Қызылорда облысында туу көрсеткіші артуда

497

0

Қызылорда облысы елдегі туу көрсеткіші бойынша бесінші орында тұр. Сондай-ақ, күніне орташа есеппен 55-ке дейін сәби дүниеге келіп, айына 1600 сәби дүние есігін ашқан.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрқабылова мәлімдеді.

– Осы жылдың 1 сәуірінде облыстағы халық саны 836,5 мың адамды құрады. Тиісті кезеңмен салыстырғанда халық саны 1,3 пайызға өсті. Бұл демографиялық дүмпуді байқатады. Ал облыс халқының табиғи өсімі 3,6 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-наурызында облысымызға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 4490 адамды құрады. Одан бөлек, аймақтан кеткендердің саны 5414 адам. Көші-қонның айырымы – 924 адамды құрап отыр. Мұнан өзге, алыс және жақын шет елдерден 4 адам көшіп келсе, республиканың басқа облыстарынан 1331 адам Сыр өңіріне қоныс аударды, – деді Гүлмира Жеткергенқызы.

Айта кету керек, 1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша біздің облысымыз Маңғыстау, Түркістан, Атырау облыстары және Шымкент қаласынан кейінгі бесінші орында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<