Туған жерге тағзым

23859

0

Фото: автордан

Сейфолла Оспан – 1938 жылы 15 желтоқсанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қаз-МУ-дің филология факультеті журналистика бөлімін бітірген. Қызылорда паровоз депосында (1956 — 1957) жұмысшы, Алматыдағы «N»75 құрылыс тресінде» (1957 — 1958) моторист болып істеген. 1958-1997 жж. «Жазушы», «Рауан», «Қазақстан» баспаларында корректор, редактор, Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильмде» аудармашы әрі редактор, «Ара-Шмель» журналында бөлім меңгерушісі, халықаралық «Түркістан» газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарған.      

Төменде Сейфолла Оспанның бірнеше өлең жолдарын оқырмандарға жариялағалы отырмыз        

     ***

Туған жерге тағзым

Уа, Туған жер!

Менің жырым сенің дархан  базарың

Жұмсақ мимен ауыр ойдың

Қатпар-қатпар қабаттарын қазамын.

Мың шыймайлы әр күнімнің

Тарау-тарау томдарын,

Екі аяқпен жер төсіне

күні бойы жазамын.

Көп екен ғой қалың елің

көрмей жүрген ғажабың,

Сілкіп тастап жүріп келем

Ұлы өмірдің

ұсақ-түйек мазағын.

Сен де бірақ ырысыңды

 таусылардай қызғанба,

Өзің жайлы жырлап өтсем

таусылмайды жазарым.

ТАБЫНАМЫН

Табынамын Қара жерге,

Тәңірім ол жаратқан.

Табынамын Су мен терге

Бойыма қан таратқан.

Табынамын Көкте Күнге,

Сәулесіне шомылып.

Келтіреді Ауа тілге,

Тіршілік ол.

                    Оны да ұқ!

Жел – Сәйгүлік, шабыт тұнған,

Жеткізбейтін қиялым.

Ел – Мәңгілік аңыз тұрған

Кімге оны қиямын.

Айналатын жақтасыма

Ақиқатым дару-бақ.

Бас иемін От басыма

Қолдайтұғын әруақ.

Менің басқа тәңірім жоқ,

Тәңірім тек осылар.

Жолым – шындық.

                          Жүрегім – от.

Тобым да осы қосылар!

БІР СӨЗ БОЛСА…

Бір сөз болса сыймайтұғын ақылға,

Көкіректік жараспайды ақынға.

Ақын – халық.

                   Халық тұнған даналық,

Ал даналық жібермейді насырға.

Халық-Анаң, сөз анасы, өз анаң,

Өз анаңда сан мінез бар төз оған.

Көкіректік – күш көрсету,

Таста оны.

Тізеңді бүк,

                   Қос қолыңды соз оған.

Халық – әкең, арқа тұтар асқарың,

Асқарыңды көзге елемей таспағын.

Сонда жатыр

                   Сенің бүкіл қуатың,

Ойлан ақын,

                   Бола алмас ол бас қамың.

Халық – Әжең кемсеңдеген иегі,

Сүйретіліп келе жатқан сүйегі.

Бар тілегін төккен ұрпақ жолына,

Өміріңе өзек берген тиегің.

Халық – Атаң, сақалы бар салалы,

Бүкіл тарих сөз боп содан тарады.

Ол – қасиет

                   Көтермейтін қылжаңды,

Бір-ақ соғар сен сияқты баланы.

Халық – Ару, көрсең көзің тоймаған,

Не мықтыны бас идірмей қоймаған.

Көкіректік көңіл сүймес жел ғана,

Орнын білер,

                   Есті ақындар ойлаған.

Ақын – халық,

                   Халық тұнған даналық,

Даналықта болмайды еш алалық.

Ал даралық – дарақылық, топастық,

Сабыр сақта алып ұшпай тоба ғып.

Ей, ақыным, сен халықсың, абайла,

Халық жүгі, тым ауыр жүк, қалайда.

Оған төзу…

                   Әй білмеймін…

                                      Айта алман.

…Ақындардан аңыз бекер тарай ма?!.

Сәл еркелік жарасады ақынға,

Еркін сөйлер халық тілі хақында.

Оны жоққа шығаруға болмайды,

Түсінеді жақының да, жатың да.

Ақын – Халық, осы отырған өздерің,

Ақын бала қанат берген сөздерің.

Сөздеріңнен қыран болсын ақының,

Шалып түсер ақиқаттың көздерін.

АРҚА СҮЙЕР ӘРУАҒЫМ-ТУҒАН ЖЕР      

Алтын орда, ақ орда, орда, орда

Астанамыз болыпты-ау Орынборда.

Бақыт құстай – Астана ұшып жүріп

Қонып өткен құт мекен Қызылорда.

Бабамыздың сен маған үніндейсің,

Әжеміздің мейрімді жүзіндейсің.

Ен даламның  дидары құшақ жайған

Көгімдегі күндей боп күлімдейсің.

Кейде анамдай аялап Күнім дейсің.

Арқалап өт еліңнің жүгін дейсің.

Әкемдейін  сынға алып әрқашанда,

Тұяқ  бол деп тұрғандай сүрінбейтін.

Аңыз дала – өңірдің көзіндейсің,

Сағыныштан шайқалған теңіздейсің.

Асыл жырдың арқауын алаулатқан,

Абыз дана жандардың сөзіндейсің.

Жер жәннәті жайнаған үрімдейсің,

Самалы ескен саябақ гүліндейсің.

Өңіріңнен бүр жарып өнген жанға,

Аллам өзің бере гөр жүрім дейсің.

Салқын қанды сабырды төзім дейтін,

Ұнатпайтын жандарды өзім дейтін.

Туған әр-бір өзіңде сәби үш ін,

Ұрпағы үшін анадай арашалап.

Әруақты жандайсың көз ілмейтін.

Алдымдағы шығатын өрімдейсің,

Қастер тұтар қағидат төрімдейсің.

Қысылғанда қайдан да алып шығар,

Бір құдырет күшсің сен көрінбейтін.

Кейде көңіл босатар сезімдейсің,

Арқа сүйер асқар  тау сенімдейсің.

Таң  ғажайып бір тұтас бөлінбейтін,

Мызғымайтын  тұғырсың Елім дейтін.

Пендеңді  жырақ кеткен сен іздейсің,

Ұрпағыңа жандайсың ем іздейтін.

Ғайыптан алғаш рет жерге түскен

Адам-ата-һауана өзіндейсің.

Алтын орда, ақ  орда, орда, орда,

Ақ сәулесін санама құйған ол да.

Адам-ата-һауана алғашқы рет,

Түскен жердей  құт-мекен Қызылорда.

«СЫР БОЙЫМ» МЕНІҢ

«Сыр бойым» менің сұңғыла тілім,

Тасбұлағымдай тасқынды жырым.

Бұрқырап жатқан тамырын тартып

Тұран ойпаттың тағлымды сырын.

«Сыр бойым» менің түлеген ділім,

Саңқылдап шығар ақжарқын үнім.

Көне өлке көркін көтеріп қайта

Шығарған шыңға дүлей күш дүрім.

«Сыр бойым» менің толысып толып,

Сөйлейсің қазір әлемді шолып.

Ойлардың небір бастауы болдың

Тарихың көне бақ болып қонып.

Сен емес әсте айбынар қорқып,

Тұрғанда қолдап әруағы Қорқыт.

Әлемі түркі бас иер саған

Әбекең жазған теңіздей толқып.

«Егеменіммен…»  егіздей өстің,

Тізгінін ұстап аруана көштің.

Жыл өткен сайын жас түлек түлеп

Тұғырға тартып тұсауын кестің.

Өзіңсің менің құт қонған өлкем,

Марқасқалық ойларым көркем,

Кемеңгерліктің кемелін бердің

Болашақ ұрпақ жайсын деп өркен.

Шұғыла шашып шежіре шерткен,

Шеріңмен шемен құтқарып дерттен,

«Сыр бойым» менің кеудеңді бермей

Келесің әлі тайынбай серттен.

«Сыр бойым» менің данасың маған,

Тілімнің үні бас иген ғалам.

Алақайымсың құшағын ашқан

Алақанысың туған жер анам.

Жасай бер жаса өшпесін үнің,

Көсем сөз көркем көшпесін сырың.

Тұғыры биік халқыңды сүйіп,

Жар болсын Аллам, Қорқыттай пірің.

ЖАЛАҒАШЫМ – МАҚТАНЫМ

Қыстақ десем тақияңа  тар келер,

Шәһәр десем артық деп ел әурелер.

Шаруасы дөңгеленген бұл аудан

Шағын шәһар десем елім жөн көрер.

Бұл жерде өткен талай-талай ұлы сын,

Жалағашым жал-жал толқын ырысым.

Кең тынысты жайсаң жандар ордасы

Анық басып айтар болсам дұрысын.

Қастер тұтар мұнда жандар жетеді,

Қасиетті не әулие мекені.

Әсіресе үш алыпқа бас исек,

Небір жандар аңыз көріп өтеді.

Бұйрығымен Кенесары бабаның,

Ақмоланың бекіністі қамалын,

Алғаш рет шапқан батыр Бұқарбай

Мекен еткен осы ауданның алабын.

Қынабынан алдаспанын суырып,

Қас-дұшпанның зәре-құтын қуырып,

Әруақты айбары асқан қаһарлы,

Шыққан батыр осы өлкеден туылып.

Бұл жеріңді жайламаған жынды үрей,

Мұнда да бар даңқы асқан сыр сүлей.

«Кенесары – Наурызбайды» жарлаған,

Бір Нысанбай не тұрады жыр – дүлей.

Қолдан құрап бүкіл қазақ өнерін,

Не екенін көрсеткен жан өренің.

Алысты ойлар асыл жанын Темірбек

Жүргеновтің тұлғасын мен өремін.

Ресейдің қарауына барған біз

Ол кезде әлі автоном ел болғанбыз.

Барша қазақ қырылып аштан жатқанда

Әлсіреп ел тұрған кезі ед арман құз.

Бірақ өнер өрге шапты бәйге алып,

Темірбекпен құдыретке айналып.

Мынадай ел өз тізгінін алмаса

Дегендей-ақ қанат қағар қайралып.

Кетер деді Сталиндей тас түнек –

Көңлі жібіп өнерлері асты деп.

Қатардағы республика болсын деп

Бұйрық берді көңілдері тассын деп.

Сөйтіп біздер аштан өліп қырылып,

Қас өнерден қатыгездер жылынып.

Әжептәуір қатардағы ел болдық

Дүниеден құтылғандай жылымақ.

Бұл дегенің еңбегі еді Жүргенов,

Тіл байланып, айта алмадық күрмеліп.

Нағыз шындық ақиқаты осы еді,

Керек десе бұл жайды біз білмедік.

Ақыр соңы құрбан болды Темірбек,

Ойлап едік арқа-бастар кеңір деп.

Енді білдік сол бір ғажап өнерге

Кесілгенін құрбандыққа кеңірдек.

Сол Жүргенов осы жердің түлегі,

Кеше болған бүкіл қазақ тірегі.

Жария боп жатыр бүгін аңыз боп,

Іске асырған істерінің дүрмегі.

Осы үш алып бір ауданның мақтаны,

Болған кезде қазағымның ақ таңы.

Арайланып атпағанда қайтеді,

Ақиқат қой түңілердей жат жаны.

Содан да бұл Жалағашым құт мекен,

Дей алмассыз нендей жәймен ұтты екен.

Жоғарғы айтқан үш алыпқа еріксіз.

Табынбаған басын иіп жұрт бекер.

Содан да бұл Жалағашым құт мекен.

ТУҒАН ЖЕР – БАҒЫСТАНЫМ

Уа, туған жер.

                   Тереңөзек-Тереңград!

Балдәурен балалығым жеткен мұрат.

Ұрпағың келді жетіп сағынышпен

Кезінде білім қуып кеткен жырақ.

Шаң борап, күнің күйіп тұрса-дағы,

Өзіңнен бастау алған жыр сабағым.

Шеңгелің жыңғылыңмен құрақ қамыс

Алғашқы көрген менің шырша-бағым.

Ысырып жібергендей бұлтын ғалам,

Иісі көкжидемнің бұрқыраған.

Тұмар ханым ту тіккен қасиетті

Болсыншы әрқашанда жұртым аман.

Қыс болса қара суық қалтыратқан,

Жолдарды қума желмен жалтыратқан,

Аязың қысқан сәтті аңсадым ғой

Астыма ат мінгендей арқыратқан.

Бақытты жандай бейне масаттанам,

Төрт мезгілі бір жылдың қасат далам,

Түсіме енген сайын бір жасаймын,

Бір сәтте көңлім жібіп босап та алам.

Сыр бойы пейішімнің есігіндей,

Ақмешіт- пайғамбардың есіміндей.

Туған жер кіндік кескен Тереңөзек

Әруақты жандардың бесігіндей.

Сыр-Анам құшаққа алып құлпырғандай,

Шәһәрға Тереңөзек жыр тұңғандай.

Майжарма, Көлжармамен –  қос өзендей

Ортадан өрге ұмтылған жұртым қандай.

Бұрқырап бойындағы бұла күші,

Демеңдер артық кетті мына кісі.

Көргенде ай дидарлы өздеріңді

Осылай дегізіп тұр жыр ағысы.

Анамнан туысымен әлдилеген,

Ауаңнан айналайын ән билеген.

Сәбилік үнім менің шуақ шашқан,

Қуаныш нұрын құйып сән-күйменен.

Ақ ниет жандар мені жарылқапты,

Айналам  періште боп әруақты.

Айналдым өздеріңнен осы отырған

Жүздеріңе ырыс-бақ дамылдапты.

Бұл  жерді қай біреулер дозақ дейді,

Еркін шауып көрмеген боз ат дейді,

Мейлі олар, қырық жерден оттай берсін

Сіздерді өзім нағыз қазақ деймін.

Төзген мәңгі ыстық пен суығына,

Намыс отын байлаған  уығына,

Бабадан мұра болған мына жерді,

Көгерткен Аллам ырза туымыңа.

Қазақтың әр-бір жері әлімсақтан,

Кіндігінен жер шары тамыр тартқан.

Сол тамырдың бапкері тас емендей

Мына сендер гүлдентіп бабын тапқан.

Әр-бірің сөздің асыл дәйегісің,

Әр-бірің  туған жердің мәйегісің.

Жайсаң ғажап жансыңдар баға жетпес

Әр-бірің бір-бір аңыз әлемісің.

Жансыңдар маңдай термен  төккен шуақ,

Туған жердің төсіне еккен қуат.

Сендер мәңгі жасайтын жампозсыңдар

Мына жалған  дүниені  еткен жұмақ.

Тудық біз осы жерде Тереңград,

Көктеген көршісімен барша мұрат.

Сәулесін сағыныштың маздатыңдар

Безініп кететіңдей қайғы жылап,

Еріксіз келетіндей

Баянды бақ-дәулетің өзі құлап.

         ***

Сыр бойы пейішімнің есігіндей,

Ақмешіт-пайғамбардың есіміндей.        

Ал мына біз туған жер – Тереңөзек

Әруақты жандардың бесігіндей.

***

Жалағаш пен Тереңөзек – Ардағым.

Бал-балалық сағыншты жармадым.

Өздеріңнен бүршік жарып өмірім,

Бой түзеді өздеріңнен арманым.

Болса осылай бұйыртқаны Алланың,

Пешенеден көрер адам салғанын.

Бәлкім соның әсері де болар-ау

Ағайынның таттым балды бармағын.

Қай кезде де бөлінбеген өңірім,

Қай жерде де бөлінбеген көңілім.

Қос аналы ерке өскен баладай

Өздеріңмен өрнектелген өмірім.

Костюм кисем қос өңірім жарасқан,

Алтын күймем – ой –санамның бағы асқан.

Соның бәрі пейілдерің ағайын,

Көк тәңірсі, куә бұған көк аспан.

Болтай бойы – туған жерім мекенім,

Түсімде ылғи самғап ұшып жетемін.

Бойымдағы бар қасиет жақсылық

Өздеріңнен

Басымды иып өтемін!

ҰЛЫЛЫҚ

Тұрған кезде табиғатым дым бүркіп,

Ұлы деген сөздің көркі тым сұрғылт.

Осы сөзге үйір болып барамыз

Еңсемізді басып-жаншып бір сұр бұлт.

Тастатпайтын көздің жасын бір іркіп,

Барып тұрған сайтан екен бұл кірпік.

Ашып жатыр жолын жанар жалпылдап,

Сынап алмай жаналқымнан бір сілкіп.

Ұлы десе  бедірейіп бүлк етпей,

Қабылдаймыз ұят-арды бүркетпей.

Есіреміз еркіндейміз содан соң,

Қоя ма ел бұл қылықты күлкі етпей.

Ұлы деген сөздің парқы тым ауыр,

Сөзге айналды бүгіндері бұл жауыр.

Бұл атақты халқың берсе бір сәрі

Сұрап алу  масқара ғой – трауыр.

Бұрынғылар бұған үйір болмайтын,

Бұл құбылыс  Аллам өзі  қолдайтын.

Қонса басқа бейне бақыт құсындай

Ол құдырет ел басына орнайтын.

Ойыншыққа айналдырдық соны біз,

Сөздің парқын білмегендік сорымыз.

Туғандаймыз шетімізден ұлы боп

Ештеңеге жетпей жатып қолымыз.

Жел кептірген көңіл хошын           аз күндік,

Көтере алмай айналаны мәз қылдық.

Сүйтіп жүріп шамамызға қарамай

Аллам берген тіршілікті жазғырдық.

Бүгіндері талай –талай бел астық,

Жалықпастан жақсы істерге жол аштық.

Бірақ, бірақ ұлылыққа құмарту

Уа, ағайын барып тұрған оғаштық.

ӨТЕЙІКШІ АРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАП

Ар деген бір құдырет бар адамда,

Туын тіккен жарқыратып адалға.

Кей жандарға қанағатсыз жол сілтеп,

Уын төккен қақыратып арамға.

Көтермейді артық істі ол әсте

Жөнсіз қылық елге әбес емес пе.

Қайғы-мұңсыз масайратып, еліртіп,

Айналдырар көз алдыңды елеске.

Елес-деген ұстатпайтын қиялың,

Бар ма, жоқ па, сен білмейсің зиялым.

Ойда жоқта опындырып құлатар

Көр соқыр ғып сездірместен зиянын.

Оны жеңер жалғыз ем бар шүкірлік,

Шүкірлікке тұсау салар күпірлік.

Күпірлігін көлеңке ғой бір сәттік,

Алдан ба оған.

Дей сал оған түкірдік.

Әзәзілі аппақ ардың арамдық,

Бұл антұрған шыңға шыққан ғаламдық.

Арды көмді, ақша-құмдар алтындай

Содан бәлкім барша әлемде салқындық.

Арсыздықтан таза әлемің жоғалды,

Дәмі де өзге, әні де өзге, тоналды.

Етек алып дүниелер жасанды

Тоздырды әбден ит жегендей қоғамды.

Адам-шыбын қоқысқа тек алданған,

Жұрнағы жоқ бір кездегі арманның.

Достық деген қандай ғажап қасиет.

Жолбике боп қалды ол да жалданған.

Бәрі осының кеткендіктен ар аттап,

Содан болар қалдық біздер зар қақсап.

Есті жинап адамдыққа бой ұрып,

Өтейікші арымызды ардақтап.

СҮҢГІ ҮСТІМЕН…

Сүңгі үстімен суық тамшы сүмектеп,

Жалған өмір еріп жатыр шүмектеп.

Бір қария алқынып кеп тоқтады

«Әй, антұрған, қайран осы жүрек», – деп.

Кәрілікті қиын беру суреттеп

Кешегі жас маужырап тұр жүдеп кеп.

Арыны жоқ арқыратып басатын,

Жер ойылып кетердей-ақ жүр ептеп.

Қара жерге ақ таяғы тірек боп,

Ептеп-септеп, әйтеуір, тек күнелтпек,

Бір кездегі найзағайдай жанары

Елестейді бұлдыраған түнек боп.

Жастық шағы кеудесінде сайрайды,

Буындарын дәрменсіздік байлайды.

Немересін былдырлатып ес көріп,

Әжептәуір жігерленіп жайнайды.

Кіп-кішкене немересі қолғанат,

Соныменен отырады жол қарап.

Осы бір аз өміріне тәубе етіп,

Жер үстімен жүргеніне жорғалап.

Небір мықты құрдастарын нар қабақ

Елестетіп.

 Өз өмірін жалғап ап,

Мәз болады кей сәттерде шаттанып,

Қырандайын көк жүзіне самғап ап.

Көп ұзамай жел соғады бір өкпек,

Сүмбі үстімен суық тамшы сүмектеп,

Шаршап келіп жантайғандай болады

«Әй, анатұрған, қайран осы жүрек», – деп.

ШАЙТАН ҚАЙДА?

Шайтан қайда? Шайтан қайда?-

Деп безектеп іздейміз.

Қалмай қағыс аспан, айда,

Жеті қат жер, ен теңіз.

Шайтан қайда, шайтан қайда?-

Деп безектеп іздейміз.

Табамыз деп біз қалайда

Күн-түн күдер үзбейміз.

Құр далақтап көңліміз тоқ,

Шарқ ұрамыз, іздейміз.

Сол шайтанның өзіміз боп,

Кеткенін де сезбейміз.

О, Шайтан-ай,

О, Сайтан-ай,

Сені жоям деп жүріп,

Тұзағыңа біз байқамай

Түсіп қаппыз телміріп.

Ар-намысты сақтайтұғын,

Қайда бүгін қаталдық.

Жылмаңдарды жақтайтұғын

Сайтан адам атандық!

 СЫНЫПТАС ДОСТАРЫМА

Тұрғанбай Маханұлына

Тұрғанбай, даналықтың ұрығынан,

Өзгенің артық көрем ұлығынан.

Кең тыныс көкірегі даңғыл оның

Былайша байқатпайтын бұйығы жан.

Бас иген небір қиын дауылды күн,

Арқалап ел-халқының ауыр жүгін.

Асырып Сыр елінің абыройын

Ақтаған туған жерге бауырлығын.

Бойынан қанаттанып қараша бақ,

Қиялдап өрге өрлеген балаша нақ.

Жапа шеккен жандарды дерт меңдеген

Отқа түскен сан рет арашалап.

Барынша қалпын сақтап қарапайым,

Жеткізген мұратына бала пайым.

Өзінің өзекжарды еңбегімен

Құптаған өзгенің де алақайын.

Кемеңгермін деп әсте кекірмеген,

Беделін ұстап қалған кетілмеген.

Жетпістің желкесіне шығып алып,

Жеткізген мамандарды жетілмеген.

Тұрғанбай, сенің жаның сірі шығар,

Жүргендей арамызда тірі тұмар.

Аллам өзі жіберген жер бетіне

Пәк-таза періштенің бірі шығар.

Мен сені көрген сайын арқа тұттым,

Сезіндім құшағыңдай алқа құттың.

Бағаңды асыл сырдай ішке бүктім,

Көзінен сақтағандай дүйім жұрттың.

Артық деп бұл сөзімді айып етпе,

Әзілге бұрып жеңіл қайық етпе.

Өзіңе берген менің нағыз бағам

Айқайлап та айтатын қалың көпке.

Тұрғанбай, сырбаздықтың тұнығысың,

Жақсының жанға шипа ұрығысың.

Жасай бер, қалпыңменен ел сыйлаған

Мәңгі өшпес адалдықтың тұғырысың!

Ыдырыс Қанатбекұлына

Бір кездегі тапшылыққа қайралған,

Би дегенде шыркөбелек айналған,

Ортамыздың сал-серісі сен едің

Бәріміздің атымыздан бәйге алған.

Өзің сүйген білімді де алдың сен,

Жас маман боп ашық күндей жандың сен,

Жолдан таяр болмасын деп небір жәй

Қарапайым Ыдырыс боп қалдың сен.

Дәуірлетіп қаланы да басқардың,

Жүрдің әр кез ортасында жастардың.

Дөңгелетіп бұйымдарын өндіріс

Абыройын асқақтатып тас жардың.

Жұлдыздардай оңды-солды ақтың сен,

Раядай жарыңды да таптың сен.

Қолдан келер мырзалық та жасадың

Адалдықтың мәйегін де таттың сен.

Туған жерден ұрпақты да түлеттің,

Ұшпағына жеткен жандай тілектің.

Иесі боп ұлығатты шаңрақтың

Жүріп жатсың қалауымен жүректің.

Жүріңдерші аман-есен ардақты

Ел қадырлер ақсақал боп салмақты.

Сырттарыңнан біз де мәз боп жүрейік

Мақтанышпен елге ұсынып бармақты…

Бір кездегі тапшылыққа қайралған,

Би дегенде шыркөбелек айналған,

Сенің сонау сал-серілік көңілің

Бізді кейде серпілтсінші

           тіршілікке байланған.

Жәлел Бәкірұлына

Бұл адамға керегі жоқ дәлелдің,

Мекен болған бір бұрышы әлемнің.

Елдің сөзін кім сөйлесе сол адам –

Бар бейнесін беретіндей Жәлелдің.

Қабыршақ мұз үстімен де сырғанап

Жайларды да басып жәймен қыр қабақ,

Көңіліндегі кірбіңін де білдірмей

Жүретін жан төзім итті шырғалап.

Өзі шешен орайы кеп тұрғанда,

Өзі көсем ел назарын бұрғанда,

Ойда жоқта оқыс нота сезілсе

Жуып-шаяр жалғыз өзі-ақ сол маңда.

Айтарын да айтады ол жеткізіп,

Қайтарын да қайтады ол кекті үзіп.

Келелі іске кемеңгерлік жасайды

Тақымды елге сөзбен жалбыз еккізіп.

Жаның сенің байқағанға жап-жарық,

Ұғу үшін керегі жоқ шам жағып.

Әрқашанда Туғанайың қасыңда

Жүрген кезде бір өзіңде бар жарық.

Құт дарытқан ұрпағың мен ұяңа

Туғанайың қиялыңды қияға

Самғатумен әлі күнге келеді

Мұндай бақыт құр мақтанға сияма?!

Сен осындай азаматсың жаралған,

Жас келсе де жолыңды ұстап адалдан,

Абыройыңды сақтап жүрсің ақ құйып,

Сүліктейін бәлелерге қадалған.

Бұл адамға керегі жоқ дәлелдің,

Мекен болған бір бұрышы әлемнің.

Елдің сөзін кім сөйлесе сол адам –

Бар бейнесін беретіндей Жәлелдің.

Әлихан Мақсұтұлына

Әлихан, сен тірліктің тұтқасысың.

Мына жалған өмірдің ұстасысың.

Өзіңнің отбасыңды маңдай термен

Көктеткен көркем етіп ұстазысың.

Әр жасаған істерің елге үлгі.

Еңбектің ақталарын елде білді.

Жаны жайсаң жан болып жарқырадың

Қиялды құшқандай боп бала күнгі.

Тәубе етіп мына өмірді тамсаңдырып,

Тетігіне темірдің жан салдырып,

Өз еркіңмен жүретін дарабозсың,

Көгіңде көгершіндей ән салдырып.

Өркенді өміріңе көз тиді ме,

Оқыста әлдекімнен сөз тиді ме,

Кеткенде асыл жарын мына өзіңді.

Алып қалды.

Жаратқан жаны иді де.

Әрине саған оңай тимеді ол,

Қайғы-мұң емес әсте күймелі жол.

Алланың жазмышына көндіктің де,

Өмірге қайта келдің сүймені мол.

Ар жағы бізге жұмбақ Аллаға аян,

Шаңраққа бас-көз болу елге аян.

Бұл жайлар үлкендерді қалғытпайды,

Әке, боп ұрпағыңа тисін саяң.

Жөн айтар өз ортаңа ақсақал боп,

Желбіреп жан-дүниең бақша-бау боп,

Еліңнің ырыс-бағын көгерте бер

Дидарың жарқыраған Ақшатау боп.

Қарапайым жансың ғой ісінбеген,

Ұқса дейтін адамдар түсіңбеген.

Берекелі өмірге берік тұғыр,

Сендей болсын беделін түсірмеген.

Әлихан, сен тірліктің тұтқасысың,

Мына жалған өмірдің ұстасысың.

Отбасың мен еліңді бірге ұйытқан

Көпті көрген көне көз ұстазысың.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<