Конституция

Алғашқы 30 тонна Ресейге экспортталды

5

0

Жайылма  қарбызымен танымал. Шілде туса жұрт осы ауылдың қарбызын іздей бастайды. Дәмі тіл үйіретін бақша өнімі жеңсік асқа айналғалы қашшан. Құрамында дәрумені мол әрі жесең шөліңді басатын қарбыз  таудың таза суымен суарылып, тың топырақта өніп шығады. Адам ағзасына да пайдалы. Сондықтан да болар, сонау шетелдерден көлік ағылып, Жайылманың қарбызын алқап басынан тиеп кететіні.

Иә, жыл сайын шетелге экспортталатын Жайылманың қарбызы биыл да бітік шықты. Жағымды жаңалықты естіп, жергілікті тұрғындар қуанды. Жаз басталмай базарға түсетін қарбыз-қауын көбіне Түркістан облысынан және көршілес елдерден келетіні белгілі. Алайда бұл өнім құрамында шамадан тыс нитрат бар, денсаулыққа кері әсерін береді. Сол себепті көпшілік Жайылманың бренді саналатын қарбыздың пісуін тосады. Қазір қарбыз пісіп, диқандар қызу тіршілікке кірісті. Осылайша ерте көктемнен басталған еңбектің ақталар сәті жақын. Жайылмадағы шаруалардың жайын білу үшін «Әуез ата» ШҚ диқаны Самат Оспановпен тілдескен едік. Диқан биыл 8 гектар жерге қарбыз егіпті.

– Наурызда  тіршілік басталды. Жерді аударып, бақша дақылдарын егуді қолға алдық. Көшеттеп егу әдісін қолданып келеміз. Сәуірдің басында 3-4 құлақ болып шықты. Суаруда мәселе жоқ. Қаратау етегіндегі Жиделі қоймасынан аламыз. Қойма тау және қар-жаңбыр суынан жиналады. Күндіз-түні алқап басында болдық. Арамшөбін тазартып, балаша баптадық. Нәтижесінде өнім жақсы шықты. Маусым айының аяғында алғашқы қарбызды үздік. Әзірге Ресейге 30 тонна, облыс көлеміне 15 тонна қарбыз жөнелтілді. Басынан саудаласып жатырмыз. Келісі 70 теңгеден. Былтыр да өнім мол жиналды. Гектарына 30-35 тонна алдық. Биыл гектарына 30-40 тонна арасында. Салмағына келер болсақ, кішілері 7-8 келі шықса, үлкен қарбыз 18-20 келіден асады, – дейді ол. 

Қазір мұндағы шаруалардың бәрі дерлік таң атқаннан кеш батқанға дейін егіс алқабында тер төгіп жүр. Жер-анадан ырзық-несібесін теретін шаруалардың көңілі көтеріңкі. Ала жаздай төккен тер еш кетпей өнім жан-жаққа экспортталуда.

– Он жылдан бері қарбыз егумен айналысып келеміз. Бұл – отбасылық кәсіп. Жайылма қарбызы – таза табиғи өнім. Оны өсіруде химиялық дәрі-дәрмек пайдаланылмайды. Соның арқасында қарбыздың дәмі тіл үйіреді. Шырынды дақылды күтіп-баптаудың өзіндік ерекшеліктерін  жергілікті тұрғындар өте жақсы меңгерген, – дейді диқан.

Бейнеттің жемісі тәтті. Диқан үшін бұл өте маңызды. 80 күнде жұлуға жарайтын өнім үшін сол күннің бәрі – бейнет, еңбек адал.

«Жер – жомарт, жерге сенген ел – жомарт, еңбек еткен ер – жомарт» деген жақсы сөз бар. Осы жолдағы еңбеккерлердің маңдай тері ақтала бергей.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»