Қазақстанның жаңа спутниктері қашан іске қосылады

6

0

Фото: new-science.ru

Қазақстанның жаңа спутниктері қашан ұшырылады? Бұл сұраққа ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жауап берді.

Қазақстанда жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) спутниктерінің жаңа буынын қалыптастыру және қолданыстағы топтаманы жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі кезде айыру қабілеті орташа KazEOSat-MR сериясына жататын үш спутникті әзірлеу жобасы іске асырылу үстінде. Бұл аппараттар ауыл шаруашылығы, экологиялық мониторинг, жер ресурстарын басқару және төтенше жағдайларды бақылау сияқты салаларда кең ауқымды деректер ұсынуға бағытталған. Спутниктер қазіргі уақытта жинақтау және сынақ кезеңінде, ал олардың ұшырылуы 2027 жылға жоспарланған, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, 2026–2029 жылдарға арналған айыру қабілеті жоғары KazEOSat-HR спутниктерінің топтамасын құру жобасы мақұлданды.

Бұл спутниктер жоғары дәлдіктегі түсірілімдер арқылы инфрақұрылымдық жоспарлау, жер кадастры, қауіпсіздік және қорғаныс салаларындағы міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, жаңа ЖҚЗ спутниктерін іске қосу Қазақстанның ғарыштық мониторинг жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеріп, деректердің дәлдігі мен жеделдігін арттырады, – деп аталып өткен ведомство ақпаратында.