Адамзат пен табиғат тіршілігіне нәр беретін суды реттейтін өз мамандары бар. Үкімет 9 шілдені Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні деп жариялаған. Сол кезден бастап Қазақстанда жыл сайын кәсіби мереке атап өтіледі.
Сушының еңбегі орасан зор. Күні-түні егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету, бақылау және оны егістікке дер кезінде жеткізу, қыс-көктем мезгілдерінде мол суды апатсыз өткізу үшін құзырлы органдармен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды басқару және қауіпсіздік ережелерін сақтау, су қоймаларының жұмысын реттеу, жоғарыдан келетін судың көлемін қауіпсіз мөлшерде ұстап тұру, қауіпті аймақтарды анықтап, тиісті шараларды қабылдау төзімділікті, жоғары біліктілікті және үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Мемлекет басшысының су саласындағы заң бұзушылықтардың жауапкершілігін заңнамалық деңгейде қатаңдату, соның ішінде судың қара нарығын жою шараларын күшейту тапсырмасы бар. Оны орындау үшін стратегиялық маңыздылығы ескеріліп, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, елімізде ауқымды шаралар атқарылуда.
Негізгі міндеттер су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы және су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында бекітілді.
Сонымен қатар, өткен жылы 9 сәуірде жаңа Су кодексі күшіне енді. Жаңа құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарды жазалау шаралары күшейтілді, жедел ден қою шаралары енгізілді, айыппұл көлемі едәуір өсті. Кәсіпкерлік кодексі су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалармен толықтырылды.
Егер бұрынғы Су кодексінде «суды пайдалан, бірақ, бүлдірме, ластама» деген талап қойылса, жаңа кодекс «суды пайдалан, сонымен қатар, су үнемдеу шараларын қабылда, су үнемдеу технологияларын, суарудың прогрессивті техникасын, айналымды немесе қайталама сумен жабдықтау жүйелерін ендіруге басымдық жаса, ғылыми-инновациялық жаңалықтарды енгіз» деген талаптарды қойып отыр.
Мемлекеттік су саясаты су пайдалану мәселесіне көзқарасты түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Үнемдеу, табиғатты аялау – бұл тек заман талабы емес, барша адамзаттың адами қасиеттерінің ажырамас бір бөлігі, әдептіліктің бір көрінісі екенін ұғындыру, ерте жасынан бастап осы қасиеттерді бойына сіңіру, тәрбиелеу.
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы – су шаруашылығы бассейні шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының өңірлік бөлімшесі.
Өз құзыреті шегінде су қатынастары субъектілерінің қызметін үйлестіріп, қорды қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 4 түрін ұсынады. Олар – суды есепке алу аспаптарын пломбалау, гидротехникалық құрылыс жайлардың қауіпсіздігі декларациясын тіркеу, су пайдалануға арнайы рұқсат құжатын рәсімдеу, су объектілеріндегі, су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі құрылыс және өзге де қызметтерге байланысты жұмыс жүргізу шарттарын келісу.
Бүгінде Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының штат саны екі есеге ұлғайтылды. Түркістан қаласынан бір бөлім ашылды. Материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. 2024 жылы 3 автокөлік, биыл тағы 2 көлік бөлінді. Кеңсе тауарлары жаңартылды, оның ішінде, мемлекеттік инспекторлар планшеттермен, дрон, курвиметр, су өлшеу құралдары және т.б. жабдықтармен қамтамасыз етілді. Инспекцияның ғимараты күрделі жөнделіп, заманауи жиһаздармен жабдықталды.
Су шаруашылығы мамандарының білімін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп, былтырдан бері инспекцияның 6 маманы Жапония, Қытай және Тәжікстан елдерінде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, тәжірибе алмасып қайтты.
Инспекцияда жиырма жылдан астам және отыз жылға жуық жоғары білікті мамандар Сейтқасым Абуов, Ерлан Сағымбаев, Айгүл Әлібекова, Нұрғиса Алматов, Сұлтанбек Бекжанов, Әлия Абдуманова, Жанар Искакова абыроймен қызмет атқарып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан еңбек әулеттері де бар. Сейтқасым Абуовтың ата-анасы осы салада жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан, сол сияқты жас маман Әлия Мейрамның да әулеті су саласына қатысы бар.
Жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен, тұрақты баспанамен қамту секілді бағдарламалар мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асырылып, жас буын мамандар өз кәсібін тауып еліміздің өркендеуіне атсалысуда.
Макария Абдисалимова, Аружан Ержанқызы бүгінде инспекцияның бос мемлекеттік лауазымына конкурс арқылы жұмысқа қабылданып, бас маман қызметін атқарып келеді.
Студенттерге мамандықтың дағдыларын үйретуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Қызылорда агротехникалық колледжімен келісімшарт жасалып, практикалық тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, инспекция мамандары жоғары оқу орындарының студенттерін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық шараларына тартып, ынталандырып, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына қатыстырып келеді.
Жастарды қолдау, оларды патриотизмге тәрбиелеу – басты міндет. Инспекция мамандары орта мектеп оқушыларына су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру үшін кездесулер, ашық сабақтар ұйымдастырып, ақпараттық бейнероликтер көрсетіп, түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіп келеді.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қала көшелері, үлкен даңғыл бойында «Суды үнемде – болашақты сақта!» билбордтары орналастырылды. Адам көп шоғырланатын орындарда – әуежай, автовокзал, теміржол вокзалы, базарлар, сауда супермаркеттерінде суды үнемдеу тақырыбында көрнекі ақпараттар ілінуде.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасын арттыру және су тұтынушылардың құқықтық сауатын жетілдіру жұмыстары аясында жылына екі рет «Ашық есік күндері» өткізіліп, азаматтар су пайдалану мәселелеріне қатысты туындаған сұрақтарына инспекция мамандарынан тиісті жауап алады.
Оқу семинарлары ұйымдастырылып, онда су пайдаланушыларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жайлы, су пайдалануға рұқсат құжатын алу, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы жаңа Су кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, тоқсан сайынғы ведомстволық статистикалық есепті электронды түрде тапсыру тәртібі түсіндіріледі.
Бүгінде вегетация науқанында шаруалар мен диқандар егістік алқаптарынан мол өнім алу үшін судың қажетті көлемде және тұрақты берілуін қамтамасыз ету маңызды, осы жолда сушылар тынымсыз еңбек етуде.
Мамандар аудандарға барып, жергілікті атқарушы органдармен және су тұтынушылармен кездесулер өткізіп, тиімді пайдалану бойынша, су жеткізіп беру қызметіндегі тарифтің өсуі, бассейндік су инспекцияларымен су пайдаланудың арнайы рұқсат құжатын рәсімдеу, заңсыз су пайдалануға жол бермеу, «Қазсушар» РМК филиалдарымен су беру қызметінің автоматтандырылған биллинг жүйесі арқылы тұрақты суару үшін су жеткізіп беру қызметіне келісімшартқа отырып, рұқсат етілген нормадан артық пайдаланбау, есепті қатаң жүргізу, үнемдеу технологияларын қолданғаны үшін берілетін субсидиялар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Су кодексінің талаптары қатаң сақталуы тиіс. Сондықтан, алдағы уақытта судың «көлеңкелі нарығын» жою және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу және су ресурстарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін барша азаматтарды үлес қосуға шақырамын.
Су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еліміздің өркендеуі жолында жасап жатқан қызметтеріңіз әрқашан табысты болсын!
Зейнулла ҚАЗТОҒАНОВ,
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі
Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы





