Шуағы күндей, салмағы зілдей жырының

575

0

 Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ақын Елубай Әуезовтің «Сырдан бір күн келеді көтеріліп» деп аталған шығармашылық кеші өтіп, «Түпсана жаңғырығы» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.

Жыр кешін жырау Айдос Рахметов ақ домбыра арнауымен ашты.

Облыстық мәдениет, ар­хивтер және құжаттама бас­қармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әбілдаев құттықтау сөз сөйлеп, ақынға облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.

Мұнан соң Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Димаш Байдөшев сөз алып, кеш иесіне шапан жапты.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор міндетін атқарушы Нұрбол Аппазов  ақынның кеудесіне «Университеттің үздік түлегі» деп аталатын оқу орнының мәртебелі медалін тақты.

 Ал, ақынның туған ауылы Бесарықтан келген бір қауым ел атынан жазушы Жұмабай Әубәкіров Е.Әуезовтің шығармашылығы жөнінде жүрекжарды пікірін білдірді. «Оның өлеңдерінің терең ирімдеріне бойлау үшін ағын судай білімің болу керек» деген алғаусыз ойын айтты.

Жиналған көпшілік облыс­тық жастар театрының әртістері оқыған ақын өлеңдерін  лед-экраннан тың­дады.

Жыр кешінде Е.Әуезов­тің «Сен қажет етсең» деп аталатын өлеңіне жазылған Елена Әбдіхалықованың тоқсаныншы жылдардың сәніне айналған әнін белгілі өнерпаз Ақмарал Ноғайбаева шырқады. Композитор Алтын Бикено­ва мен бард әнші Алмағанбет Жүнісовтің ақын сөзіне жазылған жаңа әндері орындалды.

Кеш иесі Е.Әуезов өз өлеңдерін оқып, жастарға қолтаңба берді.

Жыр кешін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы жүргізді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<