Worldskills  Kazakhstan: Студенттеріміз топ жарды

649

0

Фото: Қоғамдық даму басқармасы

«Worldskills  Kazakhstan – 2023» VIII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Абылай хан» колледжінің студенттері топ жарды.

Астана қаласында  2023 жылдың 23-25 қараша аралығында  өткізілген «Worldskills Kazakhstan – 2023» VIII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Сан түрлі мамандықтарды меңгерген жастар интеллектуалдық қуаты мен білігін ортаға салып, 30 құзырет бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетті. Чемпионатқа 545 студент 510 сарапшы қатысып, өз жұмыстарын ортаға салды. Ауқымды деңгейдегі кәсіби шеберлік чемпионатының маңыздылығы сондай сайыс алаңына премьер-министрдің орынбасары Т.Б.Дүйсенова, ҚР оқу-ағарту министрі Ғ.Б.Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, әлеуметтік әріптестер, кәсіпорын қызметкерлері қатысып, тың идеялары бар дарынды жастардың қабілеттері мен шеберліктерінің куәсі болды. Үш күнге созылған чемпионаттың нәтижесінде Қызылорда облысының намысын қорғауға 19 үміткер қатысып, нәтижесінде 6 студент үздік деп танылып, 1 алтын, 1 қола, 4 «Үздік маман» медальонымен марапатталды.

«Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің студенті Қауынбаев Дінмұхаммед «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» құзыреті бойынша ұлттық чемпионаттан жүзден жүйрік атанып, облысымыздың мәртебесін асқақтатып «Алтын медальді» қанжығасына байлады. Адамды алға жетелейтін ізденімпаздылық, табандылық, күш-жігер. Осындай қасиеттерінің арқасында өзінің туған жерінің абыройын асқақтатып, сан мыңдаған ынталы жастарға үлгі болған, колледжіміздің мақтанышы Дінмұхаммедтің биіктен көрінуіне ұстаздарының да қосқан үлесі зор. Сайыс талаптарына сай барлық мүмкіншілігін зерттеп-зерделеп, «Hard skills» және «Soft skills»деңгейлерін  шыңдаған жетекшісінің еңбегінің нәтижесі айқын көрінгенін мақтанышпен айта аламыз. Облысымыздың намысын қорғап жалғыз алтын медальді абыроймен жеңіп алған Дінмұхаммед біз үшін жарық жұлдыз!

Үздіктердің ішінен суырылып шыққан тағы бір жеңімпазымыз, колледж мақтанышы «Сән технологиясы» құзыреті бойынша биік тұғырынан көрінген Абдуллаева Жансая да «Үздік маман» медальонымен марапатталып, облысымыздың мерейін үстем етті. Биылғы жылы чемпионатқа барлық өңір қатысушылары үлкен дайындықпен келген. Жеңіс үшін барын салып, барлық мүмкіндіктерін көрсеткен қарсыластардың жігері, талпынысы өте жоғары болды. Сондай тартысты сайыстан топ жарып, жылдамдығымен, біліктілігімен жеңіс тұғырынан көрінген біздің студенттер нағыз жеңімпаз!

«Worldskills Kazakhstan – 2023» VIII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында суырылып шыққан жеңімпаздарымызды, білікті студенттерді дайындаған сарапшыларымызды және Руслан Кажденбекұлы бастаған колледж ұжымын жеңісімен құттықтаймыз. Жеңімпаздар 2024 жылдың 10-15 қыркүйегінде Францияда өтетін «WorldskillsLyon»халықаралық чемпионатына барып, ел намысын қорғайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<