Қызылордалық оқушы Балқан математикалық олимпиадасының қола жүлдегері атанды

14

0

Фото: Қызылорда облысының білім басқармасы

Грекияның Салоники қаласында өткен Балқан математика олимпиадасы қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық С. Шаухаманов атындағы №9 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арнұр Аңсатов қола жүлдегер атанды.

Дәстүрлі түрде Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Грекия, Солтүстік Македония, Черногория, Молдова, Румыния, Сербия және Түркия елдері қатысатын беделді білім додасына биыл әлемнің 25 мемлекетінен 150-ден астам оқушы қатысып, өзара бақ сынады.

Дарынды оқушымыз халықаралық деңгейдегі беделді білім додасында терең білімі мен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл – тек Арнұрдың ғана емес, өңірдегі білім саласының, ұстаздар мен ата-аналардың ортақ жеңісі.

Арнұрды жарқын жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!

Алдағы Халықаралық математика олимпиадасы секілді ірі білім бәйгелерінде де биік белестерді бағындырып, Қазақстанның абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз.

Жас математиктің жеңісі – өскелең ұрпаққа үлкен мотивация, білім мен табандылықтың нақты үлгісі.

Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі