«Айбын» әскери-патриоттық жиыны басталды

464

0

Қарағанды облысындағы оқу орталығының базасында «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл жиынға еліміздің барлық өңірінен 40 команда қатысады. Олар – облыстардағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әскери-патриоттық клубтардың, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 14-18 жас аралығындағы 600-ге жуық қатысушы.

Жиын бағдарламасы әскери-қолданбалы және әскери-спорттық жарыстардан тұратын 11 сайысты қамтиды. Жас патриоттар «Айбын дарыны» ойыны барысында өздерінің зияткерлік қабілеттерін көрсетеді. «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында және «Жас сарбаз – жас тілшілер» журналистік байқауында таланттарын паш етеді. Арқан тарту және әскерилендірілген эстафета барысында қатысушылардың дене дайындығының деңгейі, күші, төзімділігі мен жылдамдығы бағаланатын болады. Пневматикалық винтовкадан оқ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, газ тұмылдырығы және жалпыәскери қорғаныс жиынтықтарын кию кезінде жас патриоттардан нақты, дәл әрі анық орындалған әрекеттер талап етіледі.

«Smart Sarbaz» өнертапқыштар сайысы барысында жас бағдарламашылар IT-әзірлемелері мен техникалық шешімдерін ұсынады. Ақтық сында «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны өтеді. Онда болашақ Отан қорғаушылар әскери қызметпен байланысты практикалық міндеттерді орындайды, командада жұмыс істеу тәжірибесін меңгереді, өздерінің моральдық және күш-қуат тұрақтылығын тексереді.

Айта кетейік, «Айбын» республикалық жиынына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Ұйымдастыру комитетіне жиынға қатысу үшін командалық өтінімдерден бөлек, жеке өтініштер де түсіп жатқаны соның дәлелі. Бұл сайыскерлер онлайн режимде өнер көрсететін болады. Ал жиынға қатысушылардың негізгі бөлігі полигонда бақ таластырады. «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны бір аптаға жалғасып, 24 маусымда аяқталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<