Қызылорда облысында 113 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

6

0

Фото: uralskweek.kz

5 маусымдағы жағдай бойынша Қызылорда облысында бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 846 360 адам тіркелген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы хабарлағандай, оның 732 мыңнан көбі немесе 86,5%-ы сақтандырылған. Ал сақтандырылмаған адамдар саны 113,5 мыңнан асады, бұл – 13,9%.

– Азаматтардың сақтандырылмауының негізгі себебі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна мен аударымның уақытылы төленбеуі. Жалдамалы қызметкерлер үшін төлемді жұмыс беруші аударады, ал басқа санаттағы азаматтар жарнаны өздері төлейді. Сақтандыру мәртебесін алу үшін бұрынғы қарызды толық жабу міндетті емес. Соңғы 12 айға жарна төлеу жеткілікті. Сонымен қатар 5 жыл үздіксіз жарна төлеген азаматтар үшін төлем тоқтаған жағдайда 6 айға дейін мәртебе сақталады, – деді филиал директоры Жақсылық Әбдусәметов.

Жыл басынан бері жұмыссыз және осал топтағы (Д және Е санатты) азаматтар үшін сақтандыру жарнасы жергілікті бюджет есебінен төленіп келеді. Бұл жүйе елімізде шамамен 1 миллионнан астам адамға сақтандырылған мәртебесін алуға мүмкіндік береді. Қызылорда облысы бойынша бұл көрсеткіш 40 мың адам шамасында. Бұл жұмыссыздар мен осал топтардың МӘМС мәртебесін алуына мүмкіндік береді.

Биыл өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 125 жеткізушіге 135,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясындағы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған.

– Медициналық көмектің сапасын арттыруға жүйедегі жеткізушілер санының көбеюі және олардың арасындағы бәсекелестік те оң әсерін тигізеді. Бүгінде өңір бойынша қормен келісімшарт жасасқан 125 медициналық ұйымның 93-і немесе 74,4%-ы – жекеменшік ұйымдар. Жеке сектордың қатысуы қызмет көрсету сапасын жақсартып, мемлекеттік медициналық ұйымдарды да өзгерістер енгізуге ынталандырады әрі медициналық қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды күшейтеді, – деді филиал басшысы.