Петр Михайлович Артемов (1919-1991)
Архангельск облысының Каргаполов ауданында туған.
1941 жылы Одесса жаяу әскерлер училищесінде курсант болып жүрген кезінде әскерге шақырылған.
П.Артемов 1944 жылдың шілде айында атқыштар батальонының құрамында Ковель қаласының батыс жағындағы бекіністі бұзып өтуге қатысты. Осы ұрыстағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін М.Ф.Фрунзе атындағы әскери академияны оқыған. 1954 жылы запасқа шыққан полковник Қызылорда қаласында тұрды, №45 техникалық училищеде әскер ісі пәнінен сабақ берді.
Кәкім Әбдіқадыров (1920-1978)

Сырдария ауданындағы №14 разъезде дүниеге келген. 2-дүниежүзілік соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан.
Ленинград майданында 2 рет ауыр жарақат алып, соғысты Прага қаласында аяқтаған.
Бірнеше медальдармен, жауынгерлік «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен марапатталған, 4 рет Жоғары Бас қолбасшыдан алғыс алған. Соғыстан кейін халық шаруашылығында еңбек еткен.
Әнуар Әбутәліпов (1923-2002)

Жаңақорған ауданының «Талап» ауылында дүниеге келген.
1942 жылғы қазан айында 19 жасында майданға аттанып, 1943 жылы 53-армияның Звенигород әуе-десанты дивизиясының 13-гвардиялық атқыштар полкінің станокті пулемет расчетінің командирі болды.
1944 жылдың қазанында Дебрецен операциясына қатысып Тисса өзенінен өту кезінде ерекше батылдық көрсеткен.
Осындай ерліктері үшін Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. 2 рет «Ленин», 1-дәрежелі «Отан» соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Жаңақорған ауданы Аққорған ауылындағы №209 орта мектепке батырдың есімі берілген.
Мақаш Балмағанбетов (1914-1977)

Қазалы ауданындағы №17 ауылда дүниеге келген.
1943 жылдың наурыз айында майданға аттанған.
1943 жылдың 25 қыркүйегінде Днепр өзенінің жағасындағы шайқаста көрсеткен жанқиярлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Соғыстан кейін ол қоныс аударып, Нүкіс қаласында тұрды. Бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін «Ленин» орденімен марапатталған.
Иван Макарович Журба (1915-1962)

Қостанай облысында өмірге келген.
1922 жылы әке-шешесімен бірге Қызылордаға қоныс аударған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін үздік бітіріп, Андижан қаласындағы әскери комиссариаттан майданға жіберілген.
Кіші лейтенант И.Журба жауынгерлері Киев-Житомир тас жолын басып алды, Трилис қыстағында өздерінен төрт есе көп солдаты бар фашистік бөлімшенің тас-талқанын шығарды.
Осындай жауынгерлік ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін И.Журба Қызылорда қаласында жұмыс істеді.
Қызылорданың үлкен көшелерінің бірі батыр атымен аталады.
Георгий Никитович Ковтунов (1918-1987)

Средне Волжск өлкесінің Ореховка қыстағында туған. Ата-анасымен бірге Шиеліге көшіп келген. Ташкенттегі әскери училищеге түсіп, 1938 жылы Тбилиси қаласындағы артиллериялық факультетке ауысады.
Соғыс кезіндегі ерліктері үшін жауынгерлік «Қызыл Ту», 1-дәрежелі «Александр Невский» ордендерімен қоса Кеңес Одағының Батыры атағын алған.
Бейбіт күндері «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Тәйімбет Көмекбаев (1903-1987)

1903 жылы қазіргі Қармақшы ауданындағы №10 ауылда туған.
1942 жылы Қызыл армия қатарына алынып, барлаушылар бөлімінің командирі болды.
1945 жылы қаңтар айында алғашқылардың бірі болып, Одер өзенінен өтіп, Энхиринд елді мекені маңындағы плацдармды ұстап тұрды. Ванзен қаласы үшін болған ұрыста жаудың жеті рет жасаған шабуылына тойтарыс берді.
Сол ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қазір батырдың туған ауылы оның есімімен аталады.
Жәлел Қизатов (1920-1999)

Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Соғысқа дейін ауыл шаруашылық техникумында оқыған, Петропавлдағы мұғалімдер институтын бітіріп, мектеп меңгерушісі болып қызмет атқарған, Ұлы Отан соғысында аға лейтенант шенінде Одесса, Қырым, Сталинград, Белорусь майдандарында болып, Украина, Белоруссия, Польшаны азат етуге қатысты. Днепрді алу кезіндегі көрсеткен ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанды.
Соғыстан кейін ол Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы, облыстық табиғат қорғау қоғамы төралқасының төрағасы, төраға орынбасары болды.
Қызылорда қаласының бір көшесіне және №23 орта мектепке батырдың есімі берілген.
Семен Архипович Ларионов (1915-1984)

Татарстанда дүниеге келген, ұлты мордвин.
1941 жылы Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, артиллериялық взводтың командирі шенінде соғысқа қатысқан.
Ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейін Жамбыл облысында партия органдарында қызмет атқарды.
Жақыпбек Махамбетов (1912-1981)

Сырдария ауданында дүниеге келген.
Соғысқа дейін облыстағы алғашқы тракторшылардың бірі болды. 1942 жылдың қаңтарында әскерге алынды. Станокты пулеметтің атқышы болып Калининград майданындағы соғысқа кіріп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
1943 жылдың 2 қазанында жауынгер қолдан буылған салмен бораған оқ астында өзінің азғана тобымен Днепр өзенінен өтеді.
Осы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Қазір туған ауылы Батыр есімімен аталады. Қызылорда қаласының бір көшесіне және қаладағы №43 мектепке Ж.Махамбетов есімі берілді.
Иван Федорович Махорин (1916-1997)

Атырау облысында дүниеге келген.
Қарақалпақстанда балық заводында механик болып жұмыс істеген.
1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. Алтыншы гвардиялық Қызыл Тулы атқыштар дивизиясыңда, орталық және 1-ші Украина майданында соғысқа катысты.
Днепр өзенінен өту кезіндегі жанқиярлық ерлігі мен батылдығы үшін гвардия сержанты Кеңес Одағының Батыры атанды.
Соғыстан кейін Қызылорда каласында тұрып, «Қызылордақұрылыс» тресінің тұрғын-үй коммуналдық мекемесіңде қызмет атқарды.
Александр Павлович Мин (1915-1944)

Примор өлкесінде туған, ұлты кәріс.
Соғысқа дейін Арал қаласында кәріс бастауыш мектебінде мұғалім болды, 1943 жылы мамырда әскер қатарына алынды.
Рязандағы жаяу әскерлер училищесін бітірген соң Батыс, Орталық, 1-Украин, 1-Белорус майдандарында ұрысқа қатысты.
Породубы қыстағында немістермен бетпе-бет айқаста А.Мин ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты.
Жамбыл облысы Бурыл ауылындағы орта мектеп ғимараты алдына бюсті қойылған. Ташкент қаласындағы бір көшеге есімі берілген.
«Ленин», «Александр Невский», 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
Яков Данилович Михайлюк (1919-2011)

Қазалы стансасында дүниеге келген.
Қазалы стансасындағы фабрика-зауыттық училищесін (қазіргі №5 кәсіптік мектеп) бітіріп, соғыс басталысымен авиация мектебінде оқыған. Мәскеу түбіндегі, Сталинград, Курск, Орел, Берлиндегі әуе ұрыстарына қатысып, жеке өзі жаудың 26 ұшағын атып түсіреді. Осы жанқиярлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды.
Қазалыдағы бір көшеге батыр аты берілген.
Ерденбек Ниетқалиев (1914-1945)

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген.
1936 жылы Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтын бітіргеннен кейін Қызылорда облысына жұмысқа жіберіледі. Қызылорда ауыл шаруашылық техникумында мұғалім, облыстық ауыл шаруашылық басқармасында нұсқаушы болып қызмет істеген.
1941 жылы Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды.
Польша аумағында Рарцебург тасжолын қорғау кезінде соңғы демі біткенше соғысып, нағыз ерлерше қаза тапты.
1945 жылғы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жаппасбай Нұрсейітов (1923-1997)

Тереңөзек ауданындағы «Курайлы» колхозында туған.
1942 жылы соғысқа алынып, талай рет ерлік пен батырлық көрсеткен. Кіші комиссарлардың полк мектебін бітірген.
1943 жылдың қыркүйегінде Днепр өзенінен өту кезінде ол жау снарядының жарықшағы тиген қайықтың тесігін денесімен жапты. Сескенуді білмейтін жауынгер үш тәулік бойы дұшпанның 13 рет жасаған шабуылына тойтарыс беруге қатысып, 150 гитлершілдің көзін құртты.
1944 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Бүгінде Қызылорда қаласындағы бір көше батыр есімімен аталады.
Иван Григорьевич Подольцев (1910-1944)

Орынбор губерниясында туған.
1930-1935 жылдары Шымкент және Қызылорда қалаларында НКВД органдарында қызмет атқарды. 1941 жылы Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанады. 4-ші Украина майданының барлау ротасының командирі болды.
1944 жылдың 8 мамырында Севастополь қаласы үшін шайқаста ауыр жарақаттанып, мәңгілікке көз жұмды.
Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Александр Дмитриевич Романов (1922-1945)

Жаңақорған ауданының Төменарық аулында дүниеге келген.
Соғыстың басталар алдында әскери училищеде оқыған, 1942 жылдың маусым айынан бастап қан майданға араласты. Батыл да өжет офицер ұрыс кезінде жауынгерлерді жеңіске рухтандырып отырды. Берлин-Лихтенбад майданында Романовтың ротасы күші әлдеқайда басым жаудың 6 рет қайта шабуылына төтеп беріп, оларды көп шығынға ұшыратқан.
1945 жылы Берлин көшесінде болған қиян-кескі соғыс кезінде ерлікпен қаза тапты.
Осындай ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Бейбіт күндері Берлин қаласында оның ескерткіші бой көтерді.
Николай Николаевич Самороковке (1910-1974)

Перовск (Қызылорда) қаласында дүниеге келген.
1942 жылы әскери-авиациялық училищені бітірген.
Ол майданда жүзден астам жауынгерлік ұшу жасады, 34 әуе шайқасына қатысты.
Соғыста көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін Орынбор каласында тұрды.
Владимир Михайлович Счастнов 1915-1944)

Қазалы стансасында туған.
Соғысқа дейін паровоз депосында слесарь болып жұмыс істеген. 1938 жылы әскерге алынып, Хасан көлінде жапон самурайларына қарсы соғысқа қатысады. 1942 жылы наурызда қайтадан әскерге шақырылады.
Ұлы Отан соғысында Батыс майданға жіберілген гвардия сержанты саперлер бөлімшесін басқарған. 1944 жылы жолдарды миналардан тазарту кезінде қаза табады. Польшада жерленген.
Батырлығы мен жанқиярлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Үрмәш Түктібаев (1917-1944)
Қазалы ауданының «Сарыой» ауылында дүниеге келген.
1941 жылы шілдеде 34 жастағы колхозшы майданға аттанды. Алғашқы кезде пулеметші, кейін пулеметшілер бөлімшесінің командирі болды. Майданда төрт рет жараланған. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Кескілескен ұрыстардың бірінде қаза тапқан. Ол Латвияның Перзское деревнясындағы бауырластар зиратына жерленген.
1945 жылғы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Геннадий Фадеевич Шляпин (1912-1970)
Қазалыда дүниеге келген.
Агроиндустриялық техникумды бітіріп, 1940 жылы Ташкенттегі жаяу әскерлер училищесінде оқыған. 1934-1939 жылдары әскер қатарыңда болған, 1941 жылы соғысқа аттанған.
Сталинградты қорғағаудағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанды.
Соғыстан кейін Қазалыда, Ташкентте тұрды.
Нағи Ілиясов (1920-1987)
Тереңөзек ауданының «Қызыл коммуна» колхозында туған.
Орта Азия университетінің жұмысшы факультетінде, Ташкент педучилищесінде оқыған. Шыршық ауданында, Тереңөзек ауданындағы Жәдігер орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған.
Майданда Мәскеуді, Сталинградты қорғауға, Элистаны, Ростовты, Донбасты азат етуге қатысты.
Ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1945 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейінгі жылдары туған жерінде жауапты қызметтер атқарды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 3 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Бұрынғы Қазақ ССР-інің 50 жылдығы атындағы шаруашылық қазір Нағи Ілиясовтың есімімен аталады.
Деректер көзінен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»