Республика күніне жаппай Гимн орындады

718

0

Республика күніне орай Сыр өңірінің халқы бір мезетте 40 мыңға жуық адам жаппай Гимн шырқады. Мерейлі мереке құрметіне орай өткен «Патриотизм дауысы» шарасына өңірдегі мектептер мен оқу орындарында оқып жатқан балалар мен ұстаздар қауымы атсалысты.

Аталмыш іс-шара 13 жылдан кейін халықпен қайта қауышқан ұлттық мерекенің маңызын арттырып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға негізделіп отыр.

«Ұлттық мереке аясында  мемлекеттік Ту көтеріліп, бір мезетте Әнұран шырқалды. Аталмыш шара қала аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында жаппай жүргізілді. Бұл шараны оқушылармен қатар, ұстаздар қауымы және білім ұйымдарында қызмет ететін барлық қызметкерлер қуаттады», – деп мәлімдеді облыстық Білім басқармасынан. 

Соның ішінде қаладағы іргелі оқу орны саналатын М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде де ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын шара жоғары деңгейде көрініс тапты.

«Республика күніне орай өткен іс-шараға колледж тарапынан 800-ге жуық студент,  100-ден астам оқытушы мен қызметкер қатысып отыр. Іс-шарада  мемлекеттік Ту көтеру және «Патриотизм дауысы» шарасы аясында жаппай Қазақстан Әнұраны шырқалды. Шарамыздың басты мақсаты – жастар бойындағы патриотизмді арттырып, республика күнін атап өту», – дейді М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледж директоры Жақсыгүл Тоғанова.

Сол сияқты қаладағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде де аталмыш іс-шара жоғары сипатқа ие болды.

«Бүгінгі шарамыз ұлттық мерекемізді ұлықтауға негізделді. Оған білім ұясындағы 2 270 оқушы мен ұстаздар қатысты. Шарада Әнұран шырқалып, Туымыз көк жүзінде желбіреді», – дейді мектеп директоры Айгүл Өткелбаева.

Жалпы, Республика күні аясында ұйымдастырылған шараға 35 134 оқушы,  3 798 мұғалім қатысқан. Іс-шара қатысушыларға ерекше рух сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<