Қызылордада карантиндік шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторинг топтары былтыр жұмысын бастады. Сол жылы 4 мыңға тарта нысанды аралап, мыңға жуық кемшілік тапты. Көбі халыққа қызмет көрсету орындары мен үй-жайларда анықталған еді. Әкімшілік құқық бұзғандар 44,5 млн теңгеге жуық айыппұл арқалады.
Коронавирус инфекциясының күш алуына байланысты бақылаушы топ саны бүгінде 15-тен 45-ке көбейді. Жыл басталғалы олар 2 мыңға тарта нысанға бас сұғып, 130-дан астам келеңсіз жағдайдың куәсі болды. Бір тоқсанның аяқталғаны кеше, тәртіп бұзғандарға салынған айыппұл көлемі 11,5 млн теңгеден асып түсті.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенованың айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында қызметшілер қорғаныш құралдарын қолдануға құлықсыз, кальян, караоке нысандары келушілер санын шектегісі жоқ. Компьютер клубтары өздеріне қатысты тыйымға көз жұма қарап отыр.
– Ойын-сауық сипатындағы, отбасылық, салтанатты, естелік шараларды өткізуге, үйде, адам көп жиналатын орындарда бас қосуға, мерекелік корпоративтер ұйымдастыруға тыйым салынған. Соған қарамастан жиын-той жалғасып келеді. Жыл басынан бері үйде қыз ұзатып, ұл үйлендірген, тұсаукесер жасап, құда күткен 28 жағдай анықталды. Жүзден көп адамды қонақ қылған кәсіпкерлік нысандарына айыппұл салынды, – дейді Д.Жаңабергенова.
Әлемде, елде «COVID-19» қаупі әлі сейілер емес. Айналып келгенде, кінәлі – өзіміз. «Жұрттан ұят боладымен» ас беріп, той жасаудан тыйылғанымыз шамалы. Сол «ұяттың» бәрімізге кесірі тиіп жатқанын түсінбейміз. Мамандар «маска тақ, үнемі антисептик пайдалан, әлеуметтік арақашықтықты сақта» деді. Бірақ оны құлаққа ілгеніміз ілуде біреу. Қазір әуелгідей қарқын жоқ.
Аурудың асқынуы салдарынан 8 сәуірде Қызылорда «сары аймаққа» айналды. Ендеше, мониторинг топтарына екі есе күш түседі.
– Бірақ біздің мақсат кәсіпкерлік нысандарын, адамдарды жазалау емес. Бәріне түсіндіреміз, ескерту жасаймыз. Баршаңыздан карантин талаптарын сақтауды сұраймыз, – дейді облыстық мониторинг тобының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<