Есірткісіз өмір ғажайып

2151

0

Жер бетіндегі барлық адамдардың бақытты өмір сүргісі келетіні -табиғи заңдылық. Себебі ғажайып өмірді  аңсамайтын пенде жоқ деп ойлаймын.

– Сіз қандай қоғамда өмір сүргіңіз келеді? – деген сұраққа бәрі де :

 – «Мен зайырлы және жан- жақты дамыған, ғажайып заманда өмір сүргім келеді»,- деп жауап беретіні – шындық.  Мен де солай  деп жауап берерім анық.

Менің әжем күнде бізге: – Айланайын, балаларым, менің жастық шағым қиын болғанымен, заманымыз тыныш еді. Ол кезде адамдар бір – біріне мейірімді, бауырмал болатын-ды. Қылмыс жасапты деген нәрсені сирек еститінбіз. Ал қазірге кезде қылмыс жасапты дегенге құлағымыз үйреніп кеткендей. Мені әсіресе жастар арасындағы қылмыстың белең алуы қатты толғандырады. Есірткіге елтіп, есінен танып, қылмыс жасап, бар ғұмырын темір тордың аржағына тоғыстырған   жасөспірімдерді көргенімде, жүрегім қарс айырылады. Амал нешік, осындай тағдырға мойынұсынған жастарымыз көбейіп келе жатыр. Бұл – қазіргі қоғамның дерті. Балаларым, жаман, лас істерден аулақ болыңдар! Қылмыс жасау – үлкен күнә» – деп  айтатын ақылы бүгінгі менің мақалама тұздық болып отыр.

Кез келген өркениетті мемлекет өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау мен күшейтуді ерекше қамқорлыққа алады. Сол себепті өскелең  ұрпақтың  арасында әртүрлі қылмыстың терең тамырлануы кімді болса да, алаңдатпай қоймайтыны мәлім. Қазіргі қоғамның басты талабы – жасөспірімдерді  жаңа рухта, жаңа көзқараста тәрбиелеу. Сол үшін қаншама тәрбиелік мәні бар іс- шаралар ұйымдастырылып, жастардың жарқын болашағына жол сілтеуде. «Болашақ – жастардың қолында»  деп оларға үлкен сенім артуда. Бірақ, бірақ.. өкініштісі, кейбір жастарымыз бұл жақсылықтарды дұрыс түсінбей, жаман әдеттерге бойларын билетіп, осындай бейбіт  ортада өздерін – өздері қылмыскер атандырып, қоғамға үлкен зиян келтіруде. Бұл, әрине,  арты толмас үлкен өкініш…

Бесіктен белі шықпай жатып, әрбір қадамына селт етпей сергек  қараған жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке  баруына себеп не? Кім кінәлі? Қоршаған  орта ма? Әлде жүре  түзеліп кетер деп  қылмыстық әрекеттер істеген баласының  әрекетіне  немқұрайлы  қарайтын  ата-ана ма? Тізе берсек, жас өскіндердің қатысуымен болған қылмыстар шаш-етектен. Тіпті, бұғанасы бекімеген жас буынның арасында есірткіге елітетіндер де жоқ емес. Оның себептері, әрине көп-ақ. Көп жағдайда ата-анасының баласына уақытты аз бөлуінен және «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық. Аздырар  адам баласын» деп дана Абай атамыз айтқандай, баршылыққа масаттануынан деп ойлаймын. Екіншіден, баланың әлсіздігі: еліктеушілік, біреудің айтқанына сену, көзбен көре тұра сол жаман қасиетке өзін итермелеуі және тағы сол сияқты жағдайлар.

Психологтардың айтуы бойынша,  өтпелі кезеңде жасөспірімдердің басым көпшілігінде күйзеліс белгілері білінеді. Баланың тура жолдан ауытқымай, саналы тұлға болып қалыптасуы үшін осы кезде  ата-ананың беретін тәрбиесі мен ақылы қоғамда үлкен рөл ойнайды. Сондықтан да ата- ана ақылын өміріміздің бағдаршамы етіп ұстансақ, ұтарымыздың  көп болары шындық.

 «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, болашағымыз айқын болсын десек, ең алдымен жастарымыздың тәрбиесін дамытып, сана-сезімін оятуымыз керек. «Бұл жағдайды қалай тоқтатамыз?  Бұл мүмкін емес!»-дейсіз бе? Ғаламда мүмкін емес нәрсе жоқ. Өзгеруді өзіңнен баста! Бос уақытыңды тиімді істерге жұмса, өз ортаңды дұрыс таңдай біл. Өз- өзіңді жақсы көр!  Өзіміз елестетіп көрейікші, есірткі, қылмыс деген пәле мүлдем жоқ, жастарымыз жалынды және табанды, болашағы жарқын!  Қандай                                                керемет өмір! Бәріміз де есірткісіз  ғажайып өмір сүруге міндеттіміз және соған лайықпыз, достарым!

                                         Жазира Баяубаева,

                                         Қызылорда қаласы

                                         Ә.Мүсілімов атындағы

                                         №101 мектеп – лицейінің

                                         8-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<