Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Жаңа Конституцияның күшіне енуі аясында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Оған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Мәжілістен кейін аудан басшысы күн тәртібіндегі және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған басқа да бірқатар өзекті мәселелерге қатысты арнайы аппарат мәжілісін өткізіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан басшысы алдымен жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуімен құттықтап, бұл тарихи оқиғаның ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Жаңа Конституция – елдің дамуына бағытталған аса маңызды стратегиялық құжат. Бұл құжат алдымен мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды негізгі басымдық ретінде бекітеді. Конституцияның 1-бабында адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы екені нақты көрсетілген. Бұл қағида мемлекет қызметінің түпкі мақсаты – адамды қорғау, оның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қоғамдағы өмір сапасын арттыру екенін білдіреді. «Заң мен тәртіп» қағидаты – жаңа Конституция мен саяси реформалардың басты іргетасы. Ол мемлекет пен қоғам дамуының қауіпсіздігін, әділеттілікті және адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз қорғалуын қамтамасыз ететін негізгі құндылық ретінде бекітілді. Мемлекет басшымыздың «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды.
Отаншылдықты жасампаз іспен көрсету, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жаңа Конституция жобасының түбегейлі принциптері қатарына енгізілгенін ерекше атап өту қажет. Бұл табиғатқа, туған елге деген жанашырлықты күшейтуге, әрбір азаматтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Баршаңызды Президентіміздің Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құру идеясы жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді аудан басшысы.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші маңызды мәселе – салық базасын ұлғайту және бюджет кірістерін арттыру болды. Осы ретте 2026 жылға ауданның кірістер жоспары мен қосымша түсім көздері талқыланып, салықтық түсімдердің орындалу барысы сараланды.
2026 жылға ауданымыздың кірістер жоспары 4 млрд. 269 млн. теңге болып бекітілген. Жыл соңына дейін қосымша 92,8 млн. теңге түсім түсіріліп, жылдық жоспарды 4 млрд. 362 млн. теңгеге жеткізу жоспарланған.
Аудан әкімі салық түсімі төмен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты себептерін түсіндіріп, жұмысты жандандыруды тапсырды. Көлік салығы бойынша берешектерді өндіру, көлеңкелі экономиканың алдын алу, заңсыз кәсіпкерлік пен лицензиясыз өнім саудасын анықтау бағытындағы жұмыстардың қарқынын сынға алды. Жауапты мекемелерге бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді міндеттеді.
Жиында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өзге өңірлерде тіркелген кәсіпкерлер мен ірі көлік иелерін ауданға тіркеу арқылы салық базасын кеңейту мәселесі де қаралды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстың жеткіліксіз екенін айтып, барлық дербес бөлімдер мен әкімдерге нақты межелер жүктеді.
Мәжіліс соңында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстары да кеңінен талқыланды. Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және бірқатар ауылдық округтердегі тазалық жұмыстарының деңгейін сынға алған аудан басшысы анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.





