Конституция

Аймақтың даму көрсеткіштері сараланды

6

0

Кеше өткен облыстық мәслихаттың кезекті XXXIV сессиясында  негізгі 10 мәселе қаралды.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысушыларды алдымен жаңа Ата Заңның күшіне енуімен құттықтады. Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру басты мақсат ретінде белгіленгенін атап өтті.

– Жаңа Преамбулада байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығын сақтау басты қағидат ретінде бекітілген. Билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайтылып, басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылды.

Бұл – мемлекетіміздің тұғырын нығайтып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға негіз болатын маңызды құжат. Мұның барлығы – Қазақстанды демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамытуға бағытталған жүйелі қадамдар.

Жаңа Ата Заңымыз күшіне енгеннен кейін Президентіміз 23 тамызда Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ұлтымыздың тарихына алтын әріппен жазылатын саяси кезеңде баршаңызды елдік мүдде жолындағы маңызды іске белсенді қатысуға шақырамын, – деді облыс әкімі.

Жиында бірқатар азаматқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жолдаған Құттықтау хаты және Конституцияның арнайы басылымы табыс етілді.

Облыс әкімі одан соң өткен жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасап, ең өзекті деген мәселелерді шешуде, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда атқарылған жұмысты, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды атап өтті.

Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге талдау жасап, өткен бес айдың қорытындысына тоқталды.

– 2022 жылдан бері өңірге 2,4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биылға 790 млрд теңгеге жуық инвестиция жоспарланса, оның 261 млрд теңгесі орындалды. Экономиканы әртараптандыру үшін алдағы үш жылға 1 трлн 900 млрд теңгенің  48 инвестициялық жобасын іске асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу межесі бар. Биыл 14 ірі жобаның құрылысы басталады, қазір төртеуінің  құрылысы жүріп жатыр, 2 жобаның капсуласы салынды. Жақын күндері екі жылыжай кешені қолға алынады. Жыл соңына дейін қалған алты жобаны бастау жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен биыл 300 орындық көпбейінді аурухана және «Қызылорда – Арена» көпфункционалды спорт кешені іске қосылады. Бұдан бөлек, екі емхана, жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр. Президенттік кітапхананың, жаңа драма театрдың капсуласы қаланды.

«Батыс-Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіндегі «Қызылорда-Ақтөбе» бағытын төрт жолақты етіп кеңейтудің бірінші кезеңі басталды. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының да басталатын күні жақын қалды.

Облыс тұрғындарын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі тұрақты мәселе. Жыл соңына дейін 10 елді мекен газдандырылып, өңірді «көгілдір отынмен» қамту деңгейі 85 пайызға жеткізілмек. Сондай-ақ үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында биыл 2400 пәтер беру жоспарланған.

Аймақ басшысының баяндамасынан кейін депутаттар сөз алды. Атап айтқанда, депутат Мақсұт Нәлібаев былтыр тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда атқарылған жұмыстарға тоқталып, облыс әкімінің оң бастамаларына қолдау білдіретінін жеткізді.

– Бюджет – өңірдің тұрақты дамуының негізгі тетігі. Осы тұрғыдан алғанда, бюджет қаражатының  басым бөлігі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы құптарлық әрі маңызды қадам. Өткен жылы өңірде әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға айрықша мән берілді. Халықты сапалы ауызсумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында қолға алынған жобалар елге қызмет етіп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл – бюджет қаражатының халық сұранысына сай бағытталып, өңір дамуының нақты көрінісі.  Осы орайда игі бастамаларыңызға қолдау көрсетіп, бірге жұмыс істеуге дайын екенімізді білдіреміз, – деді Мақсұт Ыбырайханұлы.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мұса Қалдарбеков, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Балжан Шәменова қосымша хабарлама жасады.

Сессияда облыстық бюджетке, даму жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, ветеринария, қоғамдық даму, денешынықтыру және спорт басқармасы басшыларының есебі тыңдалды. Облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын толықтыру, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарға өзгеріс енгізу, тағы басқа мәселелер талқыланды.

Айта кету керек, сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттар сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Әмірбек Шаймағанбетов Жалағаш ауданында кент пен екі ауыл ғана «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілгендіктен, ауыл тұрғындарына сексеуілді отын ретінде пайдалануға рұқсат беру туралы сауалын ортаға салды.  Ал депутат Ибадулла Тілеп күріш егістігі қысқарғанына байланысты мал жайылымына айналған егістік танаптарда кене көбейіп, оның адам өміріне қауіпті екенін ескертті. Садық Мұстафаев спорт саласына қатысты мәселелерді ортаға салды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»