Өңірлік мерзімді басылымдар форумында «Сыр медиа» ЖШС-ның жұмыс тәжірибесі айтылды

620

0

Бүгін Астанада «Қазмедиа» орталығында Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Форумда «Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол Оңғарбаев серіктестік атқарып жатқан жұмыстарды, жобаларды таныстырып, тәжірибесін бөлісті.

Аманжол Сақыпұлы медиа құрылым дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы үйлестіре дамытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Сыр медиа» ЖШС аймақтардың ішінде өз баспаханасы бар, «Қазпошта» мекемесінің қызметінен бас тартып, өзінің баспасөзге жазылу, тарату қызметін жолға қойған мекеме ретінде танылғанын айтты.

Оның айтуынша, серіктестікке қарасты баспахана газеттерді сапалы басып шығаратын заманауи «CityLine Express» офсеттік машинасымен жабдықталған. Баспахана кітап өндірісін де іске асырып отыр.

«Баспахананың қызмет аясы кеңейтіліп, кітаптар, кітапшалар, журналдар, буклеттер басатын, түптейтін және фирмалық бланкілер, тіркеу журналдарын шығаратын жабдықтармен қамтылды. Кітап өндірісіндегі офсеттік басылым, баспахана жабдықтары сапалы кітап шығаруға мүмкіндік беретінін де айтуымыз керек. Мұнда кітаптың дайындалуынан бастап, тұсаукесеріне дейінгі барлық қызмет түрі көрсетіледі. Солардың қатарында серіктестік қызметкерлерінің һәм журналистерінің өздері әзірлеген Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында жарық көрген «Әбе» кітабы, Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қорқыт атаның даналық сөздері», аудиодискімен бірге шыққан «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» хрестоматиясы, «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдық жинағы, т.б. оқырманға үлкен олжа болды. 2021 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында республикалық деңгейде академик-ғалымдардың қатысуымен тұсаукесері ұйымдастырылған «Сыр журналистикасының тарихы» бестомдығы журналистика тарихын зерттеп-зерделеуге қосылған үлкен үлес ретінде зерттеушілер тарапынан жоғары бағаланды», – деді Аманжол Сақыпұлы.

Серіктестік директорының айтуынша, 2021 жылы Балалар жылына орай «Балапан» телеарнасымен келісім-шарт негізінде «Сиқырлы тас» және «Әл-Фараби» мультсериалдарының бояу кітапшалары шығарылды. Мұнымен қоса баспаханада жергілікті ақын-жазушылардың, шығармашыл жастардың кітаптары жеңілдікпен басылып келеді.

«Сыр медиада» 2016 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап баспасөзге жазылу және тарату бөлімі құрылды. Қазіргі таңда бөлімде баспасөз мамандарынан бөлек 256 газет таратушы жұмыспен қамтылған. Жалпы айтқанда, серіктестікте күндіз-түні қызу тірлік жүріп жатыр», – дейді Аманжол Оңғарбаев.

Осы ретте «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай өз газеттерін өзі шығарып, өзі тарататын «Сыр медиа» ЖШС-ның жұмысын өзге өңірлерге үлгі ету керек деп отыр.

«АҚШ-тың Техас штатында Эль-Пасо деген қала бар. Сол қаланың өзінің «El Paso Times» деген газеті бар. Бұл басылымда 15 адам жұмыс істейді. Өз таратушылары, өз көліктері бар. «Қазпошта» сияқты мекемелерге тәуелді емес. Мен Аманжол Сақыпұлының сөзінен кейін қуанып қалдым. «Сыр медиа» ЖШС барлық қызметті – баспадан шығару, жазылу, таратуды өздері ұйымдастырып отыр. Сондықтан «Сыр медианың» жұмысы өзге өңірлердегі газет шығарушы әріптестерге үлгі болу қажет», – деді Төлен Тілеубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<