Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – заң үстемдігі. Ал заңның салтанат құруы оны адал қызметімен жүзеге асыратын азаматтардың еңбегіне байланысты. Өйткені сот төрелігі – қоғамның әділетке деген сенімін қалыптастыратын институт.
Осындай жауапкершілігі мол саланың абыройын биік ұстап, саналы ғұмырын құқық пен әділет жолына арнаған азаматтардың бірі – Жанат Бекжанов.
Ол үшін заң саласы – жай ғана кәсіп емес, азаматтық ұстаным мен өмірлік мұратқа айналды. Қай қызметте болмасын, әділдік пен адалдықты басты қағида етіп, әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын терең сезінді. Еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, уақыт өте тәжірибесі толысып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Арал мен Қармақшы аудандық, кейін Қызылорда қалалық сотын басқарды. Алматы қаласының сот жүйесінде де жауапты қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинады. Қай өңірде қызмет етсе де, оның басты мақсаты заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және сот жүйесіне деген халық сенімін нығайту болды.
ҚР Жоғарғы Сотының экс-төрағасы Жақып Асанов әріптесі туралы былай деп пікір білдірген еді.
– Жанат Сақыбайұлы – заң үстемдігін өмірінің темірқазығына айналдырған, парасат-пайымы биік, кәсіби біліктілігі мен адами қарапайымдылығы қатар өрілген бірегей тұлға. Оның көпжылдық мінсіз қызметі, ұжым арасындағы сыйластығы мен терең білімі жас буынға үлгі-өнеге. Ол Жоғарғы Соттың кадр қызметінің меңгерушісі болып тұрған шақта ауқымды жұмыс жүргіздік. Біз қолға алған кадрлық реформа кедергісіз, оңайлықпен іске аса қойған жоқ. Түбегейлі өзгерістерге деген ішкі және сыртқы қарсылық болды. Шынын айту керек, сол тұста айналамыздағы көп адам «Осы шайқас немен бітер екен?» деген сыңай танытып, сырттай бақылап қана отырды. Дәл осындай сындарлы сәтте Жәкең бұғып қалған жоқ. Еш қаймықпастан қасымнан табылды. Тәуекелге бел буып бір сапта тұрдық. Бір мақсат жолында қызмет еттік. Осындай қиын-қыстау шақта танытқан табандылығы, адалдығы мен кәсіби ерлігі үшін айтар алғысым шексіз.
Иә, судьяның жұмысы сырт көзге қағаз бен заң баптарынан ғана тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда әрбір істің артында адам тағдыры, отбасының болашағы, қоғамның әділетке деген үміті жатыр. Сондықтан судьяның кәсіби білімімен қатар, парасаты, сабырлығы мен адамгершілігі де ерекше маңызға ие. Бұл қасиеттер Жанат Бекжановтың қызмет жолынан анық байқалады.
Заманауи сот жүйесінің басты қағидаттарының бірі – ашықтық. Ол қоғаммен байланыс орнатып, халыққа заң талаптарын түсіндіруге, құқықтық мәдениетті арттыруға, сот төрелігінің қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлді. Оның пікірінше, заң бәріне бірдей қызмет еткенде ғана әділетті қоғам қалыптасады.
ҚР Жоғарғы Сотының экс-төрағасы Бектас Бекназаров әріптесін өз ісінің нағыз шебері ретінде бағалайтынын айтады:
– Жанат Бекжановты әріптес ретінде бұрын сырттай білсем, Қызылорда облысына барған сапарымда жақсы таныдым. Облыстық сотпен қатар қалалық соттың жұмысымен де арнайы таныстым. Ол басқарған ұжымның қызметін, қараған істерін өз көзіммен көрдім. Судьяларға жасалған жағдай, ұжымдағы тәртіп пен өзара қарым-қатынас мәдениеті бірден назар аудартты. Жұмысты жүйелі ұйымдастыра білетінін, кәсіби білігі жоғары, талап қоя алатын әрі жауапкершілігі мол басшы екенін анық байқадым.
Ж.Бекжанов ұзақ жылғы адал еңбегі мен құқық саласын дамытуға қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені, ҚР Судьялар одағының «Жеті жарғы» құрмет белгісі, «ҚР сот жүйесіне 30 жыл» мерейтойлық медалі, «Сот жүйесінің үздігі» ІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттар – бір адамның жетістігі ғана емес, әділдікке деген адал қызметтің бағасы.
Жанат Бекжановтың кәсіби қызметіндегі басты ұстаным – заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау. Ол қай қызметте жүрсе де, сот төрелігінің ашықтығы мен әділдігін басты назарда ұстап, қоғамдық сенімді арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше мән берді. Бұл жөнінде әр жылдары берген сұхбаттарында да сот жүйесінің ашықтығы, халықпен кері байланысты күшейту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін үнемі көтеріп отырды.
«Билік айту – оңай, біліп айту қиын» деген сөз судьялық қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін көрсетеді. Судьяның басты капиталы – халықтың сенімі. Бұл сенімге тек заңды жетік білумен ғана емес, әділ шешім қабылдау, адалдық пен жауапкершілік арқылы қол жеткізеді. Жанат Бекжановтың көп жылғы еңбек жолы – осы қағидалардың нақты көрінісі.
Әділдікке қызмет ету –зор жауапкершілік. Сол жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан тұлғалардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





