Қызылорданың энергетикалық әлеуетін пайдалануға шетел инвесторлары қызығып отыр

6

0

Фото: Азертадж

Қызылорда облысында жасыл энергетиканың әлеуеті әлі толық игерілмей отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, қазіргі күні 500 мегаватқа дейін электр энергиясын қабылдауға қабілетті дайын энергетикалық инфрақұрылым бар.

– Облыс аумағында жалпы қуаттылығы 130 мегават 11 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның ішінде 4 ірі станция шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Соның бірі – «Хуадиан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған «Тесис» серіктестігінің қуаттылығы 40 мегаватт күн электр станциясы. Жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 80 гектар жер телімі беріліп, станция жергілікті тұрғындар үшін 10 жаңа жұмыс орнын ашты. Алдағы уақытта қуаттылығы 260,5 мегаваттан астам 6 күн және 2 жел электр станциясы іске қосылады, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында ауқымды жоба – қуаты 1 ГВт болатын және энергияны жинақтау жүйесімен біріктірілген «Мирный» жел электр станциясының құрылысы басталған болатын.