Сырдың бас қаласындағы игі бастамалар

408

0

Сырдың бас шаһарында құрылыс саласы қарқын алды. Қаланың келбетін көркейтетін ғимараттар қатары көбейіп, бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілуде.

Атап айтсақ, облыс әкімінің бастамасымен былтыр «Неке сарайы», 1000 орындық «Өнер орталығы», сол жағалаудағы «Қан» орталығының құрылысы басталды.

Сондай-ақ, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығының іргетасы қаланды. Осы жылы ғимарат ел игілігіне берілетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов мәлімдеді.

– Қаламызда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №2-ші шағын ауданына 10 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Аймақ басшысының қолдауымен басталған игі істің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса, жеке инвесторлар есебінен 9,9 млрд. теңгеге 509 пәтерлі 18 үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар ауқымды жобаның бірі – «Бәйтерек» мөлтек ауданында «ұңғымалар бұрғылаумен су жинағыш құрылысын салу» жобасы да қолға алынды. Біз осы жобаны жүзеге асыру арқылы Бәйтерек, Шанхай, КБИ мөлтер аудандарындағы жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Қала көлемінде газ желісі тартылмаған елді мекендерді толық көгілдір отынмен қамтамасыз ету де назарымыздан тыс қалған емес.

Қаламыздың маңындағы Ақсуат ауылдық округіне былтыр республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алу мақұлданған болатын. Соның аясында, қаламызға 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Қалған автобустарды ақпан айында жеткізуді жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, бұл да облыс әкімінің пәрменді қолдауы арқасында қолға алынды. Сондай-ақ, меценаттар мен демеушілер де ел үшін аянып жатқан жоқ. «Балалар жылы» аясында облыс әкімінің бастамасы арқылы кәсіпкерлердің демеушілігімен қала және оған қарасты кент, ауылдық округтерге барлығы 50 ойын-спорттық алаңдары салынды. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 3 спорттық-ойын алаңы пайдалануға берілді, – деді қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<