Қалалық мәдени және демалыс паркі жаңа маусымын бастады. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған әсем де жайлы демалыс орнына арнайы барып, маусымның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыс әкімінің үйлестіруімен шаһарымыздағы парктер, аллеялар, скверлер мен тарихи орындар қайта жаңғыртылып, тұрғындарымызға жайлы орта қалыптастырылуда. Былтыр мәдени және демалыс паркі заманауи кейіпке еніп, саялы мекенге айналды. Сондай-ақ «Қорқыт ата» сквері де қайта түлеп, жасыл желекке оранған тынығу орталығы атанды. Наурыз мерекесінде жаңа үлгіде жаңғырған Президент саябағының салтанатты ашылуы өтті. Қазір мұнда демалушыларға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Алдағы күндері осы аумақта бой көтеріп жатқан балалар тынығу лагері мен Ботаникалық бақ пайдалануға беріледі. Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен қаламызда жарқын жобалар сәтті жүзеге асуда. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жаңадан әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде. Денсаулық, мәдениет және спорт салаларын дамыту, халыққа қолжетімділігін арттыру бойынша серпінді құрылыстар қолға алынды, – деді Арнұр Әлібекұлы.
Қалалық мәдени және демалыс паркінде тұрғындардың тынығуына және жаз маусымында уақытты тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Биыл да келушілердің көңілін сергітуге арналған танымдық және тағылымды шаралар ұйымдастырылады. Парк аумағындағы барлық ойын құралы түбегейлі тексерістен өтіп, техникалық қауіпсіздігі қатаң сақталған.
Кейінгі кезде облыс аумағында балалар алаңсыз асыр салып ойнайтын орын көптеп ашылуда. Заманауи ойын, спорттық алаңдар мен субұрқақтар бар. Халық демалатын орындарды абаттандыру, саябақтар мен сквер-аллеяларды қайта жаңғырту қолға алынды. Жалпы, қалада үлкен-кішілі 42 саябақ пен демалыс паркі бар. Бәрі де жаңа кейіпке еніп, келушілердің көңілінен шығуда.
Бастысы, саябақтар мен демалыс орындарының жаңадан, заман талабына сай жасақталғанына тұрғындар мен балалар дән риза.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





