Қызылорда облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының «Сударушки» вокалдық тобы Татарстан Республикасының Тетюш ауданындағы Кильдюшево ауылында өткен «Валда Шинясь» («Жарқын күн») республикалық мордва мәдениеті мерекесіне қатысты.
Жыл сайын жаз мезгілінде ұйымдастырылатын дәстүрлі фестиваль биыл халықаралық сипат алып, оған Қазақстаннан алғаш рет Қызылорда өңірінің өнерпаздары қатысты.
Концерттік бағдарлама аясында «Сударушки» ансамблі «Праздники» және қазақтың «Жан досым» әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ұжымның өнері халық арасындағы достық пен мәдени байланыстың жарқын көрінісіне айналды.
Фестиваль барысында қатысушылар мордва халқының ұлттық киімдерімен, тұрмыс-тіршілігімен және салт-дәстүрімен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Айта кетейік, «Валда Шинясь» фестивалінің негізгі мақсаты – мәдени мұраны сақтау, фольклорлық өнерді насихаттау және халық арасындағы достықты нығайту.





