жүзеге асырылуы алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі