Жылыжайға бап керек

152

0

Шиеліліктерге Мұрат Исабековтің есімі жақсы таныс. Ол жылыжай жұмысын жандандырып, аудан тұрғындарын жылдың төрт мезгілінде балғын көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. 2016 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып жылыжай ісін қолға алған кәсіпкер қияр, қызанақ, баклажан өсіреді.

– Осы кәсіппен айналысқаныма 10 жылға жуық­тап қалды. Ата-анам егін егумен айналысатын, содан көргеніміз бар, біз де осы кәсіпті бастап кеттік. Алғашында қияр мен қызанақ ектім, қазір оған баклажан қосылды. Мәселен, ақпан айында тасталған тұқымнан көшет дайындалып, отырғызылады. Қазір сатылымға шығарылып жатқан соның өнімі. Күзге дейін сатуға болады. Күзде қайта егемін. Оны қыс бойы сатып шығамыз. Негізінен өнімдеріміз ауданға таратылады. Арасында Алматы қаласына да жіберіп тұрамыз, – дейді Мұрат.

Кәсіпкердің айтуынша, жылыжайдың жалпы көлемі 28 сотық. Басында 18 сотық болған. Алдыңғы жылы жылыжай өндірісін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4,5 млн теңге несие алған.

Алынған қаражатқа жаңадан жылыжайлар салып, бүгінгі күні көкөністі молынан өсіруде. Осы салада бай тәжірбиесі бар кәсіпкер ерте бастан егілген өнімді жергілікті базарларда сату арқылы қомақты қаржы табуда.

Мамандардың айтуынша, жылыжай өнімінің артықшылығы жылдам өсіп, сырты көз тартарлықтай жылтыр болады.

Сонымен бірге, ылғал мен жылу барлық аумаққа бірдей таралады. Бірақ жабық жерде өскен өнімнен күннің иісі сезілмейді. Дәмі мен иісі жағынан далада өскен көкөністен айырмашылығы да осында. Десе де, құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткілікті.

Бұл шаруашылықтың да өзіне тән қиындығы аз емес. Сапалы өнім алу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық.

– Жұмысты бірден жолға қою қиын. Мысалы, мен жерді алғаннан кейін үй салмай тұрып, осының құрылысын қолға алдым. Әуелі жерді дайындадым, онан соң қаңқасын тұрғыздым, сосын жарығы мен жылуын істедік дегендей. Бүгінде отбасылық кәсіпке айналдырдық. Еккен егінімізден жақсы өнім алу үшін оның күтіміне де көңіл бөлу керек. Қияр, қызанақтан мол өнім алу үшін арнайы дәрісін, дәрумендерін уақытылы, мөлшерімен беріп отыру қажет. Күтімі мен бабы келіссе ғана, шығымы жақсы болады. Жақсы біткен өнімнің әрине, табысы да мол. Жылыжайға егетін қиярдың тұқымы өзгеше болады. Оны Түркістан мен Шымкенттен алдырамын. Қазір қиярдың үш түрлі сортын өсіреміз. Бір түптен он келідей қияр аламыз. Жылына екі рет егемін. Бір маусымда, яғни, 4 айда 8 тоннадан аса өнім береді. Күнара бір тонна өнім аламыз. Күн суытқанда «Айсберг» қырыққабатын егеміз. Оны жазда егуге болмайды, тез шіріп кетеді. Тек қара күзде егу керек, өйткені суыққа өте төзімді, яғни жылудың қажеті жоқ. Оған да сұраныс көп, табысы жақсы. Мейрамханалар, тойханалар, кафелер жақсы алады, тіпті жетпей қалады. Алдағы уақытта құлпынай егуді ойлап жүрмін. Ол енді қаражатқа байланысты. Былтыр қызанақ ектім, биыл оның орнына баклажан өсіріп жатырмын, – дейді Мұрат.
Көкөністі таңертең ерте жинайды.

Мұратқа отбасынан бөлек, көрші-көлемі де көмекке келеді. Алдағы уақытта құлпынай егуді қолға алсам деген ниеті бар. Өйткені оған адам күші аз кетеді екен әрі табысы да мол көрінеді.
Осы тұста, өзге елдердің тәжірбиелерімен де бөлісе кетейік.

Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Осы сала едәуір дамып тұрғандар тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерландыда жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн еуро тұрады. Өйткені оның құрылымында қуатты көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар. Ал Түркиядағы жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсірілсе, қалған 10 пайызына жеміс, 2 пайызына қияр егіледі. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерландының өзі әлемді азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бүгінде бұл ел тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі 2- орында.

Тұрғындарды арзан көкөніспен тұрақты қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда жылыжай жұмысын жандандыру­дың маңызы зор. Одан бөлек, жылыжай – табыс көзі. Кәсіптің көзін тауып, жерден несібесін теріп жүрген Мұрат секілді жандар көпке үлгі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ол жылыжайдың арқасында үй-жайға қолы жеткенін айтады. Істің көзін танитын кәсіпкер болашақта қосымша мал өсірумен айналысуға да ниеттеніп отыр.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
Қызылорда-Шиелі-Қызылорда