«Сен және мен» романынан үзінді
…Бүгінгі көрсетілім жасау Арманның кезегі болатын. Ол Өнер академиясына Асанәлі Әшімұлы мен Есмұхан Обаевтың режиссерлер мен актерлердің бірігіп оқитын курсына түсіп, оқып жүрген болатын.
Саида Маликаға тапсырған екен, ұстаздар келісімен көрсетілімді бастап кетті.
Жарық сөне бастағанда барабанға қосылған қатқыл музыка көрсетілімнің драмалық негізінен хабар бергендей. Сосын қараңғылықта жүріп келе жатқан көп адамның аяқ дыбысы естілгендей болды. Жарықтың азғантай ғана сәулесі қозғалысқа кіріскен аяқтарға ғана түсті. Музыкада тағы да барабанның жиі соғылған дабылы жүріп өтті. Адам аяқтары қырықаяқ жәндіктің қозғалысын қайталағандай соның жүрісімен сап түзеп келеді. Тағы бір екі жарық нүктесі пайда болды, көзге кіреберіс есік пен төрдегі сауда сөресі көрінді. Адамдар қолындағы ақшасын сарт еткізіп ағаштың үстіне қойғаны сол, дүкенші ол тиынды қағып алып бір бөлке қатқан нанды ұсына қояды. Кезекпен алып жатыр. Ортадан тағы бір жарық пайда болып, онда қатқан қазықтай қатқан қарауыл солдаттың сұлбасы көрінді. Қолында сойыл. Онысын арасында салмақтап қойып, кезекті қалт жібермей бақылып тұр. Барабан дабылы тағы бір соғылып өтті де, есіктен үстінде қызыл пиджагы бар жігіт кіріп, жүрістің ретін сақтамай кезектің қимылын бұза бастады. Қарауыл солдат жетіп келіп, сойылмен соға бергенде жігіт те пиджагының теріс жағы – күлгін түсін киіп, кезекке дұрыс тұра қалды. Ол барып нан ала бергенде есіктен тағы бір ерекше ақ көйлек киген қыз кіріп келді. Солдат қызға ұмтылғанда қыз шыңғырып, қашам деп ортаға келіп құлады. Солдат оған жетем дегенше қызыл пиджак киген жігіт те келіп, үлгеріп қыздың үстіне тұра қалды да, оған сойылды тигізген жоқ. Солдат жігітті ұра бастады. Кезек толқып кетті, музыка ыңыранып, барабан дабылы сабалай түсіп, трагедиялық ноталарды ойнай бастады. Бір кезде кезек қырықаяқтың қозғалысымен ортасынан томпая бері қозғалып, солдатты орап алды да, оны жұтып жіберді, сосын қайтадан орнына барып тұрды. Жігіт ауырсынып, тізерлеп отыра қалған еді, басын қорғап төмен құлаған қыз орнынан тұрып жігітке көз тастады. Қалтасынан орамалын алып оның бетін сүртті. Жігіт те оған таңырқай қарап, оның шашынан сипады. Кезек аяғын көтеріп қозғала бастағандай болып еді, қыз бен жігіттің махаббат биін көріп, бәрі таңырқап тұра қалды. Асанәлі ағамызға бәрі ұнап отыр. Детектив жанрын бір кісідей білетін мэтрге әсіресе лейтенант пен капитанның көрінісі де жақсы әсер қалдырды. Капитан шығар есікке бұрыла бергенде қарауыл солдаттың биіне тіпті күліп алды. Аяқталуы да жақсы, сенімді. Капитан кеткенде жүріп жатқан қырықаяқ қалт тұра қалып, есіктен енді кірген жасыл көйлекті қызға қарап қалды. Барабан гүрілі тағы да өзінің бар екенін білдіріп гүр ете түсті. Жарық сөне бастады.
Жарық қайта жанғанда зал күңіренте қол соқты. Амал жоқ студенттер жамырай шығып сахнаның алдына келіп иіле бастады.
Біреулер тіпті: «Режиссер қайда? Режиссер шықсын?» деп айқайлап жіберді. Арман қатты қысылып ұстаздарына қарады, Асанәлі қолымен белгі беріп сахнаға шықсаңшы деп жатыр. Арман қысыла-қысыла сахнаға көтерілді. Зал одан сайын шулап кетті. Арман студенттердің ортасына барып тұрып, бәрі ілгері озып бастарын иді. Армандар тағы бір иіліп, кері серпілгенде шымылдық та жабылды-ау әйтеуір.
Есмұханға көрініс онша ұнаған жоқ. Бұрын көрген сияқты ма, бұрын да бір жерде болған сияқты ма – әйтеуір ол үшін жаңалық болып көрінбеді. Сосын көрсетілімнен кейінгі у-шу да оның көңілін түсіріп, мына көрсетілімге деген оның ұнамсыз сезімдерін қоюлата түсті.
Көрермен шығып болғасын Асекең Есмұханға бұрылып:
– Ал, Есаға, сен не айтасың? – деп сөз кезегін бұрды.
Есмұханның сөйлегісі жоқ еді, амал жоқ Асекеңе ескертіп үлгермеді де сөз айтуға тура келді.
– Көрсетілім «Фантазия» деп аталыпты. Бұл не қылған фантазия екен деп ойланып отырмын да. Мен осыны бір жерден көрген сияқтымын ба, әйтеуір маған қиялдың жаңа бір тербелісінен туған жаңалық екен деп сезінбедім. Бәрі жаттанды сияқты ма? Рас енді қырықаяқтарың жақсы. Пернебек молодец – өте керемет жасалған, билері де дұрыс, ол да Фирузаның еңбегі. Сосын мынадай шу ұйымдастырудың не қажеті бар еді? Ұстаздарға сес көрсету ме бұл? Жақсы баға қойсын деген. Баға еңбекке болмай ма? Еңбегің жақсы болса бағаң да соған лайықты, ал көрінісің жаттанды, қайталау болса, қандай баға болмақ, айтыңдаршы?
Оқу театрының ішінде ләм-мим тыныштық орнады. Асекең Есмұханға қарап:
– Болдың ба, Есаға? – деген еді.
Есмұхан Асекеңе байыптап бір қарап алды да:
– Болдым… – деді.
– Онда былай қылайық. Бұдан арғы талқыны ертең, сағат 10-дағы сабақта жалғастырайық. Ал қазір боссыңдар? – деп Асекең орнынан тұрды.
Студенттер не болғанын білмей тарай бастады. Жастар түгел кетіп болғанда Асекең Есмұханға бұрылып:
– Есмұхан, екеуміз біздің офиске барайық, – деді.
– Менің бір жұмыстарым бар еді…
– Жұмыс потом… Қазір әңгімелесу керек. Мен жүре берейін, машинаң бар ғой?
– Ия…
– Есмұхан ағаға не жаздым – деп ойлады Арман, – тым болмаса менің атымды бір атамады ғой, тіпті жаман іске алғысыз деп айтса да мен көнер едім, бірақ бұрын болған сюжет дегеніне… Қашан болды екен? Кім жасады екен? Құдайым-ау, өз басымнан өткен оқиғаның сахналық көрінісі емес пе? Пернебек, Фирузаны мақтағаны дұрыс, бірақ соның бәрін бірге жасадық емес пе? Жарайды, ал мен жаман екем, Саида мен Данияр ше? Қандай биледі? Фируза қойғанымен орындау ше? Орындау шеберлігі?
Ертеңіне Академияға студенттер жүгіре басып кіргені сол еді, аудиторияның есігін ашып қалғанда іште отырған Асанәлі Әшімұлы мен Есмұхан Несіпбайұлын көріп, бәрі таң-тамаша боп қалды.
– Кіруге бола ма, ағай?
Асекең сағатына бір қарап алды да:
– Әлі бір минуттарың бар. Тез-тез…
Студенттер бәрі де келген екен, ентіге жүріп отыра қалысты.
– Арман, сен мына сюжетті қайдан алдың?
Ол орнынан тұрды да қызарақтап не деп айтарын білмей үнсіз тұрып қалды.
– Ия, не болды?
– Арман қысылып тұрған ғой, рұқсат етсеңіз мен айтып берейін! – деп Батырбек орнынан көтерілді.
– Бұл Арман жақында бір қызбен танысқан ғой, нан магазинінде, қызға нанын беріп, жатақханаға дейін арқалатқан. Сол бейнеттің есесіне осы сюжетті ойлап тапқан біздің жігітіміз. Кеше түнде мен де интернетті біраз шарладым, кешегі көрсетілімге ұқсас бір сюжет көргенім жоқ, ал лейтенант сахналарына ұқсас батыс киносында эпизодтар көп қой… Ол енді…
– Жақсы, отыр. Арман, сен де отыр. Демек сюжет өмірден алынған – деп Асекең Есмұханға бір қарап қойды. – Өзіме кешегі көрсетілімдерің ұнады. Театр театр болуы керек. Біз өмірді қаз қалпында көрсете алмаймыз. Театр тілімен ғана көрсетеміз. Қараңдаршы, Арман нан магазинінде қызбен кездескен, содан осындай көрініс туған. Өмір бар ма? Бар. Бірақ ол таза өмір емес. Режиссердің фантазиясы тудырған өмірдің сахналық бейнесі. Бұл нағыз театр. Құттықтаймын! Пернебек пен Фирузаның еңбегі де атап өтерлік, Есмұх1ан айтқандай жақсы, бірақ режиссер бағыт-бағдар бермесе тап осындай болып жасалар ма еді, солай емес пе, Пернебек?
– Дұрыс айтасыз, Асанәлі аға, – деп ол орнынан көтерілді. Арман екеуміз қырықаяқтың жүрісін интернеттен қарап, схемасын жасап, содан кейін жігіттерге үйреттік. Арман болмаса менің жеке өзім тап осылай шығара алмас едім.
– Ал енді би мәселесіне келсек… Саида, қалқам-ау сен осылай көрініп жүрсей. Қандай кереметсің. Пластикаң, Данияр екеуіңнің қарым-қатынастарың, бір-біріңді көріп, сезімге бөленгендерің… Староста болып жүгіресің де жүресің… Осы қыз актер шеберлігін ұмытып қалған жоқ па екен деп жүр едім… Жоқ, бар екен… Жақсы екен…
– Ойнамаймын деп жүрмін бе? Мына режиссерлер роль бермейді ғой маған, – деп қалды Саида өкпесін жеткізіп.
– Ол болмайды жігіттер! Батырбек, сендер Саидаға староста деп емес, болашақ актриса деп қараңдар. Ана жолы «Дон Карлосты» көрсеттің. Айым дұрыс, келеді рольге, Эболиге Саиданы да салу керек еді. Ал енді көрсетілімдерің, тағы да қайталап айтам, жақсы, режиссердің де, қатысқан әртістерге де бәріне бес! Есмұхан келісесің ғой?
– Әрине, Асаға! Жақсы қойылым, сондықтан бағасы да көтеріңкі.
Студенттердің көздері жайнап кетті. Екі ұстаз аудиоториядан шыққаны сол еді, бөлменің ішін айқай-шу толтырып әкетті. Кешеден бері белгісіздіктен түйілген көңіл жадырап, бәрінің де көкірегі қуанышқа қарай бет бұрды.
– Жігіттер, қыздар! Жүріңдер, мен Жазушылар одағының қасында бір кафе көргем. Қане, соған барып қуанышымызды жуайық.
– Кім төлейді?
– Малика.
Малика шошып кетті.
– Арман, сен не? Осынша адамға? Менде ондай қаражат жоқ.
– Онда менікін пайдалан. Мінекей карточка.
– Ойбай, қой, өзің жұмсасай! – деп Малика Арманға карточкасын қайтарып беріп жатыр еді, Батырбек келіп оны қағып алды да:
– Өз еркімен беріп жатқанда пайдаланып қалмаймысың? Мә, карточка! Ал, қане, алға Малика! Жасасын «Фантазия»!
Олар улап-шулап бас поштаның қасына келе бергенде Саида:
– Мына киоскіде қолма-қол лоторея сатылады. Ойнайықшы, а?
Арман, сен бірінші баста…
– Мен жалпы лотореяға жоқпын, бірақ мына Малика ойнайын деп тұр… Малика мына бір лотореяны алшы, ол саған қарап тұрған сияқты…
Малика алып, ақырын ашты да қуанғаннан шыңғырып жіберді.
– Өй, не болды, миллион ба?
– Жоқ, бес жүз теңге…
– Өй, соған бола ма?
– Бұл менің лотореядан бірінші рет ұтып тұрғаным, Саида…
Рақмет, Арман… Батырбек қолын созып:
– Қане мен көрейінші деп төрт лоторея алды да:
– Қыздар төртеуіңе төртеуі…
Рақметін айтып Саида, Рая, Малика, Зәуре ашып қарап еді, дым болмай шықты.
Арман қарап тұрмай:
– Саида, сен ойнайын деп тұрсың ғой!
– Қойшы, қолым шықпайды ғой…
– Енді көрсейші, мына бір лоторея саған қарап тұр-ау шамасы…
– Қайсысы, қайсысы, мынау ма?
– Жоқ, қасындағысы…
– Мен ішінде мың теңге болмаса алмайм.
– Онда, аржағындағыны алшы. Ия, соны!
Саида лотореяны алып, ашты да билеп кетті. Батырбек:
– Не болды? Қанша?
Саида:
– Мың теңге!
– Рас па, қане көрсетші!
– Шынында да, мың теңге!
– Әй, Арман сен сәуегеймісің? Бізге де ұтатын лотореяны көрсетсейші, – деп бәрі шулап кетті.
Осы кезде олардың сырттарынан Асанәлі келіп тұр еді. Ол кісіні көргесін бәрі басыла қалды.
– Немене, лоторея базары ма? Ұтыс бар ма?
– Мен бес жүз, Саида мың теңге ұтты.
– Киоскіде бір нәрсе қалды ма?..
– Ия, жастардың ойыны керемет! – деп қалды киоскер, Асекеңе газет ұсынып тұрып.
– Арман – деді Саида батылданып, – ағайға ұтысы бар лотореяны көрсетші…
Асекең күлді:
– Қызық үшін қәне көрейікші. Арман, қайсысын алайын?
Арман қиналып, басын шайқап-шайқап, қорапты қарады да орта тұсындағы бір лотореяны көрсетті.
– Осыны алып көріңізші…
– Алып берсей…
– Жоқ, ағай, лотореяны өзіңіз алыңыз, жоқ жанындағы, ия дәл соның өзі.
– Мынау бір қызық болды-ау, ә? – деп Асекең тағы да жымыя түсіп, лотореяны алды да Батырбекке беріп:
– Қане, мынаны сен ашшы, – деді.
Батырбек алқын-жұлқын ашты да көзі бақырайып:
– Мүмкін емес! – деп шорт кесті.
– Не болды?
– Жоқ, мүмкін емес, бірақ бетіне жазылыпты: он мың теңге деп…
– Қане, рас па? – деп Асекең лотореяны алды да жазуын оқып таңғала:
– Мынау… шынында да он мың… – деп алдында тұрған Саидаға ұстата салды. Лоторея қолдан қолға өтіп бәрі де таңданыса қарап Арманға бұрылды.
– Жоқ, бұл ешқандай сәуегейлік те емес, сиқыр да емес, бұл бүгінгі Асанәлі көкемнің бізге берген жақсы бағасынан кейінгі сәттілік.
– Ия! – деп дауысын созынқырай түсіп, қараптан қарап тұрып он мың теңгелі болдым-ау деймін. Бұл бір ғайыптан келген сома, ұтысты шақыруы да мүмкін-ау, ә? Мен мұны кешкі проферансқа пайдаланып көрейін. Ал сендер бәрің бір жерге барасыңдар-ау шамасы…
– Малика бәрімізді шақырып…
– Малика? Ия, дұрыс-ақ, курстастың табысын жуу деген… былай болсын онда! Мен өз қалтамнан алып берейін сендерге. Он мың болмасын… он екі мың екен … Мә, Малика, жақсы отырыңдар, бірақ ертең сабақ барын ұмытып кетпеңдер! – деп ұстаз бұрылып, машинасына қарай бет алды…
«Театр – менің тынысым»
Арман басшылардың рұқсатымен М.Әуезов театрында В.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасын» қойған болатын. Лондонда студент-режиссерлердің спектакльдеріне арналған халықаралық фестиваль болып, М.Әуезов атындағы Академиялық Ұлттық драма театрында Арман қойған «Ромео мен Джульетта» фестивальге жолдама алып, жүлделі орынның бірін иеленді. Фестиваль уақыты В.Шекспирдің туған күнімен тұспа-тұс келіп 23 сәуір күні Арман «Глобус» театрына Асанәлі көкесімен бірге келді. Кіреберістегі басқыштан төмен түсіп, ішке енетін жерде тұрған Шекспирдің бюстіне жақындай бергенде Асекең;
– Адамзат данышпандарының данышпаны, уа ұлы Шекспир Уильям, біз сізге байтақ Тұран даласын мекен еткен қазақ халқының кеңпейіл сәлемін әкеліп тұрмыз.
Мен, Асанәлі Әшімұлы, Сіздің теңдессіз шығармаларыңның бірі Юлий Цезарьді сахна төріне шығарған қазақ актеры, Сіздің алдыңызда тіземді бүгіп, басымды иемін.
Менің шәкіртім, Арман Байболовтың да ниеті сол. Сіз өміршең шығармаларыңызбен қазақ ұлтының руханиятына да зор үлес қосып жүрген суреткерсіз. Мәңгі өлмейтін ойларыңыз бен жанды пәлсапаларыңыз бізге рух береді, жанымызды тербетеді, санамызды оятады. Сіз бізбен біргесіз, театр деген ұлы көштің ең алдыңғы сапындасыз – деп дауысы қоңырқай тартып, көздері жасаурап толғана үн қатты.
Арманның бойы шымырлап, көкірегі сезімге бөленіп, көз жасын төгіп алмай, зорға ұстап тұрды.
Жаңа залдағы жәдігерлер Асанәлі Әшімұлына қатты ұнады.
Сауыттар, бас киімдер, қылыштар, семсерлер, қанжарлар.
– Осындай қарулар бізде де болған ғой. Құм, құмның астында қалды ғой. Әйтпесе, осы қарулардың түпнұсқасы біздің даладан шықты емес пе? Металды алғаш өңдеген де қазақ топырағы, демек сол металдан жасалған қарулар да алғашында біздің жаужүрек аталарымыздың қолында болған. Соны батыс қазір мойындай ма?
Әй, қайдам.
Арман ұстазына сүйсіне қарап қойды. Көкесі ерекше сезімге бөленіп, көкірегінде қазақтың асқақ күйлері күмбірлеп жатқандай, әр аттаған сайын тебірене қозғалып, Шекспир әлеміне бойлай бастағандай сияқты көрінді. Олар ескі театрға келіп кірді. Оң жақта орналасқан сахна көрерменге ұмсына жақындап, шәпкесін артқа жылжытып киіп алып, биіктен қарап тұрғандай көрінді. Ал көрермендер тұратын орынның едені жер, төбесі ашық, бұлтты аспан бұларға «Қазір, каһарымды төгіп жіберуім мүмкін» дегендей сұстия қалған. Сол жақта айнала ағаштан галерея орнатылып, отыратын алты ма, жеті қатар басқыш, үстіңгі жағына қалқа орнатылған, ол тек сол галереяда отыратын көрерменді жаңбырдан қорғайтын болса керек. Асанәлі Әшімұлы пиджагын, бас-киімін Арманға берді. Арман енді байқады, көкесі беліне жалпақ күміс белбеу тағып алыпты, үстіне киген көйлектің, әсіресе жеңі кең пішілген екен, ақ көйлегі кең жеңімен Асекеңе өзгеше өң сыйлап тұрды. Ол онымен тоқтаған жоқ, шалбарының қалтасынан қара лента алып басына тақты да оң жақтағы басқышпен сахнаға ақырын көтеріле бастады. Көтерілген сайын ұстазы еңсесін биіктете жоғарылатып, денесі шиыршық атып, сахнаға шыққанда Шекспирдің бір кейіпкеріне айнала бастады. Ортаға тұра бергені сол еді, Асанәлі дүлей боранның дауылды желінен қорғанғандай екі қолын ілгері ұмсынып, желдің екпінімен ілгері-кейін серпіліп, тіпті соңында артқа қарай жүрелеп отыра кетті.
Арман не істерін білмей қатты да қалды. Бірақ смартфонмен түсіруді ұмытқан жоқ.
Асанәлі Әшімұлы орнынан зорлана көтеріліп, дауылға қарсы бір аттап, екі аттап алға басты, қалтыраған қолдарын көкке шаншып, дауылдың екпініне қарамай Король Лирдің монологын бастап кетті:
«Үдей түс дауыл, үдей түс?
Өңешің үзілгенше өршелене,
ұлып бақ.
Қара нөсер, шелектеп құй,
төпей түс,
Жердің бетін қанды топан
қаптасын,
Жарқылыңнан айналайын жай оты,
Жаһаннамда жарты шөңге
қалдырмай
Өрте бәрін, өрте менің
Қуарған қу басымды.
Дауыл тағы да өршелене ұлып қоя бергендей болған, бірақ актер де қайыспай оның екпінін күтіп алып, монологын жоғарғы ноталарда әрі қарай жалғастырды:
Дүние, мал, қызық дәурен,
Жәй түссін де жайрасын!
Адам деген әзәзілдің әулеті
түгел құрып,
Тігерге тұяқ қалмасын!»
Соңғы сөзін көзін жұмып тұрып, көкірегі қарс айырыла күрсініп айтты да Асекең үн-түнсіз қалды. Сосын көзін ашты да ақырын басып авансценаның шетіне келді де монологты өз сөзімен аяқтады.
Қазақ болып туғаныма қуанам,
Әсіресе оның өнерін
қуғаныма қуанам.
Ұлылардың бейнесі боп өмірге
Жарқырап қайта туа алам.
Қазақтың кең-байтақ жеріне қуанам,
Пәс түскен көңілімді
Таза оймен жуа алам.
Басыма қанша қайғы-қасірет
түспесін,
Белімді бекем буа алам.
Арман демін ішіне алып, қысылғаннан сыртқа шығара алмай жан терге түсті. Ұстазы толғана тербеліп, өзін ұстай қалды да басын сәл игенде барып, Арман да уһ-деп демін шығарды-ау әйтеуір.
Ол байқамаған еді, жан-жақтан жиырма шақты адам жиналып қалған екен, олар Асекеңе шапалақ соғып тұрып алды. Көкесіне қайта-қайта басын июге тура келді.
Ол көкесіне қарап қалыпты. Бұл кезде жаңбыр да сіркірей бастаған еді.
– Әй, Арман, неғып тұрсың, пиджагымды әкел, – деді көкесі.
– Ой кешіріңіз, ойланып кетіппін. Салқындап қалған жоқсыз ба?
Екеуі галереяға барып отырды.
– Сонда ана жерде, спектакль қаншаға созылса да халық түрегеліп тұрып, көретін болғаны ғой. Өнер құдіреті деген де сол болар. Ал мына жерде лордтар мен герцогтар отырған. Жарайды мен лордтың біреуімін дейік, ал сен граф бола ғой, балам.
– Ой, Асанәлі аға, – деп күлді Арман.
– Бізде ондай атақ болмаған ғой. Бізде, қазақта атақ деген мүлде болмаған да ғой. Лауазым ғана болған. Хан, сұлтан, би, бек, сосын таға не? Дін жағында әулие, ишан, қари, молда, калпе дегендер болған. Әйтпесе қазақтың бар атағы бай, кедей, батыр, балуан, ақын, сал сері. Айтқандай шешен кісілер болған. Сөздің майын тамызатын сөзуар адамдар. Әсіресе билер.
– Болыс дегендер де бар емес пе?
– Е-е, ол орыстар келіп берген атақ қой. Волостной деген атағы ғой орыстың. Старшина сосын. Біз бұл мәселеге неғып кіріп кеттік?
Менің айтқым келгені басқа еді ғой…
– Арман, балам, былай. Кеше жақсы болды, тіпті өте жақсы деуге болады. Жиырма төрт елден келген спектакльдердің ішінен сен қойған қойылым «ең үздік сахналық ансамбль» деген номинацияға ие болды. Тамаша емес пе? Бұл басты жүлде «ең үздік спектакльмен» қатар тұрған табыс.
Құттықтаймын! Есіңде болсын, театр өзіне толық берілген адамдарды сүйеді. Мен де жас кезімде оқуымды тастап, киноға кетіп қалғам. Көптеген фильмдерде ойнадым. Шалқып жүрдім десем де болады. Бірақ шығармашылық ләззат жоқ. Оқуыма, театрға қайтып келгенде ғана мен өзімді таба бастадым. Алғашқы ойнаған Айдарым мен Асаным мені театр әлеміне қайта әкелді. Олармен бірге шабыт келді, еңбегіме орнықты тұтастық келді. Тіпті кинодағы Бекежаным мен Шадияровым да сахнадағы Қодардың, Донжуанның, Еламанның жалғасы іспетті болды ғой деймін. Міне солай. Мен өмірімді театрсыз елестете алмаймын. Ол менің тынысым. Театрға тиіп қашып, атүсті қарауға әсте болмайды. Онда ұтыласың. Ол сені бірде болмаса бірде борттан лақтырып тастайды. Сосын дүние түгілі, өзіңді таба алмай қаласың. Осыны есіңе тұт. Мына киелі жерде, ұлы сахнаның алдында отырмыз ғой, бұл менің саған айтқан аталы сөзім, ойымда саған айтсам деп жүрген ұлағатым. Шекспирдің аруағы бәрімізді қолдай жүрсін, – деп Асекең бетін сипады. Арман да ұстазына риза болып, абыздың батасын қайталап, бетін сипай берді.
Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қызылорда облысының құрметті азаматы






