Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Ардагерлер аллеясының» ашылу салтанаты өтті.
Мерекелік шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубәқабылұлы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы арнайы қатысып, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.
«Ардагерлер аллеясы» – елге адал қызмет еткен азаматтардың еңбегін ұлықтайтын, олардың ерлігі мен өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге ететін ерекше тағылымды орын. Бұл аллея ардагерлердің қоғамдағы орны мен беделін айқындап қана қоймай, жас буынның бойында патриоттық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай нысандар өткен мен бүгінді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетін маңызды рухани кеңістік болып табылады.
Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубәқабылұлы салтанатты шарада сөйлеген сөзінде: «Құрметті әріптестер, ардагерлер және қадірлі қонақтар! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі «Ардагерлер аллеясының» ашылуы – ел тыныштығы жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерімізге көрсетілген зор құрмет. Олардың ерлікке толы өмір жолы мен кәсіби тәжірибесі жас буынға әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді. Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осы игі бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, патриоттық рухты одан әрі асқақтатады деп сенемін», – деп атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында «Ардагерлер аллеясы» ресми түрде ашылып, бұл игі бастама ардагерлерге көрсетілген құрметтің айқын көрінісі ретінде жоғары бағаланды.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты, бұл барлық қонақтар үшін күтпеген сый болды. Полиция қызметкерлерінің жарқын өнері, сондай-ақ офицерлердің жұбайлары мен «Жас сақшы» сыныбы оқушыларының шығармашылық нөмірлері кештің сәнін келтірді.
Мұндай тағылымды шаралар – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, елге адал қызмет етудің мәнін тереңірек ұғындыра түсетін маңызды бастамалардың бірі. Ардагерлерге құрмет көрсету мен олардың өнегелі жолын насихаттау алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.






