ХХ ғасырдағы халықтың тағдырын сынаған, ұлттың жігерін таразыға салған кезеңде ашаршылықтың ащы зары, соғыстың сұрапылы, тұрмыстың таршылығы бәрі қатар келді. Осындай сын сағатта қайыспаған Асан Егешбаевтың өмір жолы бір адамның ғана ғұмыры емес, тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті.
А.Егешбаев 1914 жылдың 20 шілдесінде қазіргі Қызылорда өңіріндегі Сарықұм ауылы маңында, Шеген көлінің бойындағы Қоразбай жарған елді мекенінде дүниеге келді. Бұл табиғаты қатал болғанымен, рухы мықты адамдарды тәрбиелеген орта еді. Әкесі Сыздық Ақмешіт пен Қостанай арасындағы керуен жолында ұзақ жыл керуенбасы қызметін атқарған, жол мен жоралғыны жетік білетін, ел ішінде сыйлы адам болған. Анасы Зейнеш Орынбетқызы Тұрсынбай датқа әулетінен, 1876 жылы дүниеге келіп, жүз жас жасап өмірден өтті. Анасының сабырлы болмысы Асан ағаның мінезіне де әсер еткені анық.
Ол бала кезінен зерек болды. Алты жасынан ауыл молдасынан білім алып, ескіше хат таныды. Кейін Сарықұмдағы 14-бекетте орналасқан үш сыныптық орыс-түзем мектебінде білімін жалғастырды. Әкесі балаларының оқуын тоқтатпау үшін Ақмешітке қоныс аударды. Бұл оның өміріндегі маңызды бетбұрыстардың бірі болды.
1925 жылдың сәуірінде өткен тарихи съезд шешімімен Ақмешіт қаласы Қызылорда деп аталып, Қазақ АКСР-інің астанасына айналды. Ел астанасының осында көшуі білім мен мәдениеттің де жандануына жол ашты. Оқу- ағарту комиссариатының төрағасы Біләл Сүлеевтің бастамасымен Орынбордағы тоғызжылдық мектеп Қызылордаға көшіріліп, Сарқырама бойындағы ғимаратқа орналастырылды. Асан Егешбаев осы мектепте білім алып, толық курсын тәмамдады. Кейін кеңес дәуірінде Ликбез жүйесінде есеп қаражат курсын бітіріп, кәсіби тұрғыда шыңдалды.
Еңбек жолын 1931 жылы туған жерінде есепшілік қызметтен бастаған ол жастайынан ұқыптылығымен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Комсомол жолдамасымен Қырғызстанға жіберіліп, Базарқорған ауданындағы машина-трактор станциясының жанындағы политотделде қызмет атқарды. Бұл қызмет оның ұйымдастырушылық қабілетін ашып, қоғамдық жұмыстарға бейімділігін көрсетті.
1937 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылуы оның өмірін түбегейлі өзгертті. Бұл кезеңде халықаралық жағдай шиеленісіп тұрған еді. 1938-1939 жылдары Хасан көлі мен Халхин Гол маңындағы шайқастарға қатысып, шығыстағы әскери қақтығыстардың бел ортасында жүрді, әскери тәжірибесін шыңдады.
Көп ұзамай Кеңес-Фин соғысы басталды. Бұл – тарихтағы ең ауыр соғыстардың бірі. Кеңес одағы жүздеген дивизия, мыңдаған техника жұмылдырды. Ладога көлі мен Баренц теңізіне дейінгі кеңістікте кескілескен ұрыстар жүрді. Соғыс адам шығыны жағынан да, техника жағынан да орасан ауыр болды. Ондаған мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам жараланды. Асан Егешбаев Бессарабияны азат ету ұрыстарына да қатысты.
Ұлы Отан соғысы оның өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Брянск майданы құрамында 1941 жылдың 27 қарашасынан 1943 жылдың 14 наурызына дейін шайқасты. Мценск және Орел бағыттарындағы ұрыстарға қатысып, ерлігі үшін бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталды. Әскери қызметте рота командиріне дейін көтерілді. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Ушаков» медалімен наградталды.
Соғыста үш рет жараланып, бір рет ауыр жарақат алды. Жамбас сүйегі сынып, әскери госпитальда күрделі ота жасалды. Дәрігерлер оны әскери қызметке жарамсыз деп танып, елге қайтарды. Үшінші топтағы мүгедек атанса да, өмірге деген жігерін жоғалтқан жоқ.
1943 жылдан 1945 жылға дейін Сырдария ауданындағы Көкжиде елді мекенінде орналасқан Жаңатұрмыс колхозында бас есепші болып қызмет атқарды. Кейін колхоз басшысының міндетін уақытша атқарды. Партия ұйымының хатшысы ретінде халықтың тұрмысын түзетуге, шаруашылықты қалпына келтіруге белсене араласты.
1946 жылы партиялық тапсырмамен Сұлутөбе ауылына жіберілді. Бұл кезде елді мекеннің жағдайы өте қиын еді. Инфрақұрылым жоқтың қасы. Соған қарамастан, ауылдың дамуына елеулі үлес қосты. Кейін Тасбөгеттегі ОРС мекемесін басқарды, одан соң қалалық тұтынушылар одағының директоры қызметін атқарды.
1969 жылы денсаулығына байланысты зейнетке шыққанымен, еңбектен қол үзбеді. Қызылорда облысындағы түрлі мекемелерде бас есепші, экономист болып жұмыс істеді. Ол қай жерде жүрсе де әділдігімен, тазалығымен, талапшылдығымен ерекшеленді. Жастарға жол көрсетіп, өз тәжірибесін үйретуден жалыққан емес.
Асан аға білімге ерекше мән берді. Үйінде соғыс тақырыбындағы кітаптарды, әйгілі қолбасшылар Жуков пен Рокоссовскийдің еңбектерін жинап, үнемі оқып отырған. Әскери тәртіпті өмірде де ұстанып айналасына үлгі болды.

Отбасында да береке мен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Жары Сақыпжамал Ақбергенқызымен 1944 жылдың 7 ақпанында шаңырақ көтерді. Сақыпжамал ана тек жұбайы ғана емес, үлкен әулеттің тірегі болды. Соғысқа кетіп оралмаған ағасы Әбудің баласы Құдайберген мен қарындасы Күлпайранды өз қамқорлығына алып, ана мейірімін сыйлады.
Бұл шаңырақтан төрт ұл, төрт қыз тәрбиеленіп өсті. Ұрпақтары әр салада, үлкен қызы Шара көші-қон саласында қызмет етсе, оның жұбайы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Оразбек Сәрсенбаев болды. Роза денсаулық сақтау саласында кадр бөлімін басқарды. Оның жұбайы ҰҚК қызметкері, Ауған соғысының ардагері, полковник Абылай Мырзабай еді. Әлия шет тілдер маманы, гид-аудармашы болды. Ұлы Марат ішкі істер органдарында қызмет атқарып, кейін ұстаздық жолды таңдады. Болат партия органдарында еңбек етіп, кейін кәсіпкерлікпен айналысты. Нұрия әлеуметтік қорғау саласында қызмет етті. Қайрат мұнай саласында инженер, Талғат құрылыс саласында инженер болды.
Асан Егешбаев 1979 жылы 65 жасында дүниеден өтті. Бірақ оның өмір жолы ұрпаққа үлгі болып қалды. Бүгінде немере-шөберелері отыздан асып, үлкен әулетке айналған.
Оның ғұмыры – қайсарлықтың, төзімнің, адал еңбектің үлгісі. Ол ашаршылықты көрді, соғысты бастан өткерді, бейнеттің ащысын татты. Бірақ ешқашан мойымады. Елге қызмет етуді өмірінің мәні деп білді. Осындай тұлғалардың арқасында тарихтың ауыр жүгін көтерген халық бүгінгі күнге жетті. Тағылымы мол ғұмыр иесін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парызы. Асан Егешбаевтың есімін жаңғыртып, еске алу шаралары, тағзым кештері ұйымдастырылса, бір көшеге аты берілсе деген ұсынысымыздың қолдау табарына сенімдіміз.
Нұрғали ҚАРТАБАЕВ,
інісі





