Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек.
Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Тарихы да терең. Атаулы күн қарсаңында қара ағашқа жан бітірген шебер Ақбүркіт Жауынғаровпен тілдесіп, домбыра жасаудың қыр-сырын сұраған болатынбыз.
Ол қазақтың ұлттық аспабын байырғы әдіспен және қол күшімен жасайды. Мұны кәсіп емес, өнер деп бағалайды.
Ұсталыққа бала күнінен жақын болды. Әкесі домбыраны қолға алғаннан-ақ қасынан шықпай, үніне құлақ тосатын. Қолөнерге ептілігі байқалып, ағаштан түрлі бұйым жасады. Кейін ұлттық аспап жасауды қолға алды. Белгілі шебер Біржан Ділмановтың шәкірті атанып, тәжірибе жинады. 2022 жылы Белкөлден жеке шеберхана ашып, ісін жалғастырды.
– Домбыраны жергілікті жерде өсетін ағаштан жасаймын. Оның ішінде қайың, қарағаш. Өйткені, қарағаш акустикалық материал әрі дыбыстың тербелісі мен үніне тікелей әсер етеді. Ең алғашқы аспапты досым сатып алды. Ұнады. Бастысы сапасына мән беремін. Көбіне өзге қалалардан тапсырыс түседі. Бұл өнер шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Сондай-ақ жан қалауы болуы тиіс. Домбыра жасағанда әрбір кескініне назар аударамын. Сезіне білемін. Ұқыпты жасалған дүние жақсы шығады. Бір домбыраны жасау үшін кемінде 10-15 күн кетеді, – дейді ол.
Шебер 2024 жылы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қайтарымсыз грантты иеленген. Қаражатқа қажетті құрал-жабдығын алды.
– Шеберхана ашқаннан кейін мемлекеттің қолдауына ие болдым. Өзге қалалардан ою салатын станок, ағаш жонатын, кесетін және бояйтын құралдар әкелдім. Жалпы жұмыстың 80 пайызы қол еңбегі арқылы жасалады. Өзім домбыра жасаушыларды екі топқа бөлемін. Бірі сапаға, екіншісі санға жұмыс істейді. Ал жақсы дүние сападан шығады, – дейді шебер.
Ақбүркіттің айтуынша, әр ұстаның аспап жасауда тәсіл-амалы бар. Ол ең алдымен мойын ағашынан бастайды. Одан әрі шанағын құрайды. Кейін бас ағаш пен белін шығарады. Бастысы оның қолынан шыққан домбыраға өнер адамдары мен күйшілер де жоғары баға берді. Осылайша он саусағынан өнер тамған шебер атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық аспапқа жан бітіріп келеді.
Мемлекет басшысы «Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек» деген болатын.
Шағын шеберханадағы қызу тірлік тоқтамайды. Тұтынушының талғамына сай домбыра жасап шығу – ұстаның басты ұстанымы. Шебер кейінгі кездері шәкірт тәрбиелеуді қолға алған.
– Қызығушылық танытып келетін жастар көп. Бірақ төзе бермейді. Себебі қарағаштың қасиетін ұғына білуі тиіс. Жұмыс шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Көпшілік домбыраны тартқанды жақсы көреді. Ал шеберханадағы жұмыстың оңай емес екенін түсіне бермейді. Кейде тұтынушы бағасы қымбат екенін айтады, ал еңбекті бағаламайды. Көршілес елдерден келетін әрі бағасы арзан аспапты алады. Алайда сапасы сын көтермейді. Сол себепті қайта айналып келетіндер бар, – дейді шебер.
Ол болашақта цехын үлкейтіп, өнім көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ өнер орталығын ашып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды көздейді. Мектеп, орта және жоғары оқу орындарында домбыра сабағы ашылып, шеберхананың жұмысына қызығатын жастар көп болса деген тілегі бар.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





