Құрылтай

Су бар жерде ырыс бар

13

0

Сыр өңірінде су шаруашылығы саласының маңызы зор. Өйткені, мұндағы ағайынның елеулі бөлігі егін егумен айналысады. Сондықтан жаз мезгілінде дария деңгейіне алаңдайды. Осы орайда тәжірибелі мамандардың сауатты іс-жоспарының нәтижесінде диқандар жауапты кезеңде судан таршылық көрген жоқ. Бұл бағытта «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы мамандары жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Филиал басшысы Нәжмадин Шамұратов өңірдегі су шаруашылығы саласының ғасырдан астам тарихына тоқталды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Перовск уездік су округі құрылып, халыққа қызмет көрсете бастаған. Осылайша суармалы егіншілікке қатысты мәселелер мамандар бас қосқан съезде қаралды. 1924 жылы Ақмешіт су округі бойынша егістік көлемін кеңейтуге көңіл бөлінді. Нәтижесінде суландыру жүйесін тәртіпке келтіруге назар аударылды. Сол арқылы алғаш рет су жолын инженерлік жобалау-зерттеу ісі қолға алынды. Мұндай оңды іс-шаралар 1931 жылға дейін өңірдің су шаруашылығы саласының қалыптасуына игі әсерін тигізді. Одан кейінгі кезеңде төменгі Сырдария су жүйесі басқармасы ашылып, оған Қызылорда, Арал, Қазалы, Аламесек, Қармақшы, Тереңөзек аудандары қарады.

–  Қолдағы дерек көздеріне сүйенсек, 1954 жылы облыста суландырудың жаңа әдісіне көшу үшін тұңғыш рет егістік жерді шағын көлемде тегістеуге көңіл бөлінді. Осыған байланысты машина-мелиоративтік отрядтар жұмысын бастады. Бұл 1957 жылға дейін мыңдаған гектардың тегістелуіне жол ашып, гидротехникалық құрылыстардың салынуына мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде 1956 жылы Қызылорда плотинасы елдің игілігіне айналды. Одан кейін Шіркейлі арнасын кеңейту жүзеге асты. Сондай-ақ Қызылорда сол жаға каналының алғашқы кезеңінде су өткізгіштік қабілеті секундына 140 текше метрге жеткізілді.

Келесі кезекте Сырдария өзенінің облыс аумағындағы тағы бір ірі құрылыс – «Қазалы» су торабы пайдалануға берілді. Алпысыншы жылдардан бастап су шаруашылығы саласының өрлеу кезеңі басталды. Мамандардың мол тәжірибесі арқасында суармалы егіншілік жер инженерлік жүйеге келтірілді. 1974 жылы  «Кызылордаремводстрой» тресі ашылды. Оған аудандардағы жылжымалы механикаландырылған колонна, автобаза, өндірістік-техникалық жабдықтау басқармасы қарады, – дейді Нәжмадин Шамұратов.

Өңірдің су шаруашылығы саласындағы нысандар бүкілодақтық екпінді құрылысқа айналды. Бұл Жаңақорған ауданындағы Түгіскен, Шиелі, Қызылорда қаласындағы сол жаға және оң жаға, Қазалы ауданының егістік алқаптарын игеру, суландыру жүйелері мен қашыртқыларын инженерлік жүйеге келтіру ісіне жол ашты. 1963-1978 жылдар аралығында Қызылорда сол жаға және оң жаға массивінде 97,6 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Дәл осындай  жұмыстар Жаңақорған-Шиелі массиві бойынша 1977 жылы 31498 гектар шамасында орындалды.  Сала мамандарының жауапты жұмысының нәтижесінде мұндай алқаптар 1986 жылы 173 мың гектарға жетті.

Мамандардың айтуынша, 1974-1978 жылдары Сырдария өзенінің суы төмендеп, өңірде қуаңшылық болды. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі ұйымдастырылғанның, Үкіметтен қаралған қосымша қаржының арқасында насос қондырғысы жеткізілді. Қашыртқы суы екінші мәрте пайдаланылды.

– Осы күрделі кезеңнен ешқандай қиындықсыз алып шыққан мамандар еңбегін жоғары бағалаймыз. Олардың барлығы су мен жердің тілін білетін, табиғат пен суармалы егіншіліктің қыр-сырына қанық инженер-гидротехник мамандар еді. Мәселен, игілікті істің басы-қасында Мұстақим Ықсанов, Шаймерден Бәкіров, Әбубәкір Тыныбаев, Сұлтан Сәрсенбаев, Балтабай Сәрсенов, Эрик Гукасов, Виктор Гончаров, Сабыр Арыстанбаев, Вячеслав Рябов, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Тыныштықбаев, Елтай Құтыбаев, Ержігіт Бозғұлов, Әскербек Мақұлбеков, Әлімбет Жаппарханов сынды азаматтар жүрді.

Жалпы, өңірдің шөлейтті және шөлді аймақта орналасуына байланысты егіншілік суармалы жүйеге бейімделген. Сондықтан қай кезеңде де  суармалы жерді тиімді пайдаланудың маңызы зор. Тоқсаныншы жылдарға дейін күріш және өзге дақылдарға суды ысырапсыз жеткізу үшін нақты іс-шаралар жүзеге асты. Оның ішінде каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, күріш егісі жүйесіндегі алқапты күрделі тегістеу және ішкі су жүйелерін жөндеу секілді мелиоративтік жұмыстар мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асты, – дейді филиал басшысы.

Тоқсаныншы жылдардың бастапқы кезеңінде 265,4 мың гектар суармалы алқаптың 172,5 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген еді. Бұл жер 5 суармалы алқапта орналасты. Мекеме мамандары ұзындығы 2300 шақырым магистральдық каналдар, 900 шақырым шаруашылық қашыртқының жұмысын назарда ұстап келді. Олардың бойында 544 гидротехникалық құрылыс, «Бесарық» және «Жиделі» су қоймалары халыққа қызмет көрсетті. Сондай-ақ 11900 шақырым ішкі шаруашылық су жүйелері, 24000 шақырым гидротехникалық құрылыстар сала мамандарының бақылауында болып келді. Оған қоса ұзындығы 2287 шақырым Сырдария өзенінің 56 пайызы облыс  аумағында  жатыр. Сондықтан қай кезеңде де су шаруашылығы мамандары уақытпен санаспай еңбек етіп келеді.

– Айта кетсек, суармалы жердегі магистральды, шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық, қашыртқылар мен олардың бойындағы гидротехникалық құрылыстар, қуатты электр насостарына жыл сайын күрделі немесе ағымдағы жөндеу жасалып отыруы тиіс. 1998-2000 жылдары Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асты. Бұл ішкі шаруашылық нысандарында күрделі тегістеу және қалпына келтіруге мүмкіндік туғызды. Сол арқылы Жалағаш ауданындағы Аққұм ауылында 1034 гектар алқапта осындай ауқымды жұмыстар елдің игілігіне айналды. Рас, ол кезеңде ауыл шаруашылығы құрылымдарының қаржы және экономикалық жағдайы өте төмен еді. 2000 жылы облыс басшылығының шешімімен «Қызылордасушаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Сала мамандары қайта құру кезеңіндегі ауыртпалықты еңсеріп, облыстық су шаруашылығы мекемесін мемлекеттік меншікте сақтап қалуға көңіл бөлді. Бұл кезеңде кәсіпорын басшысы қызметінде Әбдіманап Құтжанов болды, – дейді Н.Шамұратов.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында су шаруашылығы саласының қаржы-экономикалық жағдайының тұрақталуы байқалды. Дария бойындағы ірі су шаруашылығы нысандары жөнделіп тазаланды. Жаңалары бой көтерді. Бұл маңызды істер «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтап қалу»  жобасының бірінші кезеңінде жүзеге асты. Ол «Әйтек» су торабы жүйесі кешенін салу және жақсартуға ықпалын тигізді. Облыста ұзындығы 49,9 шақырым болатын су тасқынынан қорғау бөгеттері, «Қызылорда» және «Қазалы» су тораптарын жаңғырту қолға алынып, Солтүстік Арал теңізіне «Көкарал» бөгетін салу және «Шардара» су қоймасын жөндеуге мән берілді.

– Кейінгі жылдары су ресурстарын тиімді басқару және диқандарға уақытылы су жеткізу ерекше маңызға ие болып отыр. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы ауқымды жұмыстарды  атқарып  келеді.  Филиал  өз теңгеріміндегі магистральды және шаруашылықаралық каналдарды, су тарату жүйелерін, бөгеттер мен өзге де гидротехникалық құрылыстарды күтіп-ұстау арқылы өңірдегі су шаруашылығы жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасап келеді. Жыл сайын вегетация кезеңінде суару инфрақұрылымын жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі, – дейді филиал басшысы.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі тірегі әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық ресурс әсіресе, күріш шаруашылығы дамыған Сыр өңірінде ерекше маңызға ие.

– Осы бағытта «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының атқарып отырған жұмысы ауқымды. Біздің негізгі міндетіміз – суармалы егіс алқабына су жеткізу қызметін қолданыстағы келісімшарт талабына сәйкес сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және гидротехникалық нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Мамандарымыз мекеме теңгеріміндегі магистральды және шаруашылықаралық каналдарды, су тарату тораптарын, бөгеттер мен басқа да гидротехникалық құрылыстарды күтіп-ұстау арқылы өңірдегі су шаруашылығы жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Жыл сайын вегетация кезеңіне дайындық барысында суару инфрақұрылымын жақсарту бағытында кешенді жұмыс жүргізіледі. Биылғы вегетация кезеңіне дайындық аясында облыс көлеміндегі суармалы каналдар механикалық тазалаудан өтіп жөнделді. Атап айтқанда, инвестициялық жобалар шеңберінде Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистральды каналының 12 шақырымы, Шиелі ауданындағы Р-12 каналының 4,2 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Сонымен қатар Шиелі ауданында  4 гидротехникалық құрылыс  күрделі жөндеуден өтті. Ал Қармақшы ауданындағы Құрайлы каналының 17,13 шақырымы және Жалағаш ауданындағы республикалық меншіктегі Солтүстік каналының 3,3 шақырымы толық тазартылып, онда су өткізу қабілеті артты. Бұл іс-шаралар суармалы алқаптарға судың кедергісіз жетуіне және шығынды азайтуға мүмкіндік берді, – дейді Нәжмадин Шакизадаұлы.

Биыл Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы тұрақты суаруға 3,2 миллиард текше метр су пайдалану лимитін белгіледі. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда төмен. Сондықтан мамандар су ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқару арқылы облыстың ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

– Облыстың индикативтік егіс жоспары 185,8 мың гектар, күріш көлемі 70 мың гектар. Кейінгі жылдары өңірде суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландыру және су үнемдеу технологиясын енгізуде нақты шаралар қолға алынуда. Су жеткізу қызметтерін цифрландыру мақсатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірлеген Sugaru.gov.kz пилоттық биллингтік жүйесі енгізілді. Аталған портал арқылы су тұтынушылармен келісімшарт жасау үдерісі жеңілдетіліп, қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде портал арқылы  1021 су тұтынушымен 118,5 мың гектар егіс алқабын, оның ішінде 68 мың гектар күріш алқабын суландыру бойынша келісімшарт жасалды. Жалпы келісілген су көлемі – 2,75 миллиард текше метр. Суару маусымы басталғалы бері филиал Сырдария өзенінен 1,64 миллиард текше метр су алып, тұтынушыларға 1,29 миллиард текше метр су жеткізді. Магистральды және шаруашылықаралық каналдардың орташа пайдалы әсер коэффициенті 80 пайыз, бұл көрсеткіш суару жүйелерінің тиімді жұмыс істеп тұрғанын және  су   ресурстарының  ұтымды  пайдаланылып жатқанын көрсетеді, – дейді филиал басшысы.

Мамандардың айтуынша, өңірде су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу жұмыстары да қарқынды. Биыл облыс көлемінде 8862 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 1488 гектар алқапта тамшылатып суару, 7374 гектар жерде жаңбырлатып суару әдісі қолданылуда. Сондай-ақ 70 мың гектар егіс алқабы лазермен тегістеліп, су пайдалану тиімділігі артты.

Қазір суару науқаны жоспарға сәйкес тұрақты жүргізілуде. Су шаруашылығы нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, егін алқаптары қажетті сумен қамтамасыз етілуде.

– «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы алдағы уақытта да су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмысын жалғастыра береді. Тіршілік көзінің әрбір тамшысын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс өңірдің ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады, – деп сөзін түйіндеді филиал басшысы.

Айта кетсек, қазір елімізде тұтынатын судың 60 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп барады. Мұндай көрініс Сырдария өзені бассейніне тән. Суармалы жердегі суды пайдалану барысында бірқатар қиындық кездеседі. Елімізде бір келі өнім өндіруге жұмсалатын судың үлесі өте жоғары болып отыр. Жаңа ирригациялық технологияларды пайдаланатын елдерде ол 150 литрден 600 литр шамасында. Өкініштісі, бұл көрсеткіш бізде 10 еседен жоғары. Қазіргі күні сала мамандары тиісті іс-шараларды қолға алған.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»