Конституция

Қызылорданың білім саласы көш басында

6

0

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің өңірлер бойынша аралық қорытындысында Қызылорда облысы 75,71 орташа балмен республикада бірінші орынға шықты. Облыстан 7 923 талапкер тестілеуге қатысып, білім сапасының жоғары деңгейін көрсетті.

Бұл нәтиже – кездейсоқ жетістік емес. Соңғы жылдары өңірде білім саласын дамытуға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Жаңа мектептердің салынуы, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жаңаруы, заманауи пәндік кабинеттердің ашылуы, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға жасалған жағдайлар және дарынды оқушыларды қолдау бағытындағы жұмыстар өз жемісін бере бастады.

Сонымен қатар ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған нақты жобалар, түлектерді ҰБТ-ға сапалы дайындау жүйесі, педагогтер мен ата-аналардың бірлескен еңбегі өңірдің көшбасшылық орнын нығайтты. Жақында Жалағаш ауданының түлегі Альфия Балханның ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинауы да Қызылордаданың ауылдарындағы білім беру сапасының жоғары деңгейін айғақтай түсті.

Қызылорданың бірінші орынға шығуы – тек рейтингтегі көрсеткіш емес. Бұл – білімге салынған инвестицияның, мұғалім еңбегіне көрсетілген қолдаудың және балалардың сапалы білім алуына бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Ең бастысы, бұл жетістік өңір жастарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Білім сапасын сақтап қана қоймай, оны одан әрі арттыру – ұстаздардың, ата-аналардың және қоғамның ортақ міндеті. Қызылорданың бүгінгі жеңісі – болашаққа салынған ең құнды инвестицияның жемісі.