Бүгін Жалағаш ауданының Еңбек ауылында Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары 140 ұпай жинаған жас түлек Альфия Бахытбергенқызы құрметке бөленді.
Дарынды жас түлекті құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, ұстаздар қауымы, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов аудан халқының атынан жас түлекті тарихи жетістігімен құттықтап, бұл нәтиженің табандылық пен үздіксіз еңбектің, ата-ана мен ұстаздардың қажырлы қолдауының жемісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Альфияға алдағы өмір жолында биік белестерді бағындырып, таңдаған мамандығының білікті маманы атанып, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Шара барысында Альфия Бахытбергенқызына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, оның білім жолындағы үздік жетістігіне құрмет көрсетіп тәрбиесіне ерекше мән берген ата-анасына да аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің арнайы Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында «JUZ40» оқу орталығының атынан өзі білім алған Еңбек ауылындағы №232 М.Байділдаев атындағы орта мектептің кітапхана қорына символикалық түрде 140 кітап тарту етілді.
Айта кету керек, Альфия Бахытбергенқызы болашақ мамандығы ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін таңдаған. Талапкердің айтуынша, қазақ әдебиетіне деген ерекше қызығушылығы мен ана тіліне деген құрметі оның осы мамандықты таңдауына негіз болған.
Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімі





