
Жаңақорғаннан 25 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың бірі – Өзгент. Тарихын қазсаңыз, сонау Сығанақ, Сауран қалаларымен қатар салынған, солармен тағдырлас шаһар. Зерттеушілер еңбегінде көрсеткендей, Сырдың сол жағалауындағы ортағасырлық мәдениеті мен саудасы, саяси-экономикасы, ілім-білімі дамыған қала. Бір деректерде Өзгенттің Қасым хан тұсында қазақ хандығына қарағаны жазылады. ХV-ХVІІІ ғасырларда бұл шаһар Ақсақ Темір және оның ұрпақтары мен жоңғар жорықтарында қирап, тарих сахнасынан біржола кеткен. Ал бүгінде ежелгі қаламен аттас ел де, көл де бар. Заман ағымына бейімделіп, халық түрлі кәсіпке ден бұрып, тұрмысын түзеткен. Ауыл әкімі Байзақ Мырзабаевтың айтуынша, жұрт ішінде күріш егіп, мал өсіргеннен бөлек, кәсіпкерлікті өрістеткендер де жетерлік. Тілшілік тіршілікпен жүрген біз оны байқап та үлгердік. Сонымен…
Аман қалған айдын
Өзгенттен Орынбек Асылбаев есімді кәсіпкермен таныстық. Бір ғажабы, жұрт секілді сауда-саттық дүкенін ашып немесе сырттан тауар тасымалдап жүрген көптің бірі емес екен. Ішкі істер саласынан зейнетке шығысымен туған ауылға оралып, тұралап қалған кейбір істі қолға алған. Соның бірі – ежелгі Өзгент шаһарымен аттас көлдің балық қорын молайтып, өнімді аудан мен облыс орталығына арзан бағада ұсыну. 2016 жылдан бастап, құжаттарын дайындап, 10 жыл мерзімге жалға алған іскер азамат жақында ғана 3 тонна балықты аймақ халқына арзан бағамен сатыпты.
– 2015 жылдан бастап зейнеттемін. Зейнет жасындамын ғой деп жата беруге де болмас. 2016 жылдан бері осы көлдің басындамын. Мысалы, менің міндетім – осында әртүрлі сортынан 13 мыңнан аса шабақты көлге жіберіп, өсімін қадағалау. Ол дегенің көлге әншейін тамшы сияқты ғой. Бұл көлге бірінші жылы 40 мың шабақ жіберілсе, одан кейін 2017 жылы 70 мыңнан астам ұсақ балық жіберілді. Арнайы жем шашамыз. Ғылымда дәлелденгендей, балық жемнің иісін, мүмкін дәмін болар, 150 шақырымнан сезетін көрінеді. Жемді арнайы қапқа дария арқылы көлге құятын Түгіскен каналындағы шлюз аузына орналастырдық. Енді қараңыз, дариядағы қанша ұсақ балық азықтың осы көлде екенін біліп, шлюз арқылы ағылады. Яғни, мал сияқты ғой. Жайылым қай жерде болса, сонда балық өсімі көп. Осы тәсіл арқылы, балық қорын молайтып келеміз, – дейді жеке кәсіпкер.
Аумағы 150 гектар болатын көлде бүгінде сазан, дөңмаңдай, тыран, ақ амур, шортан, алабұға мен мөңке, жайын сияқты балық түрлері өсуде. Кәсіпкер биылдан бастап қолдан уылдырық шайқау арқылы балық қорын арттырмақ. Жабайы табиғатта балық өсімі уылдырық шашу кезінде 1 проценттен асар-аспас қана болады екен. Өйткені олар уылдырық шашқанда оның көбі жыртқыш балықтарға азық болатын көрінеді. Ал қолдан өсіру кезінде уылдырық арнайы аппаратта өніп, ондай қауіптен аман болады. Шабақ тұқымы түгел дерлік аман өсіп, көлге жіберіледі. Бүгінге дейін «Түгіскен» каналы арқылы ұсақ шабақты көлге тартуға әрекет жасаған Орынбек ағаның бұл кәсіпке шындап ден қойғаны іс-әрекетінен білініп-ақ тұр. Көрінген көлге ауыз сап, ау құрған немесе тоқпен ұрып, бір кездері бақасына дейін бақылдамай қалған айдынды жеке қорғауға алып, жан бітірген Орынбектің ісіне өзгенттік азаматтар да дән риза.
Бал арасы болмаса…
Сіз бал арасының 76 сезім мүшесі бар екенін білесіз бе? Шынын айтсақ, кәсіпкерден ара өсірудің қызығы мен құпиясын есітсеңіз, осындай тіршілік иесінің небір тылсымына қанығасыз. Бұлар кәдімгідей әр ұяшықта бір-бір әулет болып тіршілік ететінге ұқсайды. Өз патшайымы, оның күтушісі мен күзетшісі болады. Тіпті, патшайымды тамақтандыратын аспаз аралар барын естігенде еріксіз күлгенмін. Ал, жұмысшы аралардың тағдыры бұларға қарағанда қиындау. Олардың маңдайына 52 күн өмір сүруді жазып қойыпты. Қалай дейсіз бе? 5-6 жылдық ғұмыры бар аналық араның жұмыртқасынан пайда болған әлгі күні санаулы араңыз ұяда жатып 20-21 күн дамиды. Енді 20-21 күнде ішкі жұмыстарды атқарып, өз ұяларын тазалап, бал таситын орынды дайындайды. Өзінен кейінгі жұмыртқаларды не аталық араларды тамақтандырады. Қалған 10 күнін бал тасумен өткізеді. Соңғы демі біткенше, гүл шырынын аралап, жұмысқа барар не келер кезінде «демі үзіледі». Еркек аралардың тағдыры да осыған ұқсайды. Олар еш қызмет атқармайды. Тек келген балды жеп жата береді. Бар міндеті – аналық арамен уақытында шағылысу. Енді қызықты қараңыз. Күз түсісімен оларды (аталықтарды) ұядан қуып шығатын көрінеді. Солай күздің қара суығында қатып, қырылып қалады. О, тоба дейсіз бе? Ол ештеңе емес, күзетші араның міндеті тіптен қызық. Өзге омартадағы араны өз ұясына кіргізбек былай тұрсын, аттап бастырмайды. Ал, барлаушы аралар жан-жақтағы өнім көптігін қарап, бал жинайтын қор қай жерде мол кездессе сол жерге қалғандарын шақыратын көрінеді. Кейде бұл барлаушыңыз басқа ұяшықтағы аралар санын да бақылап отырады. Тіпті, көрші аралар саны өздерінен аз болса, «басып алу операциясына» кіріседі. Сол себепті, әр ұяшықтың алдындағы күзетші ара өзге барлаушыларды өз ұясына кіргізбейді. Кірген жағдайда ол араңыз тірі шықпау керек. Алда-жалда тірі құтылса, онда тұтастай екі ұяшық арасын соғыс өрті қаулауы мүмкін. Өйткені, бар мәліметті «ұрлап» әкетті ғой. Аралар «саясаты» тым қатал.
– Қазір 80 омарта ұяшығы бар. Басында 3 ұяшықтан бастағанмын. Есімде сол үшеуі 51 келі бал берді. Табысы көл-көсір. Ал оны бағуын келістірмесеңіз, шығынға мықтап ұшырайсыз. Аналық ара өнімді екі жыл жақсы береді. Одан кейін оны ауыстырып отырамыз. Қазіргі уақытта олар қыстық қор яғни балды қорек қып жатыр. Оны бақылап отырмаса болмайды, себебі, азығы жетпей қалуы да мүмкін. Олай тұтас қырылмау үшін қосымша бал беріп отырамыз. Сіз көріп отырғандай, әр ұя аузына ешқайсысы ұқсамайтын қазақы ою не түрлі гүлдің суретін салғанмын. Себебі, жұмысшы аралар өз ұясына оралғанда кішкентай дақтың өзін байқайды. Өзінің ұясын жазбай таниды, – дейді Орынбек Жүсіпбекұлы.
Орекеңнің айтуынша, бал арасын зерттеп тану қиынның қиыны. Белгілісі, адам денсаулығына мың дауасы бар. Бір ғана мысал, араның қанатының суылы бізге байқалмаса да, онымен демалған адамға күш-қуат беретін қасиеті бар екен.
– Зейнетке шыққаннан кейін осы кәсіпті алғаш бастаған кезім. Оң аяғымның тобығы сыздап, бастырмай жүретін. Қанша ем алсам да, кейде тіпті жүргізбей қоятыны бар. Сондай күндердің бірінде, омарта аралап келе жатып, ұяның аузын қате ашыппын. Күзетші ара сигнал берген болу керек. Тұтастай ара біткеннің бәрі дәл ауыратын аяғымның тобық тұсынан шағып, талап әкетсін. Жан керек, жалма-жан бас сауғалап құтылдым. Мына қызықты қарасаңшы, сол күннен бастап, әлгі аяқтағы сырқырау да, сыздау да сап тиылды, – деп күлді Орынбек аға.
Айтпақшы, сіз бен бізге белгілі Альберт Эйнштейн есімді данышпан былай депті. «Егер бал арасы болмаса, адамзат төрт жылдан соң жойылады-мыс». Жаны бар сөз. Бал арасының адам денсаулығында маңызды рөл атқаратынын ешкім жоққа шығара алмайды. Өзгенттен көрген өзгеше дүниенің бірі осы болды.
Бауырлардың бастамасы
Бүгінде Өзгент ауылында «Нұрымжан» жеке қожалығын құрып, әулеттегі бауырларымен туған ауылына қызмет жасап жатқан Орынбек Асылбаев сияқты азаматтарға риза көңілмен қарайсыз. Бұл жігіттер әуел бастан бөдене асыраудан шағын кәсібін бастаған. Бір інісі Ғалымжан Әділбеков жоғарыда айтып өткен Өзгент көлінің бүкіл шаруасын жүргізсе, тағы бір бауыры Рүстем Әділбеков құс шаруашылығын қолға алған. 150 күркетауық пен 400 бөдененің бабын тапқан Рүстем келешекте бұл кәсібін кеңейтсем деген ойын жасырмады. Ауызбірлігі мықты ағайынды жігіттердің үлкені әрі ақылшысы Нұрлан ақсақал да інілерінің қарап жатпай, өз халінше қарманып жүргеніне қуанышты. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жүрген бауырлардың бастамасына біздің де көңіліміз тоғайып, кейін қайттық. «Төртеу түгел болса, төбедегінің келетінін» сіз де ұққан боларсыз, құрметті оқырман?!
Суретті түсірген Ж.СЕЙДЕМЕТОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<