«TURǴYNDAR AMANATY» форумы аясында тұрғын үй мәселелері талқыланды

7

0

Бүгін «TURǴYNDAR AMANATY» форумы аясында панельдік отырыс ұйымдастырылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Панельдік отырысты партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жүргізіп, жобаның маңыздылығын, жоба аясында атқарылатын жұмыстарды кеңінен жеткізді.

Жалпы отырысқа Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамыту орталығы» акционерлік қоғамының Тұрғын үй қатынастары және нормативтік-техникалық реттеу департаментінің директоры Марғұлан Абдыкаримов, жауапты басқарма, бөлім басшылары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар, мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары, басқарушы компаниялар мен коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері қатысты.

Атап өтейік, «TURǴYNDAR AMANATY» жбасыныңы мақсаты – тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи қалалық орта қалыптастырып, азаматтардың тұрғын үйді басқару процесіне белсенді қатысуын арттыру.

Панельдік отырыста еліміздің түрлі өңірлерінде өткізілген осындай семинарлардың тиімділігі айтылып, аталған тәжірибені Қызылорда облысында жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, басқарушы ұйымдардың ашықтығы мен тұрғындар алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, мүлік иелері бірлестіктері төрағалы тарапынан шатырлардың жай-күйі, күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы, атқарылған жұмыстар мен құжаттар арасындағы сәйкессіздік, аула жарығы мен бейнебақылау жүйесінің жеткіліксіздігі секілді мәселелер көтерілді.

Аталған мәселелер ортақ талқыланып, бұл түйткілдерді шешу үшін тұрғындармен ашық жұмыс жүргізу, қаржының жұмсалуын тұрақты түрде түсіндіріп отыру, қабылданатын шешімдерге азаматтарды кеңінен тарту және қызмет сапасына бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.