Конституция

Дәуірлер дүбірі

6

0

Ұлттық домбыра күніне орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Сыр бойы күйшілерінің шығармашылығын насихаттауға арналған «Сыр толқыны» атты дәстүрлі ІІІ республикалық күйшілер конкурсы өтті.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, ұлтымыздың мәдени-рухани құндылығын ұлықтап жүрген өнер өкілдеріне құттықтау лебізін білдірді.

– Құрметті өнерсүйер қауым, қадірлі ағайын, сіздерді ұлттық болмысымыздың алтын арқауы, қазақ даласының сан жылдық шежіресі – Ұлттық домбыра күнімен  шын жүректен құттықтаймын.

Өздеріңізге белгілі, 1 шілдеде мемлекетіміздің жаңа Конституциясы қолданысқа енді. Еліміздің Ата Заңы – мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің жетілуіне, заң үстемдігін нығайтуға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепіл болатын мемлекеттік құжат. Жалпы еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Жаңа Конституция баршамызға құтты болсын!

Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!». Сонау Құрманғазы, Тәттімбет, Байжұма, Қазанғап, Нұрғиса сияқты атақты күйші-композиторларымыз ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы қазақ өнерін әлемге паш етті. Осынау ұлағатты өнер саф қалпында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Ұлттық аспабымыз – домбыра қазақ ұлтын әлемге танытатын брендке айналуы тиіс» деген болатын. Осы орайда халықтың рухани қазынасын жер жүзіне насихаттап келе жатқан өнер иелеріне алғысымыз зор. Бүгінгі күй сайысына қатысушыларға сәттілік, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Күйшілердің республикалық конкурсына Астана, Шымкент, Атырау қалаларынан және Қызылорда қаласынан, Арал, Сырдария, Шиелі аудандарынан жас күйшілер қатысып, өнерін ортаға салды. Конкурс екі кезең бойынша өтті. Қатысушылар  Асан Көнек,  Шал Мырза, Жалдыбай, Әлшекей,  Қошқарбек Тасбергенов, Қазанғап, Құрақтың Досжаны сынды күйшілердің шығармаларын орындады.

Қоңыр домбыраның қос ішегінен күмбірлей төгілген күй ырғағы кең залдың ішін кернеп кетті. Бірде шалқып, бірде баяулай түсіп, сан түрлі сарында төгілген күй ырғағынан көне дәуірдің күмбірі естілгендей. Күйшілердің өнеріне көрермен ықыласы да ерекше екені байқалды.

Конкурс қорытындысымен, І орынды Қайнар Сүйеуғали (Астана) жеңіп алса, ІІ орынды Жансерік Ақжол (Шиелі ауданы), Нартай Нұрмағанбетов (Сырдария ауданы), ІІІ орынды Шадияр Октябрьұлы (Арал ауданы), Аяулым Асқарбаева (Астана), Еркебұлан Соңғыбаев (Атырау) иеленіп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға Алғыс хат берілді.

Республикалық конкурсқа күйші,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің оқытушысы Бақытжан Дүйсенғазиев (қазылар алқасының төрағасы), эпик жыршы,  этномузыкатанушы, фольклорист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов, дирижер-композитор, «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық симфония оркестрінің дирижері, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры Мүсілім Әмзе, күйші, Мәдениет саласының үздігі, Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығы жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі  Әділбек Тәшімов қазылық етті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»